Тегін түрде ұйымдастырылып отырған жоба Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен үшінші мәрте қолға алынып отыр. Жобадағы негізгі ерекшелік – жексенбі күндері кәсіпқой жаттығулар таңертеңгі 10:00-12:00 аралығында болса, кешкісі 17:00-19:00 аралығында өткізіледі. Сонымен бірге «Астаналық» және «Триатлон» саябағында топтық жүгіруден дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 19:30-дан 20:30-ға дейін сабақтар өткізіледі.
Жексенбі күні «Астаналық» саябағында таңертеңгілік жаттығу түріне кроссфит, зумба, йога, топтық жүгіру және бразилиялық джиу-джитсу кіреді. Қазіргі таңда әлемде спорттың кроссфит түрімен айналысушылар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Себебі онда жүгіруден бастап ауыр атлетика, пауэрлифтинг, гимнастика сияқты дене жаттығуларының барлығы қамтылған. Бразилиялық джиу-джитсу өнері жекпе-жек түрі болғандықтан, спорттық кешендерде оған қатысу ақылы түрде болады. Ал саябақтағы сабақтар тегін.
Саябақтағы кешкі бағдарламаға шахмат, дойбы және Street Workout, жүгіру, стритбол сияқты топтық ойындар мен балаларға арналған ойын-сауық түрлері де енгізіліп отыр.
Кроссфит, зумба, йога және бразилиялық джиу-джитсу бағыттарына «Президенттік», «Студенттік» және «Жерұйық» саябақтарына жексенбі күндері таңғы уақытта барып қатыса алады, ал кешкі уақытта «Президенттік» парктен басқа саябақтарда үстел ойындары ойналады.
«Триатлон» паркінде жексенбі сайын таңертең және кешке топтық жаттығулар өтеді.
Бұл қолға алынып отырған Fitness Park Astana жобасы 27 мамырдан 9 қыркүйекке дейін Астана саябақтарында әр жексенбі сайын өткізіледі.
Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