![121311-6](http://old.egemen.kz/2011img/121311-6.jpg)
Алғашқы жолдың ақ батасы
1991 жылдың 17 желтоқсанында Республика алаңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 5 жылдығына арналған митинг болды. Алаңға жиналғандар алдында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. «Тәуелсіздікке ие болу және дербес мемлекет құру қазақ халқының көп жылғы арманы еді. Міне, сол көптен күткен күн келіп жетті. Осынау жан тебірентер сәтте Отанымыздың абыройы, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің барлығын, солардың ішінде осы жарқын күнге жетпей кеткен, өздерінің туған Қазақстаны қалай тәуелсіз мемлекет болғанын көрмей кеткен Желтоқсан оқиғаларының қаһармандарын да еске алуды өзіміздің қасиетті борышымыз деп есептейміз», – деп еді ол туған халқының алдында толқып тұрып. Аз-кем үнсіздіктен кейін Президент сөзін былай деп жалғастырды: «Тәуелсіздік біздің баршамызға айрықша зор жауапкершілік жүктейді. Біздің мемлекеттік-саяси дамуымыз, экономикалық өркендеуіміз бен әлеуметтік әлеуетіміз бұдан былай өз қолымызда, бәрі де тек қана өзімізге байланысты. Тарих жолы ұзақ. Асыққанымыз жөн, бірақ аптығуымызға болмайды. Қазақстанның көп ұлтты халқы барлық сынақтардан абыроймен өтіп, алдағы кезде де тарихтың лайықты биігінде болатынына, ал туған еліміздің берекелі өмір сүріп, өсіп-өркендейтініне кәміл сенемін. Жақсылыққа үміт артайық, достар! Сол үмітіміз ақталсын». Тұңғыш Президент өмірге жаңа келген мемлекетке ұзақ та бақытты ғұмыр тілеп, ақ батасын осылай берген еді. Осы митингіде Президентіміз Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып туысқан түрік елі танығанын, оның астанасы Анкарада Ұлы Ұлттық Мәжілістің отырысында бұл мәселе күн тәртібіне кезектен тыс қойылып, депутаттардың бірауыздан қолдағанын жария етті. Ал 1991 жылдың соңына дейінгі санаулы күндерде Қазақстанның тәуелсіздігін тағы да 18 ел таныды. Батамен ер де көгерер, ел де көгерер деген осы болар.Атажұрттың арнайы шақыруы
Бүгінде бұл ұмытылған жайт. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы апталарда елдің ұлттық қайта өрлеуінің басты қайнарларының біріне айналған оқиға болып еді. 1991 жылғы 31 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ радиосы арқылы шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, былай деп мәлімдеді: «Біз, қазақтар – ежелден еркіндік аңсаған халықпыз. Дербес мемлекет құру әрдайым біздің бабаларымыздың асқақ арманы болып келді. Құдайдың көмегімен бүгін билік біздің өз қолымызға тиді. Бұдан былай Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарына жатады. Өз аумағымыздағы мемлекеттік биліктің барлық тізгінін біз өз қолымызға алдық. Өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымызды біз ешкімнің нұсқауларын күтпей, өз бетімізше, өз еркімізбен жүргіземіз, бұдан былай қалай өмір сүретінімізді өзіміз шешеміз». Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы радиоқабылдағыштарға құлақтарын тосып, жауабын тағатсыздана күтіп отырған адамдар сұрағына, негізгі мәселеге көшті. «Қымбатты бауырлар! Өз Отанынан қол үзген сіздерді: «Ата мекенімізге оралуға бола ма, бұл қалай жүзеге асады және бұл қашан мүмкін болады?» деген сұрақтар мазалайтынын жақсы білемін. Адам үшін «туған жердің түтіні де тәтті екен...» деп бекер айтылмаған... Өз қандастарымыздың тарихи отанына оралуына ықпал етуді мақсат тұтып және осы орайда адам құқығы туралы халықаралық актілерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі басқа республикалар мен шет мемлекеттер азаматтарының қатарынан ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін жергілікті ұлт өкілдерін Қазақстанға қоныстандырудың шарттары мен тәртібі туралы арнайы қаулы қабылдағанын сіздерге хабарлауға асықпын. Демек, Отанына оралғысы келетін бауырларымыз үшін есігіміз бен құшағымыз ашық. Жолдарыңыз оң болсын, сіздерді бабаларымыздың әруағы желеп-жебеп жүрсін!». Президенттің бұл шақыруы жауапсыз қалмай, осынау орынды сөз қазақ диаспорасының жүректері мен көңілдеріне тікелей жол тапты. Көп ұзамай қазақ тарихындағы ұлы көш басталды: шетелдегі отандастарымыздың мыңдаған отбасылары Қазақстанға, атажұртқа қоныс аудара бастады. Келесі, 1992 жылдың күзінде, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы шақырылып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Жаңа