Аймақтар • 06 Маусым, 2018

Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер кілті табыс етілді

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Шымкент қаласының 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Еламановтар отбасын құттықтап, жас отбасыға 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер кілті табыс етілді

- Елбасы бүкіл дүние жүзінің  қайраткерлер қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын  миллионды қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол азаматша - Еламанова Айсұлу жас отбасының бірінші перзенті. Кішкентай нәресте дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсіп, елдің нағыз патриот азаматшасы болсын!,-деді облыс әкімі.

Ойламаған жерден тұла бойы тұңғыштарының арқасында пәтерлі болған жас ата-ана Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекова қуаныштарымен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді. 

– Бізге ең бірінші азаматтық хал актілерді тіркеу орнынан хабарласты. Олар қызымыздың аты-жөнін, салмағын, куәлігін сұрады. Басында «қызымыз миллионыншы тұрғын бола қоя ма екен?» деп сенбей, онша үміттене қоймадық. Бірақ, кеше әкімдік қызметкерлері біздің қызымызды миллионыншы қала тұрғыны болуымен құттықтады. Шыны керек, сонда не істерімізді білмей абдырап қалдық, -дейді  отағасы Самат Еламанов.  

Айсұлудың анасы Айжан Хамитқызы – Шымкент қаласындағы «Альфа банкте» менеджер болса, әкесі Самат Еламанов  – Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасында жұмыс істейді.

Айта кетелік, бұл пәтерді өңірге белгілі кәсіпкер, қайырымдылығымен танымал болған меценат, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Молдасейітов сыйға тартты.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы