Футбол • 08 Маусым, 2018

Әлем чемпионаты-2018. Кімге қанша қаражат беріледі?

629 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем чемпионаты 2018 жылғы ең маңызды спорттық жарыс екені айдан анық. Дүниенің ең мықты деген командалары алтын кубокке таласады. Алайда көптеген команданың ойында кубоктан бөлек ақшалай берілетін сыйақы тұратыны тағы белгілі. Тура Олимпия ойындарындағыдай әр елдің федерациялары өз командаларына сыйақы да тағайындап отыр. Оның үстіне ФИФА-ның беретін ресми бонусы тағы бар. Үстеме қаржы қанша миллион және чемпион қандай мөлшерде қаражат алады?

Әлем чемпионаты-2018. Кімге қанша қаражат беріледі?

ФИФА командаларға арналған қаражатты 5 біріншілік бойы көтермелеп келеді. 2002 жылы 154, 2006 жылы 262 миллион доллар бөлсе, 2010 жылы тіпті ойыншылары мундиальға қатысқаны үшін клубтарға да сыйақы беретін болды. Сонымен ОАР-да 420, Бразилияда сыйақы көлемі 564 мил­лион долларға дейін көбейді. Ал би­ыл­­ғы бірін­ші­лік­ке Халықаралық футбол қау­ымдастығы 791 миллион доллар тағай­ын­дап отыр. Оның 209 миллионы клуб­тарға, 134 миллионы футболшысы жа­ра­­қат алған клубтарға, қалған 48 милли­он жа­рысқа жолдама алған 32 құрамаға 1,5 мил­­ли­оннан бөлініп беріледі. Ал топтық ке­зең­ге қатысқаны үшін барлық командаға 8 мил­ли­оннан қарастырылған. Сонда Ресейдегі чем­пи­онатқа қатысқан барлық команда кем деген­де 9,5 миллион доллар алып қайтады. Ал егер команда өз тобынан плей-оффқа шықса он­да тағы да үстеме 4 миллион қосылады. Ширек финалға өткендерге тағы да 4 миллионнан. Жалпы сомада Әлем чемпионы болған құрама команда 38 миллион доллар алады.

Жолдама     –     1,5 миллион
Топтық кезең     –     8 миллион
1/8 финал     –     12 миллион
¼ финал     –     16 миллион
4-орын     –     22 миллион
3-орын     –     24 миллион
2-орын     –     28 миллион
Чемпион     –     38 миллион

Ресей

Әлем чемпионатын қабылдап жатқан Ресей құрамасы бұл үстеме қаржыдан бөлек мемлекет тарапынан да сыйақы алады. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Яғни Ресей футболшылары топтан шықса 300 миллион рубль, финалға өтсе 1,2 млрд рубль, ал жеңімпаз болса 
2 млрд рубль алады. Футбол федерациясының президенті Александр Алаев Ресей құрамасы чемпионатқа қатысқаны үшін алатын 9,5 миллион доллар құраманың оқу-жаттығу жиындары мен жолдастық кездесулеріне жұмсалады деп мәлімдеді. Ал егер құрама команда өз тобынан шығып тағы 4 миллион долларды еншілейтін болса, онда осы сома командаға теңдей бөлініп берілетінін жеткізді. 

Англия

Англия құрама командасы да мемлекет тарапынан сый күтеді. «The Sun» басылымының мәлімдеуінше, егер Англия чемпион болатын болса 5 миллион фунт стерлинг көлемінде сыйлық алады. Ол ақша команда мүшелеріне 200 мыңнан бөлінетін болады. Британиялықтар чемпионаттың фавориттері қатарында жоқ және чемпион болмағанына жарты ғасыр уақыт өткен. 

Германия

Неміс футбол қауымдастығы құрамасы чемпиондық атақты қорғап қалса, 8 миллион еуро көлемінде қаржы беретін болды. Сонда жалпылама алғанда чемпион атанған әрбір ойыншы – 350 мың еуро, күміспен күптелсе – 200, қола медаль иеленсе 150 мың еуродан алады. 

Испания

Испаниялық AS газеті де құрама қанша қаржы алу мүмкін екендігін жариялады. Испаниялық футболшылар плей-оффқа шыққаны үшін ешқандай да үстеме алмайды. Егер команда ширек финалға шықса онда әр футболшы 30 мың еуро, жартылай финалда ойнаса 60 мың еуро, екінші орын алса 90 мың еуро, чемпион болса 125 мың еуродан иемденеді. Сонымен қатар испаниялықтар чемпион болса 90 мың еуро тұратын Patek Philippe Nautilus фирмасының сағаттарын қолдарына тағады. 

Франция

2016 жылы өз жерінде Еуро додасын өткізген кезде Франция құрамасының әр ойыншысы чемпион атанған жағдайда 300 мың еуродан алар еді. Бірақ бұл сомаға француздар сәл ғана жетпей қалды. Енді осы үстеме Әлем чемпионатына ауысты. Үстіне тағы 100 мың қосылды. Енді Дидье Дешам шәкірттері Ресей жерінде атой салып, чемпион атанар болса 400 мың еуродан алады. 

Бельгия

Бельгия құрамасы осы біріншіліктің жасырын фавориті. Көптеген мамандар осы ұжым чемпион атанып кетуі мүмкін деп болжап отыр. Футболшылардың да чемпион атануға деген құлшынысы зор. Әрине әр футболшыға 600 мың еуро сыйақы тағайындалған соң, кім қарап қалсын?! Негізі, Еуро додасы кезінде бұл сома 1 миллион болатын. 

Бразилия

Осы әлем чемпионатына қатысқалы отырған құрамалардың ішінде Бразилияның сыйақысы ең көп команда. Бразилиялықтар алтыншы мәрте Әлем чемпионы атанар болса, онда әр футболшы 1 миллион доллардан алатын болады. Тіпті, үшінші қақпашы да!

Нигерия

2014 жылғы чемпионатта Нигерия құрамасы уәде етілген сыйақымызды алмадық деп жаттығуға шықпай қойып еді. Мұндай келеңсіз оқиға қайталанбас үшін Нигерия футбол федерациясының президенті Аммаджу Пинник футболшыларға 2,8 миллион еуро көлеміндегі ақшаны теңдей бөліп бердік деп мәлімдеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше