Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты кітабының тұсаукесері өтті

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы, Ресей және Қазақстанның Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, елші-дипломат Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты үш бөлімнен тұратын кітабының тұсаукесері өтті.

Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты кітабының тұсаукесері өтті

Жиынды ашқан «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі аталған кітаптың жаһанданған әлемнің геосаяси келбетін айшықтайтын туынды екенін, жастарға бағыт берер шамшырақ іспетті тағылымды еңбек екенін атап өтті.

Қалың оқырманға арналған кітапқа автордың егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын көрсететін сараптамалық мақалалары топтастырылған. Бұл ретте сөз алған елші-дипломат Әділ Ахметов әлемдік дипломатия мен халықаралық қатынастардың бүгінгі болмыс-бітімі жайында тереңінен сарапталған туындыны ел игілігіне арнап отырғанын тілге тиек етті. «Жинаққа енген мақалалардың 99 пайызы әр жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген. Оларды жаһандық геосаясаттың бүгінгі-болмыс бітімі, ондағы Қазақстанның дара жолы және мұсылман әлемі деп үшке бөлдім. Кітапта қазіргі құбылмалы геосаясат, көш басында тұрған Американың жағдайы, Қытай мен Еуропа, Сингапурдың жағдайы туралы пайымдамалар бар. Саясат сұңғылалары – Збигнев Бжезинский, Генри Киссинджер, Джозеф Стиглиц, Джереми Рифкин ғұламалардың кітаптарын сүзіп шығып, соның синтезін өз елімізге пайдасы тиер-ау деген мақсатпен топтастырдым», - деді Әділ Ахметов жаңа кітаптың таныстырылымында.

«Ғасыр ғибраты» кітабының электронды нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына орналастырылған.

Әділ Құрманжанұлы Ахметов 1941 жылы Алматы облысы Нарынқол селосында дүниеге келген. 1963 жылы Алматы шет тілдері институтын ағылшын және қазақ тілі мамандығы бойынша бітірген. Кейінірек, осы институтта оқытушы, аға оқытушы, декан, проректор, ректор қызметтерін атқарған.  Одан бөлек, Әділ Ахметов ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (1999-2000), Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2000-2001) болған. 2001 жылы Қазақ-Британ техникалық университетін құрды. 2007-2013 жылдары Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитет хатшысы және ЕҚЫҰ сол кездегі төрағасының Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі болды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше