Балқаш өңіріндегі бір жағымды жаңалық – Гүлшат ауылында «жасыл» технологияларды дамыту бағытындағы жоба қолға алынды. Таяуда осы елді мекенде қуаты 40 мВт күн электр стансасы іске қосылмақ. Бұл шаруамен Қарағанды облысындағы жобаларын жүзеге асыруға 80 миллион доллар инвестиция құйып отырған испаниялық «Riser Energy» компаниясы айналысады.
– Былтыр Балқашта өнеркәсіп 8 пайызға, құрылыс секторындағы өсім 13 пайызға артты, – дейді Александр Аглиулин. – Алты мың шаршы метр тұрғын- жай пайдалануға берілді, бөлшек сауда мен ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі артты. Қала экономикасына 19 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігі 72 миллион теңгеге жетті.
Әкім мәлімдегендей, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде былтыр күзде Саяқ кен орнында «Эдванс Майнинг Технолоджи» ЖШС ескі үйінділерден мыс алу жобасы жүзеге асырыла бастаған. Ал «Қоңырат» ЖШС мыс өндіру көлемін былтыр 5 мың тоннаға арттырды. «ICC» және «Сары Қазына» компанияларында шикізат өңдеу жұмыстары қарқын алған.
Қала экономикасына шағын және орта бизнестен былтыр 14,5 миллиард теңге кіріс кірген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жеті жобаға жалпы сомасы 535 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетіліпті.
– Былтыр қала бюджетіне түскен 600 миллион теңге кірісті біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік саланың проблемаларын шешуге жұмсадық, – дейді Балқаш қаласының әкімі. – Ал биыл әлеуметтік салаға жалпы бюджеттің 55 пайызын бағыттап отырмыз. Қолданылған шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі бес пайызға азайды. Осы жылдың 1 мамырындағы мәліметке жүгінсек, 482 адам жұмысқа тұрғызылып, 389 адам қайта даярлау курстарына жолдама алған. Әлеуметтік көмекке қала қазынасынан 20 миллион теңге қарастырылған.
Қала басшысы білім беру мен медицина салаларының жағдайына да тоқталды. Биыл бұл салаға 4 миллиард теңге бөлінген. Оның 149 миллион теңгесіне 14 білім беру мекемесі жөндеуден өткізіледі. Мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғасады. Биыл қала мектептері сондай алты кабинетпен және төрт робот-техника зертханасымен қамтамасыз етілмек.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігінің аясында Балқашта биыл бір балабақша және келесі жылы тағы бір балабақша ашылады. Жеке инвестициялар есебінен қаланың орталық ауруханасында МРТ кабинеті, ал оңалту орталығында кинезотерапия ашылады. Ал денсаулық сақтау мекемелеріне жабдықтар сатып алуға мемлекеттік қазынадан 83 миллион теңге қарастырылған.
Қала басшысының айтуынша, балқаштықтар тұрғын үй жинақтарына көңіл бөле бастаған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашқандардың саны үш жарым мың адамнан асқан. Оларға «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында биыл 45 пәтерлі екі үй беріледі. Үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 42 мың шаршы метр көп пәтерлі екі үй қалпына келтіріледі. Жалға берілетін көп пәтерлі екі үйдің құрылысы 2019 жылға жоспарланып отыр. Олардың жобалау-сметалық құжаттамасы қазірдің өзінде дайын. Ипотекалық тұрғын үйлер құрылысын дамыту мақсатында биыл «Самал» шағын ауданындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына құжаттама әзірленеді.
Сонымен қатар Балқашта былтыр облыс әкімінің қолдауымен басталған жол жөндеу жұмыстары жалғасын табуға тиіс. Қаланың сегіз көшесін қайта жаңғыртуға қаражат дайын. Алдағы жылы жаңадан екі жол төселмек.
Ағымдағы жылы қаланың кәріз желілерін қайта құрастыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Жылу тораптарын қайта құрастырудың жобалау-сметалық құжаттары әзір болғанмен, жұмыстар келесі жылы ғана басталады.
– Жақында орталық саябақты абаттандыру жұмыстарын бастаймыз, – дейді А.Аглиулин. – 9 ауланы, тротуарларды жөндейміз. Ағаш көшеттері отырғызылады. Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға «Қазақмыс» корпорациясының үш жылдық бағдарламасы да септеспек. Компания бұл мақсатқа 100 миллион доллар қаражат бөліп отыр. Ал зауыт аумағынан күкірт ангидриді шығарындыларын сүзетін күкірт қышқылы цехы ашылған.
Саяқ кентін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі біраздан бері айтылып келеді. Әкімнің айтуынша, су ірку құрылыстарының жобалау-сметалық құжаттамасына биыл облыстық бюджеттен 65 миллион теңге бөлінген.
Балқаштың туристік әлеуеті де зор. Қазіргі уақытта жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары басталған. Қала басшысы айтқандай, бұл жұмыстың туризмді дамытудағы рөлі зор. Жөндеу жұмыстарын 2019 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Содан кейін Балқаш әуежайы кез келген класты ұшақтарды қабылдай алады. 15 мамырдан бастап «Алматы – Балқаш» бағытындағы ұшақтар қатынай бастағанын айта кетейік. Бұл Балқашқа келетін туристер санын арттыруға сеп болады деген үміт зор. Былтыр қаланың туризм саласындағы кірісі 224 миллион теңге болды. Оған «Балқаш – Туризм-2017» форумының көмегі болған екен. Қала басшылығы бұл форумды шілде айында тағы да ұйымдастырмақ.
Таяу күндері Балқашта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қалпына келтірілген 25 метрлік жүзу бассейні іске қосылмақ. Көкше теңіздің жағасындағы қаланың, әлбетте, проблемалары да баршылық. Бірақ біз бұл шағын мақаламызда тек қала басшысының өзі мәлімдеген жайттарды жариялауды ғана мақсат еттік.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