Іші қанық та тартымды көріністерге толған фотоальбомның бірінші данасын сыйлық ретінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов қабылдап алғандығын айта кету керек. Фотоальбомның маңыздылығын әкімнің орынбасары былайша тұжырымдады: «Қазіргі кезде, Ақмола облысы әкімдігі тарапынан «Four Seаsоns» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Аталмыш фотоальбом курортты аймаққа туристерді ғана емес, шетелдік, отандық инвесторларды тартуға да септігін тигізеді». Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова Бурабай табиғатының бірегейлігін және өзіндік ерекшеліктерін әлемге әйгілеу үшін фотоальбом шығаруды ұйғарғандықтарын айтты.
«Мемлекет басшысы осы өңірде болған кезде оның сұлулығына әрдайым тамсанып қана қоймай, терең тарихына да ой жүгіртеді. Өйткені Бурабай Абылай ханмен тығыз байланысты тарихқа ие. Оның үстіне өңір кейбір аңыздарымен де өзіне тартымды етіп келеді. Олай болса жаңа фотоальбом арқылы отандық және шетелдік туристердің назарын Қазақстанның інжу-маржанына аудара аламыз деген сенімдеміз», деді директор кеңесшісі ағынан жарылып.
Атқарушы директор кеңесшісінің сөзіне қарағанда, Мадридте БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік Туристік ұйымның ғимаратында фотоальбом көрмесін тамашалаған іргелі ұйымның қызметкерлері сұлу да бірегей картиналарды ұнатқандары соншалық, олар елордаға міндетті түрде келуді жоспарлап отырған көрінеді. Сонау Испаниядан мотоциклдерімен шығып, араға 20 күн салып Астанаға жетпек ниеттерімен бөлісіпті. Тіпті Қазақстанға жасалатын сапарлары туралы кітап та шығармақ екен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы