Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Рысқали Әбдікеров: Кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау – парызымыз

429 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық жолдауларында, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларда жеке кәсіпкерлікке қолдау көр­сетіп, оның дамуына даң­ғыл жол ашуды ұдайы ай­тып келеді. Бұл орайда тәуел­сіздік алғаннан кейін­гі жылдар ішінде Елбасы­ның бастамасымен орасан іс тындырылғанын атап көрсеткеніміз жөн.

Рысқали Әбдікеров: Кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау – парызымыз

Алайда өзінің экономикалық даму жолында негізінен осы салаға табан тіреп, жеке кәсіпкер­ліктің алаңсыз дамуына барлық жағдай туғызып отырған әлемнің озық елдерінің қатарынан көріну үшін алда атқарылар жұмы­сы­мыз әлі де баршылық. Осы ретте өткен жылдың соңғы күн­дері Президент қол қойған «Қазақ­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның алар орны ерекше екенін айта кеткеніміз орынды.

Өткен жылдың басты жаңа­лығының бірі десе болатын бұл құжаттың Парла­мент қабыр­ғасында қызу талқылан­ған­ды­ғы баршаға аян. Өйткені оның ар­тында кәсіпкерлікті өмір­лік жолына, негізгі күнкөріс көзі­не айналдырған мың­да­ғ­ан отан­дастарымыздың, тіпті елі­міз­дің жаңа үрдіспен дамуы­ның тағ­дыры болғанын уақыт көрсетіп тұрды.

Ең алдымен, еліміз үшін ма­ңыз­ды бұл құжатқа енгізілген толық­тырулар қазіргі уақыт та­ла­бынан, бүгінгі замана ба­ғы­т­ынан, осы бағыттағы халық­ара­лық тәжірибеден туындап отырғанына және оның келешекте халыққа тигізер пайдасы да, қайтарымы мол болатынына сенімдіміз.

Нарықтық экономикада сол на­рықтың өзі және он­дағы аза­мат­тық-құқықтық өзара қа­рым-қатынастар негізгі реттеуіш ретінде танылады. Бұл орайда мем­­лекеттің реттеушілік рөлі тек көмекші фактор ретінде ғана кө­рінуге тиіс. Өйткені реттеудің әкім­­шілік әдістерінің әрекет ету аясы неғұрлым кеңейген сайын, нақ­ты нарықтық қарым-қатынас со­ғұрлым тарыла беретінін әлем­дік тәжірибе айқын көрсетіп отыр.

Ал нарықтық қатынастарға тү­бегейлі бет бұрған біздің елі­мізде нарыққа әкімшілік ық­­пал­дың жойылмауы азамат­тық-құқықтық және еңбек қа­рым-қатынастарының босаң­суына алып келетіні айқын. Өз кезегінде, бұдан нарықтық эко­но­миканың дамуы тежеледі.

Өкінішке қарай бұл үрдіс, яғни әкімшілік ықпалдың жойыл­мауы Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекс қабыл­данған алғашқы жылдардан бас­тап белең алып келеді. Мысалы, Қазақ КСР-інің 1984 жылы қабылданған Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексін­де кәсіпкерлер мен лауазымды адам­дарға қатысты әкімшілік жаза тағайындауды көздейтін баптардың саны ондағы барлық 324 баптың – 165-інде, 2001 жыл­ғы Кодексте 733 баптың – 538-інде, ал қолданыстағы Кодекс­те (2014 жылғы) ол алғаш­қы нұс­қадан 400 пайыз өсіп, он­дағы 920 баптың 608-інде қара­с­ты­рылды.

Сөйтіп кәсіпкерлерді тексе­ре­тін мемлекеттік органдардың саны 64-ке жетіп, оларға барлы­ғы 544 бақылаушы функция заң жүзінде бекітіліп беріл­ді. Мем­лекет тарапынан кәсіпкер­лерге 30 мыңнан астам талап қойы­латын болды. Оның үстіне осы Кодекстің негізгі бөлігіндегі 608 баптың 458-інен туындайтын мәселелерді қарау мемлекеттік органдардың құзырында болды. Бұдан әкімшілік шаралардың үнемі алдыңғы қатарда жүргенін байқау қиын емес.

