Қазақстан • 09 Маусым, 2018

Биыл Қазақстанда менингококк инфекциясын жұқтырудың 60 жағдайы тіркелді

730 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері менингококк инфекциясы індетіне қатысты жағдай туралы баяндады.

Биыл Қазақстанда менингококк инфекциясын жұқтырудың 60 жағдайы тіркелді

2018 жылдың басынан бері Қазақстанда менингококк инфекциясын жұқтырудың 60 жағдайы тіркелді. Оларың арасында 14 жасқа дейінгі балалар бойынша 21 жағдай тіркелген. 13 бала көз жұмды, Алматыда - 6, Алматы облысында 4, Оңтүстік Қазақстан облысында- 2, Қызылорда облысында1 жағдай тіркелді.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жағдайдың бақылауда екенін айтты.

«Менингококк инфекциясы - өткір инфекциялы ауру екенін назарда ұстау қажет. Ол бактериялар арқылы тарайды және оның түрлі клиникалық көріністері болады. Инфекцияны негізінен науқас адамдар мен өзге де тірі тіршілік иелері таратады. Олардың барлығында клиникалық белгілер болмауы мүмкін. Соған қарамастан олар менингококк инфекциясын таратушылар болып есептеледі. Бұл індет түрі әдетте қыс және күз мезгілінде көп тарайды», деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Инфекция жөтел, түшкіру, әңгімелесу барысында тарайды. Инфекция қоздырушылар әдетте сыртқы ортада тұрақсыз келеді. Микроб ауру адаммен ұзақ уақыт әрі жақын байланысты болған кезде жоғарғы тыныс алу жолдарындағы шырыш қабаты арқылы келеді. Инфекция жұқтырып, ауруға шалдыққанға дейінгі мерзім 1-ден 10 күнге дейінгі аралықты құрайды. Науқас адам ауру жұқтырған алғашқы күннен бастап-ақ қауіп тудырады.

Бұл аурумен әдетте 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Өйткені олардың иммунды жүйесі толық қалыптаспаған. Ал жасөспірімдер мен жастар әдетте көп уақыттарын түнгі клубтар сияқты халық коп шоғырланған жерлерде өткізеді. Ал мұндай орындар мен ондағы шылым шегу, бір ыдыстан сусын ішу сияқты жәйттер ауруды жұқтыру қаупін арттыра түседі.

Менингит ауруы бірден басталады. Алдымен адамның басы қатты ауырып, жүрегі айнып, 6-15 сағаттан соң денесі бөрте бастайды. Дене қызуы 39-40°С градусқа жетіп, қалтырайды. Терісі бозарып, әлсірейді, арқасы мен қол-аяғының ұштары ауыра бастайды. Ауру адам шөлдеп, асқа деген тәбеті болмайды. Сондай-ақ бұл ауру тұмау, ангина сияқты ауруларға ұқсап, білінбей жеңіл өтуі де мүмкін. Әдетте адам суық тиіп, ауырып, қатты шаршаған кезде адамның организмі әлсірейді. Міне, осы кезде инфекцияның тарауына қолайлы жағдай туындайды және осы кезде менигококк адамның миына еніп, оны қабындыра түседі.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі аурудың алдын алу туралы кеңестерімен бөлісті.

«Түрлі мәдени іс-шараларға қатысуды шектеп, бассейіндер мен ойын алаңдарына сауда орталықтарына баруды тоқтату керек. Тазалық сақтап, бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалық шараларын ұдайы жүргізіп отырған жөн. Сондай-ақ профилактикалық мақсатта дәрігерге жиі қаралып отырған дұрыс. Тек қайнатылған су ішкен жөн»,-дейді ведомство өкілдері.