Медицина • 07 Маусым, 2018

Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу керек

568 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Мекемелерде іс қағаздары қазақшаланбай, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне жете алмайды». Бұл – бүгінгінің ұраны. Ал осыдан ғасыр бұрын, яғни «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №105 санында жарық көрген М.Шамилдің «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» деген мақала не дейді?  

Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу керек

Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да газет бетінде қозғап едік. Бұл мәселе туралы Қазақстанның әрбір советтер жиылысында да һәм биылғы болып өткен жалпы ресейлік коммунистер партиясының 12-ші жиылысында да көп сөйленіп: «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс сол жерлікті-көпшілікті халықтың тілінде жүрсін» деп қарар шығарған.

Ал екінші түрмен мұны былай деп айтқан:

«Бұрынғы патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жерле­ріндегі мекемелердің істері де сол уақ халықтардың ана тілінде жүрсін» деген.

Бұлай қылудан не пайда бар екенін һәм пайда болса, ол пайда кімге болатынын көп бажайлап айтпаса да, әркімнің өзі-ақ білер. Сонда да қысқаша айтып өтейік. Автономиялы уақ халықтардың кеңселерінде іс сол халықтың өз тілінде жүрсе, ол халықтың жалпы еңбекшіл, бұрынғы патша заманында патшаның жасауылдарының тізесін, ызғарын көріп қалған қалың надан бұқарасы өзге халықтардың бұқараларымен теңелгенін іс жүзінде көреді. Үкіметтің істеген істеріне түсінетін болып, тәртіп, заң, жол-жобалармен танысып, үкімет істеріне өздері де қатынасатын болады. Бұрын кемдікте жүріп, қараңғылықта надан болып артта қалған, езіліп, басы қаңғырып, тозып бара жатқан Ресейдегі қалың уақ халықтардың сансыз еңбекшілдері теңелгенін көріп, сілкініп, көзі ашылып, совет үкіметінің құрылысы һәм шаруашылық түзету істеріне кіріссе, революцияның бекініп, ілгері басу ісіне кіріскен болады.

Олай болғанда бұл кеңселерде істі жерлікті, көпшілікті халықтың ана тілінде жүргізуден сол халықтың жалпы еңбекшіл табына да – пайда һәм революцияға да – пайда.

Міне, мұны біліп отырып, бұл іске шындап жәрдем қылмаған кісі не ешнәрсеге түсінбейтін адам, не еңбекшіл табына һәм революцияға шын дос емес адам.

 Қазақстанда еңбекші табына қызмет қылам, революцияға қызмет қылам деген адам қай ұлттан болса да бұл іске аз болса да қолынан келетін қызметін шындап көрсетіп қалуы керек.

Қазақстанда қазағы көп жерлерде, қазақтан басқа халықтардан бір де адам жоқ жерлерде, мәселен, қырдағы болостар да, болосной исполкомдар да, ауылнай, аудандық сот һәм милиция мекемелерінде кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілуге қазір Қазақстан үкіметі кірісіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның ішкі істерін басқарып тұратын комиссариаты һәм сот істерін басқарып тұратын комиссариаты күллі Қазақстанға жарлықтарын жібермек болып жатыр.

Қазақстанның ішкі істерін басқарып тұратын комиссариатының атынан Қазақстанның hәр губернияларына кісілер жүріп жатыр.

Бұл жүріп жатқан кісілер Орынбордағы жұмыс­керлер факультетінде оқып жүрген қазақ еңбекшілерінің балалары.

Бұлар hәр оязға барып, елге шығып, алдымен болыстық исполкомдардың кеңселерінің істерін қазақшаға аудармақ. Істі қалай жүргізуін үйретпек, жөнге салмақ, нұсқаулар көрсетпек.

Бұл оңай іс емес, үлкен ауыр іс, үлкен жауапты іс. Бірақ қанша қиын болса да бұл тапсырылған істі мойындарына алған соң, жұмыскерлер факультетінің бұл бара жатқан жігіттері көңіл­дегідей орындар деген сеніміміз зор.

Енді бұл істің бір қиын жері – қазақша хат білетіндерден кеңсе істерін тура нұсқамен дұрыс жүргізетін кісілер аз.

Қазіргі бұл іске шындап кіріскенде әр губер­нияның істейтін істері қазақша хатшылық курс­тарын ашып, қырға, болыстарға хатшы боларлық кісілер даярлау. Бұған бар күшті жинап, аямай кірісу керек.

Және қандай болса да әрбір ашылған курста қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу тақырыпты нұсқалар көрсететін болу керек. Кеңсе жүргізу істеріне орысша хат білмейтін болса да қазақша хат білетін қазақ жігіттерін таныстыру қажет.

Сот курстарында оқитын болсын, милиция курстарында оқитын болсын, қазына, азық-түлік, мұғалім курстарында оқитын баршалары да кеңсе істерін жүргізу нұсқаларын білуі керек.

Өйткені осы айтқан мекемелердің ел арасындағы бұтақтарының бәрінде істі қазақ тілінде жүргізетін болады. Қайда оқып жүрсе де, қазақ жігіттерінің бәрі де кеңсе істерін жүргізуін білулері қажет.

 Қазағы көп жерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ретінде ел аралаған, қала аралаған қызмет­керлердің бәрі де жәрдем қылып, жол көрсетіп, бұл мәселенің орындалуын тексеріп отыруы керек.

Міне, сөйтіп жұмылып жалпы кіріссе ғана бұл істен көңілдегідей жеміс шығады.

Кеңселерде қызмет істері қазақша жүргенде ғана бұл күнге шейін қадірсіз болып келген, қазақша хат білетін адамдардың бағалары артады. Жұрт оқуға ынталырақ болып кіріседі.

Бұл – Қазақстанның жалпы еңбекшілдерінің алдағы бір тығыз керекті ісі.

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Судан да сақтану керек

Қоғам • Бүгін, 22:35

Керек дерек

Digital • Бүгін, 09:50

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

Экономика • Бүгін, 09:50

«Мен – Отан қорғаушымын!»

Байқау • Бүгін, 09:40