Осыған орай мемлекеттік орган­дардың кәсіпкерлерге қа­тыс­ты әкімшілік шаралар­ды не­ғұр­­лым қатаңдату жөнін­дегі шек­сіз бастамалары жұртшы­лық­­ты құқықтық нигилизмге алып келуі мүмкін екендігін ес­керуі­м­із керек.

Дү­ниежүзілік нарықтың даму қарқынын жіті қадаға­лап отыр­ған Елбасымыздың бұл үрдіске көзқарасты түбегейлі өзгерту керектігін оқтын-оқтын ескертетіні сондықтан.

Әңгіме ауанына қарай, мынандай бір мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмын. Еуроодақ елдерінде 2004 жылы «Қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу және оны жоюға қатысты эко­логиялық жауапкершілік туралы» директива қабылданды. Соның 8-бабында «кәсіпорын басшылығы тек алдын алу және қалпына келтіру әрекеттеріне кеткен шығындарды ғана өтей­ді» деп ап-анық көрсетілген. Яғни кәсіпорын табиғатқа қауіп төн­дірген жағдайда алдын алу шара­ларын жасауға, ал залал кел­тір­се оның орнын толтыруға міндетті.

Бұл мәселе бізде мүлдем бас­қаша қарастырылған. Тіпті бюд­жетті қалыптастырудың өзі бизнеске салмақ салуға бағыт­талған. Оны айтасыз, мемлекеттік бюд­жетті толтыру мемлекеттік бақы­лау мен қадағалау органдары­ның тікелей міндеті деген ұғым әбден қалыптасып, үйрен­шікті дағдыға айналып кет­кен. Осыған байланысты мемле­кет­тік органдар, әдетте, бақы­лау мен қада­ғалау арқылы қол жет­кіз­ген жетістіктерін баспасөз бет­­терін­де үлкен жеңіс ретінде көр­­сетіп, жазып та жатады. Демек, бұл мемлекеттік орган­­дар­дың аталған кодексті қазы­наға пайда түсіретін баптармен толық­­тыру­ға барынша мүдделі екен­дігін көрсетеді.

Міне, осындай жайттарды сараптай, саралай келе Кодекске өзгерістер енгізуде мем­­­­лекеттік реттеудің сипатын өзгер­­ту керектігіне көз жеткіз­ген­дей болдық. Яғни азамат­тық-құқықтық өзара қарым-қа­ты­­насты әкімшілік әдістердің ал­­ды­на шығарудың, оған деген көз­қарасты заман талабына сай түбегейлі түрде өзгертудің уа­қыты келді деген ойдамыз.

Осылай еткенде ғана кәсіпкер­лікке тиісінше қоғамдық бақылау жасау қамтамасыз етіледі. Өз ке­зегінде ол кәсіпкерлердің өз жұ­­мыстары мен көрсететін қыз­­мет­терін сапалы атқаруына үлкен жауапкершілікпен қарауы­на ықпал етпек.

Әрине «билік пен бағыныш­тылық» қағидатынан толық көлемде бірден бас тарту мүм­кін емес. Алайда әріптестік, функ­­­ционалдық-клиенттік қағи­дат­тар­ды қолдану аясын кеңейту жолымен әкімшілік ықпал ету жүйесін белгілі бір дәрежеде тежеуге болады деген ойдамыз. Ол үшін заң жобасын талқылау барысында аталған Кодекстің ресми құрамы аясындағы санкцияларды қайта қарау, тәркілеуді қолдану негіздерін жетілдіру, лауазымды адамдардың әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану кезіндегі жауапкершілігін арттыру сияқты қағидаттарды мей­лінше тиімді пайдалану жағы­на баса назар аударылды.

