Сауалда «ЕАЭО аясында автокөлік бензиніне қатысты Кеден одағының «Автомобиль және авиация бензинге, дизель және кеме отынына, реактивтік қозғалтқыштарға арналған отынға және мазутқа қойылатын талаптар туралы» техникалық регламенті қолданыста екені белгілі. Бұл регламентке сай және К4 пен К5 экологиялық санаттарына көшуге байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында К2 және К3 экологиялық санаттағы отынды өндіруге және импорттауға тыйым салынған. Бұл техрегламент АИ-80 (К4 және К5) бензинін өндіруге және импорттауға тыйым салмайды, дегенмен көптеген жанар-жағармай бекеттерінде ол жоқ.
Бірқатар кәсіпорындар мен азаматтар, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы АИ-80 маркалы бензинімен жұмыс істейтін көлік құралдарын пайдаланады. Атап айтсақ, бұл ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника, ЗИЛ, ГАЗ, УАЗ, ЗАЗ, ЕРАЗ, ИЖ маркалы автокөліктер, мотоциклдер, мотоарбалар, қайық моторлары, аралар, саяжайлық моторлар, мүмкіндіктері шектеулі жүргізушілер жүргізетін көлік құралдары» делінген сауалда. Одан әрі ІІМ мәліметі бойынша АИ-80 маркалы бензинді пайдаланатын автомотокөлік құралдарының саны 484 мыңнан аса бірлікті құрайтыны, оның ішінде 356 мыңы көлік құралдары екені айтылған. Сонымен бірге АИ-80 маркалы бензинінің бұрынғы бағасы АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасынан екі есе арзан екендігі жеткізілген. Енді «АИ-80 маркалы бензинін еркін сатып алу мүмкіндігі болмаса, жоғарыда аталған автокөлік иелері АИ-92 бензинін сатып алуға мәжбүр болады. Ал бұл жоғары октанды бензин көлік құралдарының агрегаттарын қайта жабдықтауды қажет етеді. Бұл өз кезегінде кәсіпорындар мен азаматтардың бюджеттік жағдайларына нұқсан келтіреді. Кейбір көлік құралдары мен агрегаттар мүлде жаңартуға жатпайды. Халық коммунистері фракциясы АИ-80 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеуді және жаппай өндіруді тоқтату мезгілсіз және елдің азаматтары мен кәсіпорындарының мүддесін қорғауды қамтамасыз ету үшін Үкіметке шара қабылдау қажет деп санайды» делінген еді сауалда.
Жуырда сол сауалға Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атынан төмендегідей жауап келді: «Ішкі нарықты АИ-80 маркалы бензинімен қамтамасыз етуге қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймыз. Қазіргі уақытта бензиннің октандық көрсеткіштерін ұлғайту бойынша жаңа ірі тонналы технологиялық қондырғыларды пайдалануға беруді (изомерлеу, каталитикалық риформинг, олигомеризация), сондай-ақ жоғары октанды бензиндер компоненттерінің сапалы сипаттамаларын ескере отырып МӨЗ-дердің технологиялық схемаларын өзгертуді көздейтін отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталуда. Нәтижесінде АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы жоғары октанды бензиннің өндірісі ретке келтірілетін болады. Бұл ретте АИ-80 маркалы бензин тек Қазақстан Республикасының әлеуетті құрылымдары үшін, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-нің арнайы тапсырысы бойынша өндірілетін болады.
Сонымен бірге АИ-80 маркалы бензинмен ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет қазіргі уақытта оны импорттау мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ қазіргі уақытта АИ-80 маркалы бензинге бөлшек сауда бағаларының деңгейі мемлекеттік реттеуге жататынын және литріне 89 теңгеден аспайтынын атап өтеміз. Осы мәселелер Үкіметтің бақылауында», делінген жауапта.
Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»