Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Ғайнолла Есенғалиев: Ендігі белес – Олимпиада

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамыр айында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында жылдың ең маңызды додасы саналатын құрлықтық чемпио­наттар өтіп, еліміздің жалауы көкте бірнеше рет желбіреді. Ел абыройын асқақтатқан жампоздар арасында жас татами шеберлері де бар.

Ғайнолла Есенғалиев: Ендігі белес – Олимпиада

Осы орайда Азия чемпио­натын қорытындылап, дзюдошы­ларымыздың алдағы қазан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін жасөспірімдердің ІІІ Жаз­ғы Олимпия ойындары­на дайындығы туралы дзю­додан Қазақстан жасөспі­рім­дер құрамасының аға жат­тық­тырушысы Ғайнолла ЕСЕН­ҒАЛИЕВПЕН аз-кем әңгімелескен едік.

– Бейрутта өткен Азия чем­пионатындағы нәтижеге қан­дай баға бересіз? Әу бастағы жоспарыңыз орындалды ма?

– Жоспар толық орындалды деп айта аламын. 2017 жылы өткен Азия чемпионатында 2 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль алған болатынбыз. Биыл спортшыларымыз 6 алтын, 5 күміс және 4 қола жүлдемен елімізге абыроймен оралды. Бұл біздің дзюдошыларымыздың ең үздік нәтижелерінің бірі деп толық сеніммен айта аламын. 

– Биылғы көрсеткіш был­тырғыға қарағанда әжеп­тә­уір кө­­те­рілгенін байқауға болады. Бұл қазақстандық дзюдо­­шы­лар­дың бабында екенін біл­діре ме? 

– Мұндай ірі додаларға осал спортшылар келмейді. Өз елінің кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген үздіктері жиналды. Өзіңіз айтып отырғандай, жылдың ең маңызды додасы болғандықтан, барлық ел негізгі құрамдағы спортшыларын қатыстырды. Сонымен қатар басқа турнирлерге қарағанда Азия чемпио­натының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұпай бері­леді. Ал ұпай алдағы жасөс­пі­рімдер арасында өтетін Олим­пия ойындары үшін ауа­дай қажет. Бұл көрсеткіш – спорт­шыларымыздың жыл басынан бергі еңбектерінің жемісі. 

– Олимпия ойындары деп қалдық қой, бұл додаға елі­міздің атынан кімдер қаты­сады? Нақты лицензия алған дзюдошылар бар ма?

 – Ең көп ұпай берілетін жарыс – Азия чемпионаты. Азия чемпионатында чемпион атанған дзюдошыларға 200 ұпайдан беріледі. Дәл қазір Олимпиадаға  мына спортшы барады деп айта алмаймыз. Десе де, халықаралық дзюдо федерациясының жасөс­пірімдерді іріктеуге арналған Олимпиада рейтин­гіндегі орындарына сәйкес ұлдардан Шерзод Давлатов пен Бека­рыс Сәдуақас, қыздардан Маргарита Гриценко мен Крис­тина Сотникова үмітті. Қазіргі таңда Шерзод Давлатов 55 кило салмақта үшінші орында тұрса, 90 килоға дейінгі салмақ­тағы дзюдошымыз Бекарыс Сә­дуа­қас бірінші орында тұр. Ал қыздардан Маргарита Гриценко (70 кг) әлемдік рейтингте үшінші, ал Кристина Сотникова екінші орында тұр. 

Халықаралық дзюдо федера­циясының ережесі бойынша жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпия ойындарына дзюдо бойынша әр елден екі дзюдошыға  (1 ер, 1 қыз) жолдама беріледі. Ал төрт жылдықтың басты додасына 2001 және 2003 жылы туған жасөспірімдер қатыса алады. 2018 жылдың 1 қаңтарында басталған іріктеу кезеңі шілденің 23-іне дейін жалғасады. Олим­пиадаға нақты кімдер баратыны тамыздың 1-інде белгілі болады. Оған дейін жас дзюдошылар жарыстарға қатысып, ұпай жинай береді. Алдымызда ұпай берілетін Қырғызстанда және Гонконгта өтетін Азия кубоктары бар. 

– Жасөспірімдер құра­масында кімнен үміт кү­тесіз? Шәкірттеріңіздің ара­сы­нан Елдос Сметовтің ізба­са­ры бола­­ды деп кімді айта аласыз?

– Шерзод Давлатов пен Бекарыс Сә­дуа­қас екеуі де қата­рынан екі рет Азия чемпионы атанып жатыр. Егер Шерзод пен Сәдуақас жасөспірімдерден жастар командасына ауысқанда дәл қазіргі баптарын жоғалтпаса, үлкен биіктерді бағындырады деп ойлаймын. Жалпы, өз басым осы екі өреннен көп үміт күтемін.

– Қазір Қазақстанда ауыр салмаққа қарағанда жеңіл сал­мақтағы балуандардың ба­бы келісіп-ақ тұр. Жас­өспі­рімдер құрамасынан Максим Раков, Ислам Бозбаев және Ержан Шынкеевтердің орнын басатын ауыр салмақтағы дзюдошылар шыға ма?

– Әрине. Кешегі өткен құр­лықтық біріншілікте 6 ал­тынның екеуін ауыр салмақ­тағы дзюдошылар жеңіп алды. Ара­сында күміспен күптелгендер де бар. Жоғарыда атап өткенімдей, 90 килоға дейінгі салмақта Бекарыс Сәдуақас биыл екі дүр­кін Азия чемпионы атанып, ауыр салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүр. 90 килодан жоғары салмақтағы Мұханбет Зұлқарнаев та Ливан татамиінде қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. 81 кило­да Аян Байғазы да өзін жақсы көрсете білді. Аталған жас дзюдошылар бір орында тоқ­тамай, дайындықтарын пы­сық­тап, жастар мен ересектер сапына ауысқанда да баптарын жоғалт­паса, қазіргі құрамадағы ауыр салмақтағы балуандардың орнын жоқтатпайтынына сенім­дімін.

Әңгімелескен

Әйгерім ТОҚСАНБЕК,

журналист