Кодексті зерделеу барысында елімізде кәсіпкерлерге уақ­тылы есеп бермеу немесе ақ­парат я­ки статистикалық мәлі­мет­тер­ді аз-кем кешіктіру сияқ­ты қоғам­дық қауіп тудырмайтын бол­машы нәрселер үшін әкім­ші­лік айыппұл салу сияқты келеңсіз жүйе қалыптасып қал­ғаны да белгілі болды. Осыған орай кә­сіп­к­ерлерге айыппұл белгі­ле­ген­­де атқарылған істің қоғамға қан­шалықты қауіптілігін, салынатын айыппұлдың орта және шағын бизнестің көлеміне қарай жүргізілуін ескеру ұсынылды.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге қа­тысты құқық бұзушылық­тар­дың нақты тізімі де айқын болмай шықты. Ал бұл өз кезегін­де оларға кез-келген ұсақ-түйек үшін айыппұл салуға мүмкіндік беріп келген. Кодексте тек қо­сым­ша ережелерді ғана бас­шы­лыққа алатын, құқық бұзу­шы­лық­тың айқын тізімі жоқ 41 бап анық­талды. Ал аталған ережелер адамдардың қалыпты жұмыс істеуіне, міндетті техникалық қауіп­сіздікке, өндіріс процесі мен қор­шаған ортаға, сондай-ақ адам­­дардың өмірі мен ден­сау­лы­ғы­на қауіп төндіретін жайт­тарға еш қатысы жоқ талаптарға тұнып тұр.

Осыған байланысты, мұндай негізсіз баптарды қоғамға не­ғұрлым көбірек қауіп туғызатын әрекеттердің нақты тізімін жасау жағына қарай қайта қарау қажеттігі туындады. Ал белгі­лен­ген тәртіп бұзылған жағдай­дың өзінде, қоғамдық қауіптілігі айтар­лықтай емес баптар бо­йынша айыппұл қолданбай ақ, тек ескерту жасаумен шектелу ұсы­нылды. Осылайша әкімшілік ықпал етудің профилактика­лық рөлін арттыру сипатына басым­дық беру ескерілді.

Әкімшілік заңнама жүйе­сін­де кәсіпкерлер үшін, әсіресе тәр­кілеу санкциясының орны бөлек. Кәсіпкерлерге ауыр тие­тін жазаның бұл түрі бизнеске қа­тыс­ты баптардың 73 бөлігінде қарастырылған екен. Бұл ретте әкімшілік ықпал етудің құқық қолдану тәжірибесінде тәркілеу көлемінің құқық бұзушылықтың салдарына көбіне сәйкес келе бермейтіні айқын аңғарылды.

Мәселен, кәсіпкер деклара­ция­­сын дұрыс толтырмаса болды, бар тауарынан айырылды дей беріңіз. Ал «дұрыс толтырмауға» тех­никалық сипаттағы кез кел­ген ұсақ-түйек әрекеттер жат­қызыла салуы әбден мүмкін.

Тәркілеуді кеңінен қолдану, сайып келгенде, сараптамалық зерттеулерде еліміздің халықара­лық рейтингідегі көрсеткіштерін төмендетуге алып келуі ғажап емес. Сондай-ақ ол кедендік ор­ган­­­дардың қызметінде түйт­кіл­­ді мә­селелердің аз емес­тігі­­нен кәсіп­к­ерлердің олар­ға деген сенім­­сіздігін тудыратыны да анық.

Кәсіпкерлікті заңдылық тұр­­ғы­­да шегендеу мәселесіне кел­­ген­­де кәсіпкерлердің арыз-шағым­­дарын уақтылы қарау және ол бойынша кінәлі адам­дар­ға лайықты жаза қолдану мә­се­­лесі ерекше назарда тұруы керек. Билік пен кәсіпкерлік ара­сын­­дағы тепе-теңдіктің рет­теуі­ші осы деген ойдамын.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құрылған 4 жыл ішінде ғана осы құрылымға бизнесті қорғау бойынша 17 мыңнан ас­там шағым түссе, соның 90 пайы­зы лауазымды адамдардың әре­кеті немесе әрекетсіздігі туралы екен. Әкімшілік-құқық бұзу­шылық туралы кодекске өзгер­тулер мен толықтырулар енгіз­ген кезде біз негізінен осындай мәселелерді ескердік.

Бұдан да таратыңқырап айт­сақ, Кодекстің ерекше бөлі­мі­нің бизнеске қатысты 410 бабының 314 бабына өзгертул­ер мен толықтырулар енгізілді. Бұл – олардың 78 пайызы заман­ның даму үрдісіне сай елеулі өзге­рістерге түсті деген сөз. Тұтас­тай алғанда, Әкім­ші­лік-құқық бұзушылық туралы кодекске ұсынылған өзгеріс­тер мен түзе­тулер 3 бағыт­ты қамтыды. Олар – әкімші­лік-де­ликтілік заң­наманы ізгі­лен­діру, әкімшілік-құқық бұзу­шы­лық туралы істер бойынша іс жүргізудің жекелеген инс­ти­туттарын жетілдіру, Әкім­шілік-құқық бұзушы­лық туралы кодекстің рәсімдік және процессуалдық нормаларын жүйелендіру.

