13 Маусым, 2018

Саяси диалог пен ынтымақтастықтың маңызды платформасы

1529 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының XVIII отырысына қатысқаны белгілі. Циндао (ҚХР) қаласында 9-10 маусымда өткен жиында ШЫҰ мүше-мемлекеттері мен бақылаушы-мемлекеттерінің басшылары, сонымен қатар түрлі халықаралық ұйымдардың жетекшілері болды. Бұрынғылардан ерекшелігі – аталмыш саммит ШЫҰ кеңейтілгеннен кейін және Ұйым мүшелігіне Үндістан мен Пәкістан толыққанды қабылданған соң бірінші рет өткізіліп отыр. 

Саяси диалог пен ынтымақтастықтың маңызды платформасы

Өзара ықпалдасудың жаңа «сегізжақты форматы» Қытай мен Үндістан, сонымен қатар Үндістан мен Пәкістан арасындағы байланыстарға оң ықпалын тигізіп отырғанын атап өткен жөн. Бұл – саммиттің маңызды тұсы. Осылайша, бір үстелдің басында жолығысқан Үндістан мен Пәкістан жетекшілерінің келіссөздері, әртүрлі мәселелер бойынша ортақ пікір алмасу мен құжаттар қабылдау – олардың орташа мерзімде жақындасуындағы ұтымды өзгерістерінің нышанын білдіреді. Бұл тұста саяси диалог пен сенімнің нығаюының кепілдігі ретінде ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің ұзақ мерзімге арналған тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартының жүзеге асуы маңызды болып отыр. 

Кеңейтілген форматтағы отырыс барысында мемлекеттер басшылары жаңа жағдайдағы әрі қарайғы өзара ықпалдасу мәселелерін қарастырды, сонымен қатар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, атап айтар болсақ, Ауғанстан мен Сирия мәселелерін талқылады. 

Мұндағы ең негізгі саяси құжат – ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің өңірлік және жаһан­дық саясатқа қатысты өзекті мәсе­лелері қам­тылып, ұйым шеңберіндегі көпқыр­лы ынты­мақтастықтықтың әрі қарайғы даму бағдары ұсынылған Циндао декларациясы екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және туризм саласындағы құжаттар қабылданып, ШЫҰ Кеңсесі мен БҰҰ арасында білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ынты­мақ­тастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

Бұған қоса тараптар отырыс нәтижесі бойынша бірқатар елеулі құжаттар пакетін қабылдады. Қауіпсіздікті бірлесе күшейтуге байланысты жаңа шаралар тұжырымдалды. Терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен, сондай-ақ есірткі бизнесі және киберқауіппен күресу Циндао саммитінің басты басымдықтарының біріне айналды. Осылайша, мәжіліс шеңберінде ШЫҰ мүше-елдерінің терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы тұру бойынша ынтымақтастығының 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, 2018-2023 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын бекіту шешімі және оны орындау бойынша іс-қимыл жоспары бекітілді. 

Бірлескен заманауи өндірістің ортақ даму платформасын жасау мен электронды сауданы дамыту мақсатында Қазақстан цифрлы жүйеге көшу мен жаңа технологиялар саласындағы тәжірибе алмасу бойынша жаңа алаң құру идеясын ортаға салды. Сонымен қатар қаржы және адам потенциалын іске қосу үшін Елбасы Пекин-Астана-Мәскеу-Берлин маршруты бойынша Еуразиялық жүрдек темір жол магистралы инфрақұрылымды жобасын жүзеге асыруды ұсынды. ШЫҰ мен ЕАЭО сияқты платформаларды біріктіру перспективасына ие мұндай мегажоба Ұйымның дамуына қосымша импульс беретіні анық. 

ШЫҰ тарапынан жастарға ерекше назар аудару, жас ұрпақты ұйымға, мүше-мемле­кеттердің экономикалық өміріне белсенді тарту мәселесі де ерекше назарға алынды. Осыған байланысты ШЫҰ Іскерлік кеңесінің жастар қанатын құру мәселесі қарастырылды. 

ШЫҰ-ның он сегіз жылдық даму тәжіри­бесі барысында, іс жүзінде, бірде-бір жан-жақты экономикалық жобаның жүзеге асырылмағандығын атап өткен жөн. Осыған сәйкес, саммит қатысушылары кеңейтілген экономикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл аударды. Бүгінгі күні ШЫҰ-ның саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бірте-бірте артып отыр. Ұйым барынша жаһандық сипатқа ие болуда. 

Қазақстан Президенті атап өткеніндей, былтырғы маусымда Астана саммиті барысында құрамына екі ел енгеннен кейін ШЫҰ аймақтық және халықаралық саясаттағы ықпалды ойыншы ретіндегі рөлін барынша бекітті. Қазіргі таңда ұйым Үндістан мен Пәкістан арасында диалог орнатуда, күрделі саяси алауыздықтар мен территориялық талас­тарды шешуде барынша ұтымды алаң болып отырғанын да атап өткен жөн. 

Өзінің сәтті эволюциясына қарамастан, бүгінде «шанхайлық сегіздік» жаңа мүм­кіндіктер мен қауіптермен бетпе-бет келіп отыр. Оның кеңейтілуімен өңірлік ұйым континенттік Еуразияның ішіне Ресей, Қытай және Үндістан сияқты ірі акторлары енетін ең өкілетті форумға айналды. Нәтижесінде, мәселелер қатары көбейіп, тепе-теңдікті сақтау бірте-бірте қиындай түседі. 

Жалпы, Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына өткен жылдың маусымынан бас­тап төрағалық еткен мерзімде 160-тан астам жан-жақты шара өткізді. Қытайдың төрағалық етуі шеңберінде саммит өзара тиімді ынтымақтастықты орнатуда маңызды платформаға айналды.

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық

зерттеулер институтының директоры