Оған ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы, ҚХА ҒСК төрағасы Айгүл Сәдуақасова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры, ҚХА ҒСК мүшесі Зарема Шәукенова және басқалар қатысты.
Кеңейтілген отырыс барысында Леонид Прокопенко ҚХА-ның ХХVІ сессиясының қорытындылары мен Елбасы тапсырмасын іске асыруды ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету міндеттемелері туралы айтып өтті. «Елбасы қоғамда қалыптасқан бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін ұлттық өркендеу мен әлеуметтік мемлекеттің прагматикалық үлгісімен қуаттай түсуде. Іс жүзінде бұл өзара байланыстардың негізінде этностық және әлеуметтік құрамдардың біртұтас бірлігі қалыптасады. Осы орайда Ассамблеяның алдына қойған мақсаттарының кеңеюі заңды», деді ол.
ҚХА Төрағасы орынбасарының айтуынша, Елбасының тапсырмасымен «ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына» бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Түзетулер жаңғыру, әлеуметтік саясат және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларындағы басым бағыттарға сәйкестендірілмек. Биыл ҚХА осы жұмыстармен айналысатын болады. Оған қоса ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы түрлі этностардың жастарын жаңғыру бастамасы аясында біріктіріп, олардың өзекті стартаптарын қолдауды жүзеге асырмақ.
Л.Прокопенко ҚХА-ның XXVI сессиясында ұсынылған ғылыми-танымдық «Қазақтану» жобасына тоқталып өтті. «Жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этностар арасында дәріптеуге арналған. Оған ерекше маңыз беріліп отыр, яғни онда бірыңғай құндылықтарды қалыптастыру ескерілген», деді ол. Сондықтан биылғы маусым айында Ақмола облысында аталған жоба ресми түрде іске қосылмақ. «Жобаға ғылыми мағына бермей, жүзеге асыру мүмкін емес. Сол мақсатта ҚХА кафедралары базасында оны іске асыру үшін тиісті алаңдарды құру керек», деді Леонид Прокопенко. Бұдан соң Президент Н.Назарбаевтың қоғамдық-саяси және әлеуметтік бастамаларын ғылыми-сараптамалық қолдау туралы тақырыпта баяндамалар жасалды.
Соңында ҚХА Ғылыми сарапшылық кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»