Жұмыс сапары барысында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары тексеріліп, облыстың жұртшылығымен, активімен және кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіледі.
Премьер-Министр Жаңаөзенде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауы аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ жаңа өндірістік базасының мысалында ірі өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру барысымен танысады.
Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына енгізілген «Өзен Жылу» МКК шағын–ЖЭО нысанында турбиналық қондырғының жұмыс істеуі және алдағы жылу беру маусымына қазандықтың даярлығы тексеріледі.
Политехникалық колледжді аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа білім беру жүйесін цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалады. Осында қала жұртшылығымен және активімен әлеуметтік-экономикалық даму, Жаңаөзенді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, кәсіпкерлікті, цифрландыруды кеңейту және одан әрі дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізіледі.
ҚР Премьер-Министрі облыс орталығында «Шлюмберже» компаниясының өндірістік базасын және «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауытын технологиялық жаңғырту және цифрландыру аясында жаңа өндірістік және сервистік мүмкіндіктермен танысады.
Ақтауға жұмыс сапарының бағдарламасында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысу жоспарланған. Мұнда ШОБ дамытуға бағытталған «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету сапасына, және кәсіпкерлік қызмет туралы жаңа заңды іске асыруға дайындық мәселелеріне баса назар аударылады.
Маңғыстау облысының әкімдігінде Бақытжан Сағынтаев облыс активімен және бизнес өкілдерімен өңірді дамытудың өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізеді. Күн тәртібінде — технологиялық жаңғырту, цифрландыру, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды даярлау, еңбек ресурстарын басқару және бизнесті дамыту мәселелері.
Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге жұмыс сапарларын жалғастыруда. Бұған дейін Премьер-Министр Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарына жұмыс сапарларымен барып қайтты.