Мән-жайды білейік, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан өтініш-тілектерді жеткізейік деп облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарластық. Басқарманың жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаевамен сөйлескенімізде, ол «Өскемен-Үржар» әуе бағытының бағасы 1 маусымға дейін 10 мың теңге болғанын, бұған облыстық бюджеттен арнайы субсидия бөлінгенін, ал 1 маусымнан бастап ұшақ бағасы 22 мың теңгеге дейін қымбаттағанын айтты. «Бюджетті оңтайландыру үшін жазда коммерциялық бағытқа ауысқан болатынбыз. Дегенмен де бұл мәселені қайта қарастыруға әзірміз. Егер жолаушылар 22 мыңды қалтаға салмақ салады деп жатса, бұрынғы бағасын қайта қалпына келтіруге болады», дейді бөлім басшысы.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты туристік ақпараттық орталықтың берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Үржарға үш әуе бағыты қарастырылған. Олар – «Өскемен – Семей-Үржар», «Алматы – Үржар», «Астана – Үржар» бағыттары. 2018 жылы субсидия ретінде «Өскемен – Семей – Үржар» бағытына облыстық бюджеттен 162 млн, республикалық бюджеттен «Алматы-Үржар» бағытына 71 млн, «Астана-Үржар» бағытына 63 млн теңге бөлініпті. Аталған әуе бағыттарына көз салсаңыз, Астана (19 500 теңге) мен Алматыдан (16 мың теңге) Үржарға тікелей қатынайтын ұшақтардың бағасы Өскемен мен Семейден (22 мың теңгеден басталады) әлдеқайда арзан екенін аңғарасыз.
Түйін
Ұшақтың жайы әзірге осындай болып тұр. Қатынас мәселесін қозғағаннан кейін Алакөлге жүреді делінген пойыз жайында да айтпасқа болмайтын секілді. Жақында газетімізде «Алакөлге 15 маусымнан бастап пойыз жүреді», «плацкарттың бағасы – 2800, купенің бағасы – 4000 теңге болады» деп оқырмандардан сүйінші сұраған болатынбыз. Жағымды жаңалықты облыс әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында жеткізгенін де айтқанбыз. «Жөн болған екен. Әйтпесе Үржардың жолымен Алакөлге жеткенше сілікпеміз шығып жүруші еді» деп біраз жұрт қуанып, алғыстарын жаудырып еді. Енді міне соңғы апталарда: «Алакөлге пойыз жүре ме, жүрмей ме? Нақтысын айтыңыздаршы», деп темір жол вокзалына хабарлассақ, «бізде ондай ақпарат жоқ» деген жауап алдық.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы