12 Маусым, 2018

Парацельс раушаны

690 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сөзі аз, кейіпкерлері одан да аз, бірақ мағынасы терең әңгімелерді көп кездес­ті­ресіз бе? Оны оқып, талқылап, әр сөзінің астарын іздейсіз бе? Мен кейде кітап сөре­сін­де тұрған, оқылған кейде оқылмаған кітап­тарды ақтарып тұрып кез келген бе­тіне тоқтап бір абзацын оқимын. Содан қызығушылық туындаса әрі қарай оқып кетемін, кейде сол бір-екі абзацтан кейін кітапты жауып орнына қоямын.

Парацельс раушаны

Бұл шағын тәжірибені жаңа идея табу үшін немесе ұзақ уақыт істеп жатқан, бірақ жалықтырған істен аз болса да оқшаулану, ойды басқа нәрсеге бұру үшін жасаймын. Сондай бір сәтте қолыма түскен кітаптан Хорхе Луис Борхестің «Парацельс раушаны» деген әңгімесі туралы пікірлерге көзім түсті.

Хорхе Луис Борхесті білмейтін адам жоқ болар, шығармаларын оқымасаңыз да атын естігеніңізге сенімдімін. Бұл шағын әңгімеде ұстаз іздеген шәкірттің сынаққа шыдамай ұстазсыз қалуы, ал ұстазға өзіне сай лайықты шәкірттің кездеспеуін көреміз. Шәкірт ұстаз іздейді, бірақ алдында тұрған кісіні сынап барып өзіне ұстаз еткісі келеді. Ол өзінің шеберлігін дәлелдесе ғана, оның ұстазы бола алады екен. Ұстаздың «Сен кімсің? Менен не күтесің?» деген сұрағына жауап бермес бұрын шәкірт болғысы келген адам үстелдің үстіне алтын тиындарды сілкіп түсіре бастайды. «Бұл ақша менің сенімен бірге жұмыс істегім келетінінің дәлелі. Сенімен бірге (барлық нәрсені алтынға айналдыратын) тасқа жететін жолды жүріп өткім келеді», дейді. Бірақ ұстаз басынан, егер «сенің мақсатың алтын болса, онда сен менің шәкіртім бола алмайсың» дегенді айтады. Ұстаз болашақ шәкіртіне «тасқа баратын жолдың өзі тас» екенін түсіндіреді, егер ол осыны түсінбесе, онда ешнәрсені түсінбегенін айтады. Оның әр қадамының мақсат екенін, бара жатқан жерінің өзі де «тас» екенін айтады. Бірақ келген кісі қолындағы раушан гүлін көрсетіп, осы гүлді өртеп, оны күлден қайта қалпына келтіруін сұрайды. Ол осы көріністі өз көзімен көргісі келеді, осы ғажайып кереметтің куәгері болғысы келетінін айтады. Бірақ ұстаз «сен тым сенгішсің, маған сенгіш адамдар керек емес. Маған сенімі бар адамдар керек. Раушан гүлі – мәңгі, оның сырт пішіні ғана өзгереді. Сен оны қайта көруің үшін бір ғана сөз жеткілікті» дейді. Бірақ жас жігіт өз дегенінен қайтпайды, раушан гүлін отқа лақтырып жібереді. Ұстаз ешнәрсе істемейді. Жігіт өз қателігін түсініп кетіп қалады. Әрине ол «Менің рухым күшейген кезде, қайтып келемін» дейді, бірақ екеуі де қайтып келмейтінін нақты біледі. Ол кетіп қалған соң, ұстаз қолындағы гүлдің күліне қарап сөз айтады да раушан гүлі қайтадан пайда болады. Осымен әңгіме аяқталады. Болашақ шәкірт ұстазын сынағысы келеді, бірақ ұстаздың да оны сынап жатқанын байқамай қалады. Сондықтан әкелген алтынын алып кетіп қалады, қайта оралмайды. Тағы бір айтатын нәрсе, шәкірт болғысы келген адам раушан гүлін отқа тастаса ол құриды, жоқ боп кетеді деп ойлайды, ал ұстаз оған раушан отқа оранып от болады, кейін күлге айналады, бірақ қандай жағдай болса да раушан гүлі болып қала беретінін айтады.