қауымдастықтың Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Осылайша, сол кезеңдегі елдегі әлеуметтік жағдайдың қиын болуына, ұзаққа созылған экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан этностық диаспора өкілдерін ерікті түрде қайтарып алу саясатын жалаң сөз емес, іс жүзінде жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырған әлемнің үш елінің бірі ретінде (Израиль және Германия) бауырластарын бауырына тартқан тарихи қадам жасады. Батадан басталған баянды көш елге ел қосты, ерге ер қосты. Ұлы көштің ұраншысы болған ұлағатты Елбасы осынау қарасы үзілмес қазыналы көштің де қозғаушысы болды.Ажал аранына тосқауыл
Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент қызметіндегі аса абыройлы істерінің бірі Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы болды. Оның бұл шешімі әсте кездейсоқтық немесе кеудемсоқтық емес еді. Себебі, КСРО халық депутаттары І съезінің мінберінің өзінен-ақ оның саяси тұғырнамасындағы 12 ұстанымның бірі Арал және Семей өңірлерінің экологиялық күйреуіне байланысты ядролық, әскери және бактериологиялық полигондар мен зертханалардың зиянды әсерін жоюға арналған еді. Бұл проблемаларды шешу үшін «Невада – Семей» ядролық сынақтарға қарсы қозғалысына өзінің ең қайраткер өкілдерін аттандырғанмен әлі де көп ұлтты Қазақстанның зиялыларының күші анық жеткіліксіз болатын. Бұл жерде тек жұртшылықтың ғана емес, пәрменді пайымын төрдегілердің өзі төбе бидей құрметтейтін, стратегия мен тактикада тісқаққан, саяси майдандағы «ауыр салмақтылардың» да күш салуы қажет болатын. Ол кезде мұндай жан іс жүзінде, тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана болатын. Бұл жолда Н.Ә.Назарбаев орталық партаппарат қызметкерлері, әскери-өнеркәсіптік кешен, одақтық министрліктер мен ведомстволар жетекшілері тарапынан белсенді әрі өте қуатты одақтық өктемдікке толы қарсылыққа тап болды. Өзіне тиімді мәртебесін сақтап қалуға мүдделі, қасаң қағидаға бой ұрған пиғылы одан кем емес және саны едәуір көп пенделер Қазақстанның өзінде де бар еді. Олар Мәскеуге тікелей бағынатын қорғаныс кәсіпорындарының, түрлі ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының қызметкерлері болатын. Қазақстанда жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан олар еңбекақы, әлеуметтік жеңілдіктер, халық көп тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етілу, медициналық қызмет көрсету деңгейі жөнінен артықшылық жағдайға ие болып, бейнебір басқа әлемдегідей өмір сүрді де, соған сәйкес, республиканың проблемаларын сезінбек түгілі, жергілікті билікті мүмкіндігінше елей де қоймайтын. Мұнда жақсы мектептердің, ауруханалардың, мәдени және тұрмыстық ошақтардың, т.б. іс жүзінде жоқтығына олардың басы ауыра қоймайтын. Әйгілі «ядролық тепе-теңдік» деген жаттанды ұғымды бетперде тұта отырып, бұл ажал аждаһалары халық пен табиғатқа қарсы тағылық сынақтар жасады, олардың зардаптары әлі күнге дейін сезілуде. Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жапқан кезде, ол өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «семсерден соқа соққан саясаткер» атанып, бүкіл әлем қол соққан дүниежүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» деген халық сөзінде қапы жоқ.Ұлт абыройының ұраншысы
1989 жылғы 22 маусымда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Республиканың бірінші басшысы ретіндегі оның жаңа қызметінің басталуы 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары мен содан кейін республикамызда өрескел өріс алған саяси қуғын-сүргіндерге байланысты қалыптасқан күрделі моральдық-психологиялық ахуал жағдайында өтіп жатты. КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылғы арнайы қаулысында қазақ халқы әділетсіз әрі негізсіз ұлтшыл ретінде айыпталды да, жеке пікіріне жол бергендердің бәрінің, сондай-ақ, кей жағдайда жергілікті емес ұлт өкілдерінің де соңынан нағыз шырақ алып түсу қолдан ұйымдастырылды. Мұндай жағдайда көп ұлтты республикада оның азаматтарының арасында өзара сенімді қайта орнықтырмайынша, істің табысты болуы мүмкін емес еді. Ұлт мәселесін адал және ашық шешуге деген бағдарды тұрақты жүзеге асыра отырып, Н.Ә.Назарбаев алғашқы кезектегі істердің қатарына аталған қаулыны жоюға қол жеткізу мақсатын қойды. 