Ізгілендіру аясында әкімшілік құқық бұзушылықтардың құра­мы бойынша қолданыс­тағы санк­цияларды жеңілдету қарас­тырылған. Атап айтқанда, 157 құрам бойынша айыппұлды төмендету, 38 құрам бойынша «ескертуді» кеңейту және 30 құрам бойынша репрессивтілігі төмендеу жазаға ауыстыру, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшерін бес жүз ай­лық есептік көрсеткіштен екі жүз айлық есептік көрсеткішке де­йін төмендету көзделді. Бұ­ған қо­са, ауырлататын мән-жай­лар бол­­маған кезде ескерту жас­­ау­ға мін­дет­тейтін ереже қарасты­рыл­ды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік­ті тоқтата тұру үшін негіз бол­ған бұзушылықтарды жойған кез­де рұқсаттың (немесе оған жеке қосымшаның) қолданы­сын мерзімінен бұрын қайта бас­тау­ды, оларды жүзеге асыруға рұқ­саттама құжаттары беріл­ген қызметтің не әрекеттердің (опе­ра­циялардың) жекелеген түр­­лерінің (кіші түрлерінің) қол­­да­­нысын тоқтатуды, тоқтата тұру­­ды көздейтін өзгерістер мен толық­­тырулар енгізілді.

Сондай-ақ құқық бұзушы­лықтың маңызы болмашы болған кезде әкімшілік жауапкер­ші­ліктен босататын, жасалған әкім­­шілік құқық бұзушылықтың ма­ңы­зы болмашы болғанда судья, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам­ды ауызша ескертумен шектеле оты­рып, әкімшілік жауап­кер­ші­ліктен босату мүмкіндігін көз­дейтін тетіктер енгізілді.

Қорыта келе айтарымыз, бү­гінгі бизнеске кең жол ашатын, кәсіпкерліктің дамуына ті­рек те тіреу бола алатын бұл заң сайып келгенде ұжымдық ең­бек­тің игі жемісі екендігі даусыз.

Бұл іс қолға алынған 2016 жылдың басынан бері Заң инс­титутының алаңында ғана мүд­делі мемлекеттік органдар­дың, Ұлттық палатаның, бизнес субъек­тілерінің өздерінің және аза­мат­тық жұртшылық өкіл­дерінің қатысуымен жүз­ден астам отырыс өткізіліп, онда Әкім­шілік-құқық бұзушы­лық тура­лы кодекске ұсынылған бір мың екі жүзден астам түзету қаралып, олардың 40 па­йы­зы қабылданған. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Пар­ламент палаталарында аталған Кодек­сті қарау барысында депу­тат­тар 400-ге жуық түзету­ мен ұсыныс енгізіп, олар­дың 200-ден астамы қабылданды.

Түптеп келгенде, 2017 жыл­дың 28 желтоқсанында қол қойылған бұл заңның Елбасы­мыздың өзінің тікелей тапсырмасымен дүниеге келгенін тағы да атап айтсақ, артық болмас. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясын ашардағы сөзінде құқық қорғау органдарындағы реформаларды одан әрі жалғастыру, қылмыстық процестерді жаңа деңгейге көтеріп, құқық қорғау органдарының жұмысын халық­аралық деңгейге жақын­дастыру қажеттігін айта келіп, азаматтар мен бизнеске әкімшілік қы­сым көрсету мәселесінің бұрын­ғы­сын­ша күн тәртібінде өткір тұр­ға­нын атап көрсеткен еді. Сөзі­­нің соңында бұл мәсе­ленің түйі­нін жазуға тиіс толық­тыру­лар мен тү­зетулерді жыл соңына де­йін қа­был­дауды ұсынған болатын.

Бүгінгі күні Елбасымыздың бұл тапсырмасы айтылған мер­зім­де ойдағыдай орындалды деу­ге толық негіз бар.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
Парламент Сенатының депутаты