Алғашқы күні мектеп керуені Ұлытау ауданына аялдады. «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы аясында зияткерлік мектеп оқушылары Ұлытау кентінің №1 орта мектебіндегі құрдастарымен кездесті. Жергілікті педагогтарға қарағандылық әріптестері зияткерлік мектептер тәжірибесін тарату бойынша ауқымды бағдарламалар кешенін ұсынды. Онда әдістемелік кеңес беру, шеберлік сағаттар, оқытудың жаңартылған мазмұны мен критериалды бағалау туралы тренингтер болды. Ал Жезқазған қаласындағы №8 орта мектеп-гимназиясына Сәтбаев, Балқаш, Жаңаарқа, Ұлытау кенттері мен басқа да аудандардың мұғалімдері жиналды.
Пән мұғалімдеріне үш тілдік білім беру, білім беруді цифрландыру, критериалды бағалау, жаңартылған мазмұндағы оқулықтар бағытында шеберлік сыныптары өтті. Жүйелік-әдістемелік кешенде жиналған материалдарды жүктеу үшін консультациялық сайттар мен жүктеу бөлімдері жұмыс істеді. Сол күні қарағандылық делегация Қарттар үйіне барып, ардагерлерге концерт ұйымдастырды, кітаптар мен сыйлықтар тарту етті. Үшінші күні орталық алаңда балалардың шығармашылық жұмыстары, яғни керамика, кілем тоқу, кескіндеме, графика және басқа да қолөнер бұйымдары ұсынылған «Шеберлер қаласы» көрмесі ұйымдастырылды. Әжелер ұжымы киіз тоқу бойынша шеберлік-сыныбын әзірледі. «Қара жорға» флешмобы, эковелошеруі, «Жезқазған өңірін дамыту үшін не қажет?» тақырыбындағы TEDx, «Қазақтың жүз әні», «100 кітап», «100 күй» әлеуметтік жобалары қорытындысы бойынша әзірленген жұмыстар таныстырылды.
Мемлекеттік рәміздер күні аясында өтіп, аймақтық «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламалар тізіміне енген «Ұлы дала мұрагерлерінің» эпицентрі қалалық достық үйі болды. Мұнда Назарбаев зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми, әлеуметтік және шығармашылық жобаларының үлкен көрмесі ашылды. Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғаларды көрсеткен Атырау зияткерлік мектебінің көлеңке театры, Талдықорған мектебінің Василий Изосимовтың басшылығындағы хоры, Қарағанды мектебінің домбыра оркестрі, Ұлы Жібек жолының өмірінен хореографиялық қойылымның қатысушылары және басқа да жас таланттар көрермендердің шынайы ықыласына бөленді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Назарбаев зияткерлік мектептерінің десанттары мен «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық есебі Жезқазған өңіріне жоғары көңіл күй сыйлап, рухани сілкініс жасағанын атап өтті.