1989 жылғы 19 қыркүйекте Мәскеуде болған КОКП ОК Пленумында сөз сөйлеген ол: «В нем допущены не только необоснованные, но и оскорбительные для народа формулировки. Например, фигурирует такое понятие, как «казахский национализм». Но может ли в принципе какой-либо народ в целом стать носителем этой антигуманной черты? Глубоко уверен, что нет. Выражая мнение коммунистов и общественности республики, прошу ЦК пересмотреть эти ошибочные положения постановления, наносящие ущерб чести и достоинству нашего народа, бросившие тень на его интернациональную сущность». Табанды пікір, тұжырымды дәлелдердің арқасында ұлт намысын қорлайтын қарау қаулы жойылды. Осымен бір мезгілде Желтоқсан оқиғаларынан кейін зардап шеккен азаматтарды ақтау үрдісі басталды. Олардың көбінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, қалыпты қарапайым өмірге оралды. Сол алғашқы кезеңнің басты қорытындыларын Нұрсұлтан Әбішұлы кейінірек 1998 жылғы 16 қаңтарда «Казахстанская правдада» жарық көрген «Хранить память, крепить согласие» деп аталатын өзінің белгілі мақаласында былайша қорытындылады: «Политики тех лет как заклинание повторяли затертые штампы типа «дружба народов не пострадала», «советский интернационализм выдержал испытание на прочность». Но людям было ясно, что дружба дала трещину: в отношениях между представителями разных национальностей появилась напряженность, стала проявляться тенденция к взаимной обособленности. Все это усугублялось неуклюжими действиями партийных и государственных органов, которые, в «лучших традициях бюрократизма», вместо политической и целенаправленной работы стали составлять бесконечные «планы мероприятий», не подкрепленные ни материально, ни организационно... И только с обретением независимости в нашей стране начался духовный ренессанс, основанный на подлинном возрождении языка, обычаев и традиций казахского народа. С притеснениями оскорбительного и униженного тоталитаризмом народа, как, впрочем, и других населяющих Казахстан народов, было покончено. Верю, что навсегда». «Ұлтына сүйенген ұтылмас» деген сөзге мысал осы шығар.Айқай-шудан – ашық пікір алысуға
1989-1990 жылдар КСРО-да ырың-жырың әңгіме көбейіп, Кремльдің қолындағы биліктің сусып шығып бара жатуымен ерекшеленді. Этностық текетірестердің жарылғыш күштері әлеуметтік-экономикалық ахуалдары ауыр шеткі аймақтарда пісіп-жетіліп, сол көңіл-күй қалалар мен астаналарға қарай лықсыды. Мәскеудің кикілжің жағдайларды болжап, алдын алуға қабілетсіздігі қоғамда өктемдік пен сенімсіздіктің орын алуына жол ашып, адамдарды экстремистік пен «партизаншылдықтың» иіріміне итермеледі. Стихиялық оқиғалар өріс алды: ұлтаралық қатынастардағы теріс үрдістер кез келген сәтте қоғамның оң ниеттегі күштерінің бақылауынан шығып кетуі мүмкін жағдайлар қалыптасты. Қазақстанда тауар тапшылығы мен шерулік шуларға А.Солженицыннің «Как нам обустроить Россию?» деген шовинистік өсиет хаты қоздырған сепаратистік бұра тартушылық та қосылды. Бұл ұлтаралық қатынастарды анық асқындыру қаупін төндірді. Сондықтан да Президент Н.Ә.Назарбаев 1990 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның 40-тан астам өз бастамаларымен құралған қоғамдық-саяси қозғалыстардың өкілдерімен кездесіп, олармен саяси тұрақсыздықтың асқынуының проблемаларын талқылады. Осының арқасында 1991 жылдың 1 қазанына дейін шерулер мен бой көрсетулер өткізуге уақытша тоқтам салуға қол жеткізілді. Бұл Қазақстанды қатерлі текетірес сценарийінен арашалап қалған амалсыз, бірақ ақылды қадам еді. Сонымен бірге ол бізді бүгінгі жарқын жетістіктерге жеткізген, демократиямызды дамытып, сыннан өткізіп, шыңдаған билік пен қоғамның үздіксіз үндесуінің бастауы болды. «Айқай ақылға қаратпас, ақыл асығыстықты жаратпас» деген осы.Танктер тоқтатылған күн
Одақтық шарттың жобасын әзірлеу мен келісу процесі аяғына жақындап келе жатты. Оған қол қою 1991 жылдың соңына межеленген болатын. Алайда 1991 жылдың 19-21 тамызында КСРО-да барлық жоспарлардың быт-шытын шығарған, тарихқа «тамыз бүлігі» деген атпен енген оқыс оқиғалар өріс алды. КСРО-да Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) бүкіл билікті өз қолдарына алатынын мәлімдеді. КОКП мен одақтық басшылық басшыларының жат пиғылды бөлігі ұйымдастырған бұл мемлекеттік төңкеріс әрекеті одақтық орталық пен біртұтас державаны сақтап қалудың саяси келешегінің күмәнді екенін анық айқындап берді. Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жедел үндеу жолдап, Одақ жұртшылығына мәлімдеме жасады. Онда ол бүлікшілердің іс-әрекеттерін батыл айтыптап, өзінің реформалар бағыты мен демократияны жақтайтынын айтты. Осымен бір мезгілде Н.Ә.Назарбаев өзінің КОКП қатарынан шығатынын да мәлімдеді. Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылдың 19-21 тамызында жүргізген күнделік жазбалары бар. Бүгінде маңызды тарихи құжат болған қойын дәптердің бес парағында Қазақстан Президенті сол бір сындарлы күндердегі өзінің іс-әрекеттерін күнделікті тәртіппен жазып отырған. Тұжырымды сөздермен мейлінше сығымдалып жазылған сол жолдардан біздің көшбасшымыздың ел тағдыры үшін шынайы жанашырлығы мен күйзелісін, оның ерік күші жеткенше қолынан келетіннің бәрін жасағысы келетін батылдығын сезінбеу мүмкін емес. Ол жолдар сол кезде қоғамда белең алған, әр сәтте жарылуға шақ тұрған ширыққан ахуалды өте дәл береді. «Совместное заседание Президиума ВС (Верховный Совет – автор ескертпесі) и КМ (Кабинет Министров – автор ескертпесі) КазССР. Ситуация. Обращение. Текст заяления согласовывается (отговаривали и т.д.). Сказал, что я беру на себя и буду отвечать», – деп жазады Президент 19 тамызда (14.00 сағатта) өз күнделігінде. Мәскеуден РСФСР Жоғарғы Кеңесінің ғимаратына шабуыл жасауға әзірлік жасалып жатқаны жөнінде үрейлі хабарлар келіп жеткенде, Президент сол арада-ақ Крючковпен, Ельцинмен, Янаевпен, Язовпен күрделі келіссөздерге кірісті. Қауіп толықтай сейілгенше, тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні бойы осылай болды. «Қауіп күшейе берді, – деп еске алды кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы. – 20 тамыз күні кешке маған Жоғарғы Кеңеске шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түсті. Мен сол сәтте-ақ Крючковпен байланысқа шықтым. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы ешқандай шабуыл болмайды деп ант су ішті. Оған сенуге болмайтынын түсініп, сол сәтте Жоғарғы Кеңестің ғимаратында жұмыс істеп тұрған жалғыз телефон арқылы Б.Н.Ельцинмен бірнеше рет сөйлестім... Ельцин үрейлі ақпаратты растады. Мен Борис Николаевичке өзімнің қолдау көрсететінімді айтып, содан кейін бірден Янаевқа телефон шалдым да, оған үзілді-кесілді қарсылығымды білдірдім және РСФСР Жоғарғы Кеңесіне қарсы күш қолданудың қандай ауыр зардаптары болуы мүмкін екендігін қатаң түрде ескерттім. Содан кейін Язовқа телефон шалдым, онымен әңгіме 21 тамыз күні таңға жуық болды. Мен оған былай дедім: «Сіз – солдатсыз, соғысты көрдіңіз. Қолыңызды өз балаларыңыздың қанына малмаңыз. Онда тек жастар тұр. Әскерлерді тез алып кетуді талап еттім. Сірә, осы сөзім оларға әсер еткен болуы керек...». Бүлік басылғаннан кейін бірден шақырылған Федерация Кеңесінің отырысына қатысып, Мәскеуден оралғаннан соң Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында сөз сөйлеп, бүліктің ең алғашқы сағаттарында не болғанын әңгімелеп берді. ТЖМК мүшелерінің іс-әрекеттері о бастан-ақ арандатушылық сипатқа ие еді. Қазақстан Президентіне ең алғашқы болып В.А.Крючков телефон шалды. Әңгімені дөрекі түрде жүргізе отырып, ол осылайша Қазақстан басшысын ықтырып, оны ТЖМК-ға бұлтартпай бағындырғысы келді. Ал КСРО Президентінің міндетін атқарушы Г.И.Янаев болса өзге республикалар ТЖМК-ны қолдады деп алдағысы келді. Янаев осы өтірігін баспасөз конференциясында да қайталап үлгерді. Қысқасы, тамыз бүлігі азамат соғысына ұласып кете жаздады, оның жойқын өрті кез келген ұшқыннан тұтанып кетуі мүмкін еді. Жаңа одақтық шартқа қол қоюдың дәл қарсаңында өріс алған ТЖМК-нің антиконституциялық бүлігі төңірегіндегі оқиғалар Коммунистік партияның беделін құрдымға кетіріп, КСРО-ның тарауын жеделдетті. КОКП мен кеңестік алпауыт державаның тағдырына нүкте осылайша қойылған еді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы Абай айтқан қағида осындай оқиғалар кезінде туғандай болады.Әділеттілік – ардың ісі
Үлкен істе де, шағын істе де үлкен мақсаттарға қызмет ету – Нұрсұлтан Назарбаевтың оның билік басында жүрген кезіндегі көптеген тарихи оқиғалармен толыға түскен саяси портретінің аса жарқын әрі анық көрініп тұратын сипаттарының бірі. Мына үш қана эпизодтың өзі солардың қатарынан. 1991 жылдың қазанында Президент тынымсыз дайындық жұмыстарының нәтижесінде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті жұлдызды сапарға аттандырды. Басқасын былай қойғанда, бұл адамзаттың алғашқы ғарыш айлағы – Байқоңыр космодромының отаны болған Қазақстан халқына көрсетілген заңды құрмет болды. Бұған дейін 30 жыл бойы Кеңес Одағы ғарышқа сан алуан ұлттардың өкілдерін аттандырып жатты, ал осы даланың тұрғындары – қазақтар, неге екені белгісіз, мұндай құрметке ие бола алмады. Даңқты қолбасшы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы от пен судан өтіп, Отаны үшін қанын төккен мемлекетінің тарапынан көзі тірісінде лайықты құрмет көре алмады. Тек Нұрсұлтан Әбішұлының күш салуымен ғана халқымыздың даңқты ұлы кешігіп болса да Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осылайша халқымыздың батырлық тарихының жаңа беттерін жазуға Елбасымыз ерен үлес қосты. КСРО-дағы соңғы Социалистік Еңбек Ері наградасын М.С.Горбачев Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа беруге дайындап еді, бірақ ол бұған «қазақ бұлбұлы» атанған әнші, халық артисі Бибігүл Төлегенованы ұсынып, бұл атақтан бас тартты. Бұл да Президентіміздің рухани өмірдегі елге үлгі болар азаматтық әрекеті болды. «Арлының жолы алысқа барады» дейді мұндайда халқымыз.Туған елдің тыныштығы
Солдаттың міндеті – Отанды қорғау. Бірақ 1990 жылдардың басында, КСРО тараған кезеңде, Кеңес Армиясының көптеген офицерлері мен солдаттары біртұтас қуатты отанын күтпеген жерден жоғалтып, жауынгерлік ұйымшылдығынан айрылып, моральдық тұрғыдан әлсіреді: жаңа мемлекеттік шекаралармен бөлініп қалған олар енді кімге қызмет етіп, кімді қорғауды білмей қалды. Экономикалық дағдарысқа байланысты әскердегі тәртіп те мүлде құлдырап сала берді. Сондықтан да Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қарулы Күштер проблемасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарындағы бірінші кезектегі мәселеге айналды. 1992 жылдың 10 қазанында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ТМД шеңберінде бірыңғай Қарулы Күштерді сақтап қалу туралы әскери тұжырымдама әзірлеу жөнінде бастама көтеріп, ұсынып, барлық бөлімдер мен құрамалардағы әскери техникаға, қару-жараққа, оқ дәрі мен әскери мүліктерді түгендеп, тізімдеу жүргізуді тапсырды, көп салалы жоғары әскери оқу орындары мен бұрынғы суворовтыққа ұқсас училище құруды ұсынды. Республикалық Ұлан туралы заң жобасын әзірлетіп, Ішкі әскерлер туралы Жарлыққа қол қойды. Ол сол күні республика аумағына орналасқан бөлімдер мен құрамалардың қолбасшылық құрамымен кездесіп, оларға: «Армия өз проблемаларымен жеке қалмайды. Менің тапсырмам бойынша әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау туралы жарлық әзірленіп жатыр» деп мәлімдеді. «Әскери органдарды басқаруды қожыратып алуға, қарулы күштерді қалыптастыру процесінде жүріп жатқан берекесіздік пен келеңсіздіктерге жол беруге болмайды», дейтін өз көзқарасын Нұрсұлтан Әбішұлы ТМД Біріккен қарулы күштерінің қолбасшысы Е.И.Шапошниковпен және Түркістан әскери округінің колбасшылығымен 12 қаңтарда болған кездесуде нақтылай түсті. Ал 13 қаңтарда республикамыздың қорғаныс кәсіпорындарының басшыларымен кездесті, онда тағы да қорғаныс саласына қолдау көрсету, оның нарық жағдайындағы дамуы туралы әңгіме болды. Қазақстан басшысы осы проблематиканы офицерлердің бүкіл әскерлік кеңесіне қатысу үшін 16 қаңтарда Мәскеуге барғанда да сөз етті. Мемлекет басшысының 1992 жылдың қысы мен көктеміндегі жұмсаған осындай күш-жігері әскер мен әскери қызметшілердің тағдырының айқындалуына әсер етті, ең бастысы – әскери техниканың талан-тараж болуының және қарулардың, соның ішінде ядролық, химиялық және бактериологиялық қаруларды да қылмыскерлер қолына түсірмеудің алдын алды. Бұған дейін айтылғандай, Н.Ә.Назарбаев о бастан-ақ, Достастық шеңберінде бірыңғай Әскери Күштердің сақталып қалуын жақтады, олардың қызметінің халықаралық-құқықтық алаңы сол күндері Қазақстан мен Ресейдің бастамасы бойынша әзірленіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта негізделуі тиіс еді. Алайда бұрынғы КСРО-ның ішіндегі кертартпа күштер әлдірек болып шықты. 7 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс жөніндегі мемлекеттік комитетін Қорғаныс министрлігі етіп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойып, С.Қ.Нұрмағамбетовті министр етіп тағайындады. 