Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Әлеуметтік жоба аясында павлодарлық балалар Астанаға қыдырып келді

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана – менің Отанымның елордасы» арнайы жобасының аясында Павлодар облысынан келген балалар қаланың ең көрікті орындарымен танысты.

Әлеуметтік жоба аясында павлодарлық балалар Астанаға қыдырып келді

500 шақырымды артқа тастап жеткен балалар ең әуелі экскурсияны Есіл өзенінің жағасынан бастады. Бұдан соң шолу шеңбері мен океанариум, экзотариум, Астана паркін аралап, қала орталығындағы мемлекеттік символдар алаңын аралады.

Аталған экскурсияның басы-қасында жүрген, Астана қаласы бойынша тәжірибелі гид Еркін Тұрғанәлиев жобаның мақсаты мен маңызын егжей-тегжей түсіндіріп берді. «Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мен SkyWay ұйымдастырған бұл бағдарламаға еліміздің 15 облысынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бір топ балалар келеді. Осыған дейін Алматы мен Ақмола облысынан 100-ге жуық бала қатысқан болатын. Бүгінгі экскурсияға Екібастұз, Ақсу және Павлодардан 34 бала келді», дейді Еркін Тұрғанәлиев.

Бағдарламаның екінші күнінде қалаға қыдырып келген балалар «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» сауда-үйі, ұлттық музей, «Қазақ елі» монументі сынды композициялық құрылысымен дараланатын қаланың ең көрікті жерлерімен таныса алады.

Аталған турдың ұйымдастырушысы, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС қызметкері Ольга Кадникова: «Біз қаламыздың панорамалық көрінісін көрсету мақсатында балаларды екі қабатты экскурсиялық автобуспен тасымалдауды жөн деп санадық. Балаларға жақсы әсер қалдыру үшін астанамыздың ең көрікті, әсем жерлерін, ғимараттарын көрсетуге тырыстық», деп жоба жайлы қысқаша түсінік берді.

4 маусымда басталған «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік жобасы тамыз айына дейін жалғасады. Еліміздің 15 облысынан келген балалар елорданың тарихи және мәдени орындарын тамашалады, сонымен қатар оларға кәсіби гидтердің қатысуымен ерекше экскурсия және мәдени-көңіл көтеру бағдарламасы ұйымдастырылды.

Бағдат ӘШІМ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 1-курс студенті