Елордалықтар теріскей халқына астаналық театрлардың қойылымдарын, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерт және елімізге танымал суретшілердің картиналары қойылған көрмені ұсынып отыр.
«Алтыбақан», «Құзғынның тауы», «Хан-балық», «Көшпенді», «Той керуені», «Қазына» секілді елімізге белгілі қазақстандық суретшілердің жұмыстарын Погодин атындағы орыс дарма театрының фойесінде орналасқан көрмеден кездестіруге болады. Тәуелсіздік сарайының көрме ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Айнұр Әбілқайырованың айтуынша «Ақ тілекпен Астана! көрмесіне елордадан жүз шақты картина әкелінген. Қай-қайсысы болсын Арқа төсінде қоныс тепкен Астана жайлы ғажайып сырлар шертеді.
Алғашқы күні кішкентай көрермендерге қуыршақ театырының қойылымдары ұсынылды. Бұдан бөлек солтүстікқазақстандықтар елордалық театрлардың қойылымдары мен эстрада жұлдыздарының концертін тамашалай алады. «Бүгін «Қорқыт» музыкалық , «Шалқыма» халықтық би топтарының, мемлекеттік филармония биші-әншілерінің қатысуымен гала-концерт, орталық алаңда «Open Air» атты жастарға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады», дейді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»