8 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлық шықты, ол бойынша Қазақстан Республикасының аумағына орналасқан ТМД Біріккен Қарулы Күштерінің әскери бірлестіктері, құрамалары, бөлімдері, мекемелері, ұйымдары, полигондары, арсеналдары, сақтау базалары, қоймалары, жылжитын және жылжымайтын мүліктері Қазақстан Республикасының заңдық иелігіне беріліп, Қазақстан Республикасының құрамына енгізілді. Жарлық Үкіметтің келісімінсіз оларды ел аумағынан қоныс аударуға және әскери мүліктерді елден алып шығуға тыйым салды. Осы кезден бастап Қарулы Күштерге басшылықты Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы жүзеге асырады, ал тікелей басқару Қорғаныс министріне жүктелді. Осылайша, болжап болмайтын сол бір қатерлі күндерде Тұңғыш Президенттің тікелей басшылығымен тәуелсіз, бейбітшіл Қазақстанның Қарулы Күштерін құру басталған болатын. Белгілі бір әнде айтылғандай: «Жауынгерлер әнге салғанда, сәбилер бейқам ұйықтап жатады», деген сөзді осындай кезде сеніммен айтуға болар.Абай жылының абыройы
1993 жылғы 4 мамырда Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы қалалық «Абай» қорының ашылуына қатысты. Өз сөзінде ол алда келе жатқан Абайдың 150 жылдығы тек ел өміріндегі үлкен мәдени оқиға болып қана қалмай, Қазақстанның егемендігінің одан әрі қалыптасуына, оның халықаралық аренадағы беделінің артуына ықпал ететіндігін атап өтті. Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1995 жылды Дүниежүзілік Абай жылы деп атап өту туралы ұсыныспен шықты. Мемлекет басшысы «Абай» қорына шет елдерде жарық көрген кітаптары үшін қаламақы ретінде алынған 100 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі алғашқы жарнаны құйып, бұл қаржы ұлы ақын шығармаларының ағылшын тіліндегі аудармаларының әзірленуіне жұмсалсын деген тілек-ұсынысын білдірді. Және осылай болды да. 1995 жылы Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО аясында табысты өткізілді. Бірақ ол үшін Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қазақстан Үкіметінің қаншалықты күш-жігер жұмсауына тура келгенін көп адам біле де бермес. 2006 жылы, Желтоқсан оқиғаларының 20 жылдығы қарсаңында Алматының ортасынан «Тәуелсіздік таңы» мемориалы салтанатты түрде ашылған болатын. Қазақстандықтардың барлығы бұл шараны аса маңызды тарихи оқиға әрі оның белгілі және белгісіз қаһармандарына көрсетілген терең құрмет пен еске алу деп қабыл алды. Бұл мүсіндік ансамбль Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қаржысына тұрғызылып еді. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің тарапынан және Тұңғыш Президент қорының желісі бойынша, әсіресе мәдениет мекемелеріне, балалар үйлеріне, оқу орындары мен тұрмысы төмен отбасыларына көрсетілген мұндай қаржылық қолдаулары аз емес.Тәуелсіз елдің теңгесі
Ұлттық валютаны енгізудің тарихы көптеген кітаптарда суреттеліп, жазылып, романтикалық сипатқа ие болды. Бірақ сол бір аса қиын әрі шырғалаңы мол жылдардың жағдайында Мемлекет басшысының романтиканы ойлауға мұршасы бола қоймап еді. 1993 жылдың күзінде Ресей Федерациясы ресейлік рубльді енгізісімен, сол заматта-ақ Қазақстанды рубль аймағынан шығарып жіберді де, біздің республикамыз жазықсыз жазаланған адамның кейпінде қалды. Бір кезде мықты болған кеңестік ақша 1 долларға 2445 рубль айырым белгісінде әлсіз халде өмір сүруін тоқтатып, күзде солған жапырақтар үймесі сияқты болып қалды. Адамдар бір бірлерін «топан ақшаның миллионерлері» болуларымен ызалана құттықтап, құнсызданған ақшаны қоржындап алып жүрді, ал жинаған ақшасынан айрылған азаматтар тілдерінің жеткенінше билікті қарғап-сілеп жатты. Осының алдында, 1992 жылы бүкіл рубль аймағын, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған Ресей жүргізген «төтенше сауықтыру» болып өтті. Нарыққа және реформаларды жеделдетуге деген игі мақсатпен өріс алған бұл сауықтыру, шын мәнінде, біртұтас халық шаруашылығы мен технологиялық кешеннің бүлінуіне, өндірістің жаппай құлдырауына және өнімнің көптеген түрлерін, соның ішінде азық-түлік пен күнделікті қажеттілікке тұтынатын тауарларды шығарудың қысқаруына алып келді. Бұл адамдардың тұрмыс жағдайының күрт нашарлауына әсер етпей қоймайтын, олардың көбі өмір сүрудің ауыр шегіне жеткізілді. «Реформаларды жүргізу керек, бірақ оған халықты әзірлеу керек» – Н.Ә.