Осы шағын әңгімесінде Борхес адамның өзіне және болашақ ұстазына деген сенімсіздігін ашық көрсетеді. Адам өзінің істеп жатқан ісіне сенуі керек, сонда ғана нәтиже болады. Шәкірттердің ең басты қателігі – жастарға тән шыдамсыздық. Олар көп күтпей құпия білімді сол сәтте алғысы келеді. Ал ұстазға оның ісін жалғастыра отырып, ғылымды әрі қарай дамытатын, білімді сеніп тапсыратын шәкірт керек. Сондықтан ұстаз шәкіртін сынайды. Өкініштісі, бұл екеуі бір-бірін таба алмай, ұстаз – шәкіртсіз, шәкірт – ұстазсыз өмірден өтулері мүмкін.

Негізі Парацельс – өте танымал есім. Жоғарыда айтылған Хорхе Луис Борхестің әңгімесінің басты кейіпкерінің есімі Парацельс. Ағайынды Вайнерлердің «Лекарство для Несмеяны» романының басты кейіпкерінің де есімі осындай. Оған кинотуындылар да арналған, мысалы 1943 жылы аустриялық кинорежиссер Георг Пабст осы атаумен кино түсірген, басқа да фильмдердің басты кейіпкері. Неге десеңіз, бұл есім танымал швейцарлық алхимик, дәрігер, философ Филипп Ауреол Теофраст Бомбаст фон Гогенгеймнің (1493-1541) лақап аты. Парацельс – латын тілінен аударғанда «Цельстен басым түскен» дегенді білдіреді. Ал Цельс ежелгі римдік энциклопедист және біздің эрамызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген медицина білгірі. Парацельс медицина ғылымы мен тәжірибесінің реформаторы болған, оның қалдырған мұрасы ұшан-теңіз, мысалы, цинк металына атау берген.

Бір зерттеуде осы әңгімені әртүрлі мамандық иелеріне: тарихшыларға, физиктер мен дәрігерлерге, суретшілер мен музыканттарға, тіл мамандарына оқытып, пікірлерін сұрайды. Әр мамандық иесі өз біліктілігі және өзі зерттейтін ғылым тұрғысынан пікір айтады. Тарихшылар бұл астарлы әңгімеден адам өз ісіне адал болуы тиіс, түсініксіз құбылыстарға қызығушылық ғылыми шындықты іздеуге бастау болады деген қорытынды шығарады. Физиктер мен дәрігерлер «раушан гүлі – шынайы өмір, оны оңай өртеп жіберуге, яғни жоқ қылуға болады, өлген нәрсе қайта қалпына келмейді. Бірақ қиялдағы әлемде бәрі мүмкін, ол жерде өзіне тән заңдылықтар бар» дейді. Суретшілер мен музыканттар үшін раушан гүлі – сұлулықтың символы. Жас жігіт мәңгілік сұлулықтың иесі болғысы келеді. Ал ғажайып оның жүзеге асатынына сенгенде ғана мүмкін болады, ол бұйрық немесе талап еткенде жүзеге аспайды. Сондықтан өзімізге сенейік, өз ісімізге адал болайық, қала берді ғажайыптың болатынына сенейік, сонда ғана арман-тілектеріміз шындыққа айналады. Оған қоса ұстаз іздеуден жалықпайық, жақсы шәкірт болуға тырысайық, өйткені уақыт өте келе өзіңнің де ұстаз болуға мүмкіндігің бар екені сөзсіз.

Бақытгүл САЛЫХОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты