5-7 маусымда Ватиканда және Италияда сапарда болған Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді.
Қ.Тоқаев әуелі Ватиканда Киелі Тақтың Мемлекеттік хатшысы Пьетро Паролинмен кездесіп, халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 26 жылда жоғары деңгейдегі өзара толық түсіністік пен сенімге негізделген сындарлы ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті. Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің 2001 жылы Астанаға сапары тарихи оқиға болды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл сапар қазақстандықтардың әлі есінде, көптеген ұлттар мен конфессиялардың, оның ішінде католик дінінің өкілдері үшін туған жеріне айналған біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатына жоғары баға ретінде санайды.
Жер аумағы алақандай ғана (0,44 км2) болғанымен, әлемдік қауымдастықта Ватикан қала-мемлекетінің және қолына заң шығару, атқару, сот төрелігі сияқты өз еліндегі барлық билікті шоғырланған Рим Папасының халықаралық беделі жоғары. 1984 жылы италиялықтарға дін еркіндігі берілді. Олардың ішінде әлем бойынша Рим Папасының саясатын жүргізетін 1,7 миллион дін қызметкері, 0,4 миллион священник, екі мыңнан аса монастырь бар. Бұған қоса Ватикан әлемдік қауымдастықта кәсіподақ, жастар, әйелдер, басқа да діни емес ұйымдар арасында да үлкен беделге ие. Оның сыртында Ватикан басшылығы қарулы қақтығыстар, жұмыссыздық, кедейшілікпен, аштықпен күрес, тағы да басқа әлемдегі шешуі аса күрделі мәселелерге үнемі араласып отырады және әлемдік қауымдастық олардың пікіріне құлақ асады. Бұл қызметтеріне кететін шығынды олар өз есептерінен төлейді. Ватикан алтын қоры 13 миллиард долларды құрайтын, дүние жүзіндегі аса бай мемлекеттердің бірі саналады. Осы айтылған ерекшеліктер бұл елдің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін еселей түседі.
Әлем қауымдастығы Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында тек Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін екіжақты қатынастардағы ерекше тарихи оқиға ретінде қабылдады. Тиісінше, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та Ватиканға достық пен түсіністікке негізделген қарымта сапарлармен барып, Астана мен Ватикан арасындағы мемлекетаралық қатынастардың серпінді дамуына негіз салды. Осы ынтымаққа негізделген байланыстарды атап өткен Қ.Тоқаев, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды жалғастыруға екі мемлекеттің ұстанымдарының жақындығын айта келіп, биылғы 10-11 қазанда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI кезекті съезі өтетінін жеткізді және Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Рим Папасы Францискке арналған алдағы форумға қатысуға шақыруын Ватиканның Мемлекеттік хатшысы, кардинал Пьетро Паролинге табыс етті.
Қазақстан астанасына келуге және Съезге қатысуға шақыру кардинал Пьетро Паролинге де берілді.
Сондай-ақ кездесу барысында Парламент Сенатының Төрағасы Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысқаны үшін Киелі Таққа алғысын білдірді. Халықаралық көрмеде «Жалпы игілікке арналған энергия: ортақ үйімізге қамқор» тұжырымдамасымен қатысқан Ватикан энергия мен тіршіліктің жасампаздығын паш ете отырып, жаһандық энергияны адамзат игілігі мен бейбітшілік ісіне пайдалануға, сондай-ақ энергия көздері баршаға қолжетімді болуы үшін барлық діндерді ынтымақтастыққа шақырған болатын. Ватикан павильоны қазіргі кездегі өзекті мәселелер мен барша адамзаттың болашағы үшін табиғат үйлесімі маңызды екеніне католик шіркеуі баса назар аударып отырғанын көрсетті.
Өз кезегінде Пьетро Паролин Киелі Тақты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI съезіне шақырғаны үшін алғыс айтты. Ол форум әлемге кеңінен танымал бола бастағанын атап өте келіп, Ватикан алдағы уақытта да барлық діни наным-сенімді ұстанушылар арасында бейбітшілік пен келісімді орнықтыру жөніндегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамаларына қолдау білдіруді жалғастыра беретінін нақтылады.
Қазақстан Сенатының басшысы сол күні Италия Сенатының Төрағасы Мария Элизабетта Альберти-Казеллатимен келіссөз жүргізді.
Қ.Тоқаев дипломатиялық қатынастар орнаған 26 жылда Қазақстан мен Италия екіжақты ынтымақтастықты дамытуда жоғары табыстарға жеткенін атап өтті. Италия біздің еліміздің үшінші сауда әріптесіне айналды, өзара сауда айналымының көлемі 10 миллиард долларға жетті, 2006 жылдан бері 10 жылда италиялық тікелей инвестициялар көлемі 6 миллиард долларды құрады.
Кездесу барысында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне және Жібек жолының жаңа тұжырымдамасын іске асыруда біздің еліміздің негізгі рөліне баса назар аударылды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Италия бір-бірінен алшақ орналасса да көліктердің дамуының арқасында екі ел жақын әріптес бола алады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қарқынды парламентаралық байланыстарды жалғастыруға уағдаластыққа қол жетті. М.Э.Альберти-Казеллати Қазақстанға сапарлап келуге шақыруды қабыл алды.
Жалпы, Рим Қазақстанмен өзінің ынтымақтастығына стратегиялық маңыз береді. Бұл екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың арта түсуіне себепші болып отыр. Мәселен, Италия мұнайға деген сұранысын Каспий аймағы арқылы шешуге ұмтылады. Сауда-саттықта Қазақстаннан мұнай, табиғи газ, асыл металдар, мұнай өңдеу өнімдері, мыс, мырыш, басқа да түсті металдар мен одан жасалған бұйымдар, қара металдар, мақта, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, машинаға қатысты құрал-жабдықтар экспортталса, Италиядан киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз, жабдықтар, тамақ өнеркәсіп тауарлары, көлік, химия және фармацевтік өнімдері әкелінеді.
Экономикалық байланыстар мен сауда-саттық көлемі жыл санап өсіп келеді.
Сенат Төрағасы кездесу барысында толымды экономикалық байланыстар туралы айта келіп, Қазақстан 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 9,6 миллиард АҚШ долларын құраған Италияны сауда әріптестері арасында Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші маңызды әріптесі ретінде танитынын айтты және болашақта екі ел арасындағы тиімді байланыстар одан әрі қарқынды дами беретініне үмітті екенін жеткізді.
Әділбек Қаба