Аймақтар • 08 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақстан Қытайға соя экспорттауды жоспарлап отыр

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күздің алғашқы айларында Солтүстік Қазақстан өңірінен Қытайға соя бұршақтарының алғашқы 100 тоннасы экспортталады.

Солтүстік Қазақстан Қытайға соя экспорттауды жоспарлап отыр

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен  аспанасты елінің  мемлекеттік азық-түлік басқармасы басшысының орынбасары Цзэн Лиин арасында өткен кездесуде инвестициялық әріптестік әлеуетінің жайы талқыланып,  бірлескен кәсіпорындар құруға уағдаласты.

«Өңірде Қазақстан бидайының 30, майлы дақылдың 40, сүттің 10, құс етінің  12 пайызы өндіріледі.  Өзгелермен салыстырғандағы баға қолжетімді. Екі ел үшін шикізат жеткізу саласы да маңызды рөл атқарады. Себебі, Қытайдан  кәрі құрлыққа жіберілетін жүктің 60 пайызы біздің өңір арқылы өтеді», деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.

Цзэн Лиин облыстың табиғат сұлулығына, егістік алқаптарының құнарлылығына таң қалғанын жасырмады. Сіздерде дақылдың барлық түрі өседі екен. Қытайда сояға  сұраныс өте жоғары.  Жылына  95 миллион тоннасын тұтынамыз.  Аргентина мен Бразилиядан  сатып алуға мәжбүрміз. Қазақстанмен әріптестік байланыс орнату екі тарапқа да тиімді болар еді. Себебі, соя бұршақтары өте қымбат. Логистикалық шығындарды есептемегенде оның бір тоннасы шамамен 450 доллар тұрады, деді  ол.

Қ. Ақсақалов бұл дақылға мемлекет квотасының жоқтығына қарамастан ұсыныс пен сұраныс  жете ескерілетінін жеткізді.  Биыл сынама ретінде соя бұршақтарының алғашқы партиясы жөнелтілмек.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».