Назарбаев ресейліктерден бағаны босатуды кешеуілдетуді өтінгенде алға тартқан басты ұстанымы осы болды. Бірақ шығыршық шыр айналып кетіп еді. Сондықтан 1992 жылдың 3 қаңтарында Н.Ә.Назарбаев «Бағаларды ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол бойынша, республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 6 қаңтардан бастап өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге, халық тұтынатын тауарларға, жұмыстар мен қызмет көрсетуге еркін (нарықтық) баға қолдану жүзеге асырылды. Мұндай әрекетке жүгінуге тура келді, олай болмаған жағдайда, онсыз да аз шикізат, тауарлар мен азық-түлік қорын көршілеріміз түк қалдырмай тиеп алып кететін еді. 1992 жылдың 14 қаңтарында Нұрсұлтан Әбішұлы бағаларды ырықтандыруға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жолдады, онда ол бұл Қазақстан Ресейден кейін барған амалсыз шара екенін түсіндірді. «Республика басшылығы нарыққа балама жоқ екенін біледі, бірақ Ресей Федерациясы қабылдаған іс-шаралар оңтайлы әзірленбеген және өз мерзімінде жасалмаған деп есептейді. Қазақстан бағаларды ырықтандыруды 1992 жылдың 1 шілдесіне дейін тежей тұруды ұсынды, бірақ ол пікір ескерілмеді. Соның нәтижесінде, ырықтандырудан кейінгі бағалардың жоғары секірісі көптеген қарапайым адамдар үшін өте ауыр соқты. Халық, әсіресе, оның тұрмысы төмен бөлігі кедейшіліктің қыспағында қалды. Сондықтан мен «Бағаларды ырықтандыру жағдайында халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» және «Азық-түлік тауарларымен сауданы коммерцияландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым», деді ол. Азаматтардың мүдделерін қорғай отырып, Президент жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларынан халықты қосымша әлеуметтік қолдау және республиканың тұтыну нарығын қорғау жөніндегі осы және бұдан бұрын қабылданған басқа да жарлықтар мен қаулыларды практикалық іске асыру жөнінде барлық іс-шараларды қабылдауды талап етті. Қабылдап қана қойған жоқ, күнделікті бақылауда ұстап та отырды. Құтырынған посткеңестік дағдарысты бұрынғы кеңестік республикалардың келісіп істелмеген бірқатар іс-әрекеттері тереңдете түсті. Осындай жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық валютамыз – теңгені ұстамды қалпын сақтай отырып енгізуге әзірленді де, оны оңтайлы сәтте жүзеге асырды. Теңгенің пайда болуы осылайша Қазақстанның Ресейге тәуелділігінен құтқарды, ауыр экономикалық жағдайды түзетуге, жекешелендіруді жүргізуге және шет ел инвестицияларын тартуға жағдай жасалды. Әрине, өз валютамыз проблемалардың барлық кешенін бір сәтте шеше алмайтын еді, бірақ еліміздің шынайы тәуелсіздігінің шын бастауы осы кезден басталды. Ақшаның құны кейде ар-намыспен де өлшенеді.Болашаққа бет алған «Болашақ»
Посткеңестік дағдарыстың дендеп тұрған шағында, көп қазақстандықтар үшін жағымсыз әрі көңілсіз болған 1993 жылдың қысында, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын белгілеу туралы 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 Жарлығын жариялады. Ол бойынша талантты жастарға мемлекет есебінен шет елде жоғары білім алу мүмкіндігі жасалды. Балалық шағы мен жасөспірімдік шағы қиын-қыстау мезгілмен сәйкес келген сол кездің ұл-қыздары үшін бұл жағдай түнекте жарқ еткен шұғыладай еді. Дарынды жастарды шет елге оқуға жіберу туралы жағдайды олар бұған дейін орыс императоры ұлы Петр Бірінші туралы кітаптар бойынша ғана білген болар. Ұстанған мақсаты жөнінен таңғажайып және ТМД-дағы алғашқы бастама болған бұл білім беру бағдарламасы, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, өзінің өміршеңдігін бірден-ақ дәлелдеді. Себебі, ол жоғары әлеуметтік мәртебенің көрсеткіші болып қана қоймай, ең алдымен оның түлектерінің өздерін кәсіби тұрғыдан көрсетуінің және табысты қызметтік өрлеуінің кепілі де болды. Көптеген «болашақтықтар» бүгінде мемлекеттік басқару органдарында, ұлттық компанияларда, халықаралық ұйымдарда, партиялық және қоғамдық қызметтерде табысты еңбек етуде. Жүзеге асыра бастау сәтінен бергі алғашқы онжылдықта (1994-2004 жылдары) бағдарлама бойынша әлемнің 13 елінде 700 стипендиат оқыды, олардың саны жыл санап өсуде. Географиясы да (30-дан астам ел), мамандықтар тізбесі де ұлғайды: егер 1997 жылға дейін стипендия негізінен экономикалық және гуманитарлық факультеттердің студенттеріне беріліп келсе, 2000 жылдан бастап техникалық, инженерлік және медициналық мамандықтарға баса көңіл бөлінді. 