Аймақтар • 08 Маусым, 2018

Оралда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

982 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында автокөлік жүргізушілерге арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұған дейін еліміздің облыс орталықтарында дәл осындай 14 мекеме ашылған екен.  

Оралда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Енді оралдықтар автомобиль көлігін тіркеу, жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметтерді осы жерден ала алады.
Орталықтың ашылу салтанатына «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік кор­­по­рациясының басқарма төра­ғасы Абылайхан Оспанов және облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Азаматтар 90 минуттың ішінде көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігіне 2 сағат­тың ішінде қол жеткізе алады. Құжаттардың осындай қыс­қа мерзімде жасалуы бизнес-процестердің авто­маттан­дырылып, бір кешен аумағындағы қызметтердің ұсы­нылуының арқасында мүмкін болып отыр. Комис­сия тексерісінен де осы ғима­раттан шықпай-ақ өтуге болады, психиатр, нарколог сияқты мамандардың арнайы кабинеттері де қарас­тырылған, деді А.Ос­панов.

Бұл жерде жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті қызмет түгел жинақталған. Мысалы, келуші теориялық емтиханды тапсыру сыныбында тестілеуден өтеді. Жүргізуші куәлігін алуға ар­­налған практикалық сы­нақты үміткерлер арнайы автоматтандырылған автодромда тапсырады. Жүргізуші қашықтықты өздігінше өтеді, ал электронды жүйе емтихан тапсырушының бағасын автоматты түрде шығарады. Бағдарламада 12 жаттығу бар. Сынақтан өткен адамның құжаты бірден жүргізуші куәлігін дайындау бөлмесіне жіберіледі. «Бұл емтихан тап­сыру кезіндегі «адамдық факторды» және сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін толы­ғымен жоққа шығарады» дей­ді А.Оспанов. 

– Бұл орталықтың бас­ты ерекшелігі – автокөлік иелері үшін құжаттарын реттеуге барлық жағдай бар. Электронды кезек, төлем кассалары, медициналық тек­серуден өту бөлмесі, авто­сақтандыру, тағы басқа құ­жат­тар бір шаңырақта жасалады. Орталық таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін үзіліссіз істейді. Бұл қызметтердің бекітілген регламенттері бар, ол бұзылған жағдайда қатаң шара қолданылатын болады. Жаңа ғимараттың ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Мұнда азаматтардың құжат­тарын қабылдауға арнал­ған 15 жұмыс орны бар. Со­нымен қатар көлік салы­ғын және жол жүру ереже­лерін бұзған автокөлік ие­лері айыппұлдарын «Connectionpoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторында онлайн төлей алады, дейді «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай. 

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, бұл ғимараттың құрылысына 1 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. 
– Болашақта бұл жерде аумағы 12 гектар болатын көліктік-логистикалық орталық құрылады, дейді шаһар басшысы. 

Айта кету керек, бұрын көлік құжаттарын тіркеп, жүргізуші куәлігін беретін орын тар ғимаратта болды. Көлік құжаттарын реттеу бір­неше күнге созылатын. Ен­ді облыстың кез келген тұр­ғыны осы жерде бірер сағаттың ішінде куәлік алып, көлік тіркетіп кете береді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры М.Жұманбайдың айтуынша, 2018 жылдың алғашқы 4 айын-

да Қазақстанның ма­ман­дандырылған ха­лық­қа қызмет көрсету ор­та­лықтарында 161 780 жүр­гі­зуші куәлігі беріліп, 592 346 автокөлік тіркелген екен. Ал Батыс Қазақстан облысы аумағында 194 940 көлік құ­ралы тіркелген, оның 102 560-ы Орал қаласында. Жыл сайын жаңадан тіркелген көлік саны көбейе түсуде, мысалы, Орал қаласында 2017 жылы – 31 945 көлік, би­ыл­ғы 5 айда 13 428 көлік тір­­­келген. Ал 2017 жылы 22 143 жүргізуші куәлігі беріл­ген болса, биыл 5 айда 10 645 куәлік берілді. Жаңа орта­лық күніне 250 қызметке дейін, ал айына 6 мың қызмет көр­сетуді жоспарлап отыр. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы