Аймақтар • 06 Маусым, 2018

Алматыда Кардиологтар қауымдастығының Х Конгресі басталды

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда ДДСҰ-ның бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығына орай, Кардиологтар қауымдастығының Х Конгресі және Қазақстан Республикасы терапевтерінің V Съезі, Түркі әлемі Кардиологтар қауымдастығының IX Конгресі және «Жібек жолы елдері аритмологтар қоғамы» конференциясы бастау алды.

Алматыда Кардиологтар қауымдастығының Х Конгресі басталды

5 маусымнан бастап ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында және «RIXOS» қонақ үйінде шеберлік сабақтары ұйымдастырыла бастады. Төрт күн бойы кардиологиялық және терапиялық қызметті ұйымдастыру мәселелері, жүрек-қантамырлары ауруларын және терапиялық ауруларды дигностикалау, емдеу және профилактика жасауға арналған жаңа тәсілдемелер, сондай-ақ, ДДСҰ-ның бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) жөніндегі Алма-Аталық декларациясының жетістіктері талқыланады. Бүгін Кардиологтар қауымдастығының Х Конгресі аясында алғашқы баспасөз мәслихаты өтті.

Қалыптасқан дәстүрге сай Еуропа кардиологтары қоғамымен және Еуропаның жүрек қызметі жетіспеушілігі жөніндегі қауымдастығымен бірлескен сессия өтеді. Конгресс аясында Жібек жолы елдерінің Жүрек ырғағы қоғамымен бірлескен сессиясы мен Еуропа кардиологтары қоғамының Тромбоздар жөніндегі жұмыс тобымен бірлескен отырысы өтеді.

Форум жұмысына алыс және таяу шетелден ғалымдар, еліміздің бүкіл өңірлеріндегі денсаулық сақтау жүйесінің басшылары, бас мамандар, кардиологтар, аритмологтар, интервенциялық кардиологтар және кардиохирургтар қтатысады. Жас ғалымдар мектебі өткізіліп, оның артынша байқау ұйымдастырылады.

 Форум соңында денсаулық сақтау жүйесіндегі басты мәселелерді қамтып, Қазақстан Республикасындағы кардиологиялық қызметті жетілдіру жолдарын белгілейтін қарар қабылданады деп жоспарланған.

Конгресс кезінде дәрі-дәрмектер, диагностикалық емдеу жабдықтары, заманауи ақпараттық технологиялар және мамандандырылған медициналық басылымдар көрмесі өтеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