Медицина • 08 Маусым, 2018

Ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қатысуымен «Менингококк инфекциясының ахуалы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде

Жиын барысында ол әлеуметтік желі­дегі желдей ескен кейбір ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын алға тартып, осы ретте денсаулық сақтау саласының мамандары сенімді мәліметтерді беріп отыратынын тілге тиек етті.

«Бүгінгі мағлұматтар бойынша менингококк инфекциясының ахуалы төмендеді. Он жетінші аптадағы жағдай анағұрлым асқынып, бір аптаның өзінде республика бойынша 15 жағдай тіркелсе, Алматы қаласында 13 жағдай орын алса, қазіргі таңда оның барлығы артта қалды. Себебі бәрімізді қуантатын жағ­дай Алматы қаласында осы төрт тәу­ліктің ішінде менингококк инфекциясын жұқтырған адам тіркелмеген. Сонымен қатар қазір республика бойын­ша 24 адам, Алматы қаласы бойынша 12 адам емделу үстінде екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ 3 бала жансақтау бөлі­мін­де, олардың 1-і Алматы облысында, 2-і Астана қаласында. Ал Алматы қа­ла­сында жансақтау бөлімінде жатқан науқас жоқ. Және де тұрғындар үшін дер кезінде керекті ақпарат беру үшін біз облыс орталықтарындағы денсаулық сақтау саласына қарасты бірыңғай байланыс орындарынан тікелей жедел желі жұмысын іске қостық. Тек қана бір тәу­лік­тің ішінде менингококк инфекция­сы­нан емделу, сақтану жолдарын сұрап тұр­ғындар тарапынан 4500-дей, ал тіке­лей жедел желі жұмысын бастағалы 8000-дай телефон қоңырауы келіп түсті. Осыдан-ақ тұрғындардың сақтық шараларына мән бере бастағанын байқауға бо­лады. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, 5-6 маусым күндері Алматы қала­сының инфекциялық ауруханасына 300-дей адам келіп, дәрігерлерден алдын алу шаралары туралы мәліметтер алды. Олар­дың ешбірінде инфекция белгілері табылмады», деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Сонымен қатар ол лабораториялық зерттеулер нәтижесіне де тоқталып өтті.

«Біз лабораториялық зерттеулер жасай келе, менингококк инфекциясының 3 сиротипін анықтадық. Жалпы, 27 аурудан алған қоздырғыштарды зерттеп, 17-нен А сиротипі, 9-да Б сиротипі, 1-інде ғана С сиротипі анықталды», деді Ж.Бекшин.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»