Үкімет • 08 Маусым, 2018

Үкімет басшысы «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Ақтауда «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету (КҚКО) орталығына барды. Онда Үкімет басшысы кәсіпкерлік туралы жаңа заң аясында қызмет көрсетуге дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Үкімет басшысы «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты

Сапар барысында Премьер-Министрге тіркеу бөлімі, операциялық зал, жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді оқытуға арналған конференция залдары көрсетіліп, «Атамекен» шағын қаржы ұйымы мен «Бастау-Бизнес» мектебінің қызметі таныстырылды.

КҚКО-да барлығы 72 адам жұмыс істейді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Н. Қарасаев Орталықтың қызметі және жергілікті бизнесмендерді қолдау шаралары туралы айтып берді. Облыста «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанында 2 КҚКО жұмыс істейді. Олар Ақтау және Жаңаөзен қалаларында. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарында КҚКО қызметкерлері бар.

2017 жылы барлығы 22 мыңға жуық қызмет көрсетілген, осы жылдың 5 айында - 9 мыңнан астам қызмет ұсынылған. КҚКО келесі бағыттарда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсететінін атап өткен жөн: сервистік және консалтингтік қызметтер, кәсіпкерлік негіздері мен «Жаңа серпін» жұмыс кәсіптеріне оқыту, инвестициялық жобаларды, ХҚКО қызметтерін, салық төлеуші терминалын сүйемелдеу. Сонымен қатар мұнда коммуналдық қызметтерге қосылуға өтінімдер цифрлық форматта қабылданады.

Н. Қарасаев сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы КҚКО аумағында «Бастау - Бизнес» жобасы бойынша оқыту жүргізілетінін баяндады. 2017 жылы жобаға өз ісін жаңа бастаған 930 бизнесмен қатысқан. 2018 жылғы бес айдың ішінде кәсіпкерлік негіздеріне ниет білдірген 292 адам оқытылды.