2005 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында стипендиаттар санын жылына 3 мыңға жеткізу жөніндегі шешімін жариялады. Мемлекет пен қоғам «Болашақ» стипендиаттарына да, сондай-ақ бүкіл жастарымызға да үлкен сенім артты. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл үмітінің мәнін 2008 жылғы қаңтарда «болашақтықтармен» болған кездесуінде мұның мәнін жан-жақты түсіндіріп берді: «Сіздер алған білімдеріңізді өздеріңіздің жас тәуелсіз мемлекеттеріңіздің қаз тұруына үлес қосуға берілген тамаша мүмкіндік деп бағалауға тиіссіздер. Мұндай мүмкіндік әркімге берілмейді. Осыған лайық болыңыздар. Сіздердің әрқайсыңыз халықтың үлкен сенім несиесін алдыңыздар, ол оны өз еңбегімен қайтаруға тиіс. Сіздерді мәртебелі университеттерге жіберу үшін халықтың ақшасы жұмсалғанын есте ұстаңыздар. Бүгінде қоғам да, Мемлекет басшысы ретінде мен де сіздерден Отан игілігі жолында беріле еңбек етуді талап етуге құқымыз бар. Мен «Болашақ» – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға бағытталған аса маңызды серпінді жобалардың» бірі екенін тағы да атап айтқым келеді». «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген сөзге жете мән берген халықпыз ғой.Ұстамдылық – ұлағат
Қандай жағдайда да ұстамдылық таныту мен шындықты адамның бетіне айту – Нұрсұлтан Назарбаевтың және бір құнды қасиеті. 1993 жылғы 21 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодарға барды. Кездесулердің бірінде оған қос азаматтықты енгізу мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды. Соған жауап бере отырып, Мемлекет басшысы көп ұлтты республика мен ТМД елдері шекараларының ашықтығы жағдайында мұның мүмкін еместігін мәлімдеді. Осы орайда ол былай деді: «...мұндай проблема сөз болуға тиіс емес, себебі, ондай проблема жоқ: ТМД-ның ішкі шекаралары ашық та мөлдір, бұл мемлекеттердің азаматтары еркін жүріп-тұрады және тұрақты мекен-жайын таңдауға толық құқылы. Қазақстанда тіл проблемасы да жоқ, себебі, біреулер жағдайды өңін айналдырып көрсетіп, бұл мәселені саудаға салғысы келгенімен, орыс тілінің қолданылу аясы және ұлтаралық қатынастың танылған құралы ретінде оның позициясы дәстүрлі түрде мықты». Сонымен бірге, 130-дан астам ұлттың өкілдері тұратын Қазақстанның өзіндік ерекшелігін айта отырып, ол мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кезең-кезеңімен ұлғая беретінін, ал азаматтар оны тек қана өз еріктерімен оқып үйренетінін қадап айтты. Сонымен қатар этностық диаспоралардың тілдерінің еркін әрі толыққанды дамуы үшін барлық жағдайлар жасалады». Президент осылайша қолдан жасалған бұл пікірталастарда барлық күмәнді мәселелердің басын нақты әрі айқын ашып берді. «Сабыр түбі – сары алтын» деген салиқалы сөзге салмақ салудың да өз шеберлігі бар.Ерен елдің Елордасы
Еліміздің алғашқы онжылдығының басты салтанатты мақтанышы және тәуелсіз Қазақстанның ең табысты ұлттық жобасы деп, заңды түрде, елорданың Ақмолаға ауыстырылуы мен тарихи аса қысқа мерзім ішінде жаңа үлгідегі заманауи мегаполис – ару Астананың салынуын айтуға болады. Президенттің бұл «перзентінің» де қиял кезеңінің өзінде-ақ бірсыпыра ауыр проблемаларды бастан өткеруіне тура келді, олардың ең бастысы – бұл жобаны кейде қасақана түсінбеу мен оның жүзеге асатынына көзапара сенбеушілік еді. Бәрі дұрыс: көшіру жоспары жарияланып, ол елдегі аса күрделі экономикалық жағдай жылдарында жүзеге аса бастады, жаңа астананы жақтайтын уәждер елдің ішінен де, сыртынан да көп жағдайда сынға ұшырап жатты. Ал жанға жайлы Алматыны қалдырып кеткен мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің қиырдағы Ақмолада құрқол қалу тәуекелі де басым болатын. Бүгінде бұрынғы барлық үрей мен қауіпті өмірдің өзі оңтайлы шешкен, ал Астана біздің жас мемлекетіміздің табыстарының нағыз рәмізі мен айқын көрсеткішіне айналды. Барлық қазақстандықтар, әсіресе, жастар өз астанасын мақтаныш етеді, оны сүйеді, оған келуге тырысады, ал мұнда келген шетелдік қонақтар мен серіктестер оған таң-тамаша қалады. Осының бәрінің ту сыртында қазақстандықтардың талантты, тегеурінді еңбегі мен болашаққа өршіл мақсатты ұстанған жаңа астана тұрғызу үшін соңына халықты ерте білген Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлік ер