13 Маусым, 2018

Балалар вайны

852 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бала тәрбиесі бесіктен» деген мәтелді білгенімізбен, баланы бесіктен тәрбиелей бермейтініміз тағы рас. Әркімде шаруа шаш-етектен, аралас-құраластық та уақыт алады. Оның бәрін айналып келгенде бос уақыттың есебінен түгендегенімізбен, балаға бөлетін уақыттың еншісінен қарпып жатқанымызды ата-аналар қауымы аңдай да бермейміз. 

Ал бала жалғыз қалады. Зеріккен баланың зейіні неге ауады? Әрине, үйдегі Wi-Fi желісіне қосулы смарт теледидар, планшет немесе смартфондарға ауады. Зерек болса да зердесіне ертегі кейіпкерлерін, аңыз-әпсаналардың орамды оқиғаларын тоқитын, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш жаттатқызатын әжелер сирек. Айзере көп болса да, анық Зере жоқ. Әрине, әр заманның өз әжесі бар. Соған қарай жаңа буынның да тынысы, үні өзгере бермек. 

ХХІ ғасыр жеткіншектерінің жадын жаулап алған сиқырдың бірі интернеттің иіріміне тартатын вайндар деуге болады. Вайн – өмірдің кейбір сәттерін көрсететін, 2 секундтан 20 секундқа дейін ғана созылатын қысқа роликтер. Вайн атауының шығу төркіні әу баста Vine бағдарламасымен жарияланатын, ұзақтығы 6 секундқа дейінгі роликтер болатын. Әлбетте, көпшілігі вайнды әлеуметтік желілерге салатын кез келген юморлық шоулармен шатастырады. Мұның табиғаты әзіл-сықақ қойылымынан сәл басқашалау. Дегенмен, кез келген видеоны түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялай бергенімен вайнер атана қою да екіталай. Ал «Vine» мобильдік қосымшасын біраз жыл бұрын Twitter компаниясы сатып алған болатын. 

Қазір әсіресе YouTube сегментінде ең танымал вайнерлердің бар екені белгілі. Кейбірінде жүз мыңдаған жазылушылар кездеседі. Бұл тарапта ең бастысы вайнердің тақырыпты қоғамның қабылдауына ұғынықты жеткізуі болса керек. Сондай-ақ әдемі әзілмен әдіптеліп тұруы тиіс. Бұл вайнердің шеберлігі мен ойлау жүйесінің еркіндігіне тікелей тәуелді. Әрине, пікірлер әр алуан. Әзіл-қалжыңды қабылдау да әртүрлі. Соған орай вайнерлерді түсіну де адамдардың мінез-құлқына, табиғатына байланысты құбылып тұратыны түсінікті.

«Соңғы мода, соңғы мода – осылар, шын модашы көз жұмып тез қосылар» деп ақын Аманжан Жақып ағамыз айтқандай, тренд тұғырына шыққан тосын дүниелерді тарту-таралғыдай тез қабылдап алатынымыз бар. Бүгінде бұл вайнға ынта-ықыласымен үңіліп отыратын балалар бәрімізді таңғалдырып жүргені жасырын емес. Тіпті сәбилердің балдырған саусақтарымен сенсор экранды әрлі-берлі жылжытып, жақсы көретін дүниесін тауып алғанына немесе пульт тетіктерін басып қажетті вайндарын қойып алғанына тап бір ақпараттық технологияны жетік меңгеріп шыққан кәнігі маман атанғандай қуанамыз. Иә, бірақ бұл баланың цифрлы дәуірге тәй-тәй басқан қадамы болғанымен, оның шырмауынан шыға алмай шұқшиып отырып қалатыны шынымен алаңдатады. Өйткені вайншыл бала өзгелерді көрмейді, естімейді, жұлқылап жүріп әрең дегенде бетін «бері» қаратып аласыз. Бұл қандай сиқыр, қандай күш?!.. Бұған психологтар не дейді? Әке-шеше бір уақ осыған да бас қатыруы қажет сықылды. 

Сондай-ақ қазір қазақстандық бүлдір­шіндер арасында кеңінен танымал вайнер балалар да кездеседі. Бір кездері той-томалақта ересектерше шаш үлгісін қойып, әуелете ән айтып, екі иығын жұлып жеп би билейтін бүлдіршіндер түрлі ойға қалдыратын. Әркімнің таңдауы, еркі болғанымен, балдәурен балалықтың табыс тауып, тез есеюіне де ересектер тарапынан бір тыйым керек пе дейтінбіз. Бүгінгі вайнер балалардың видеоларын көргенде де алдымен осы ой боталайды. Өйткені ата-ананың аялы алақанының бар жылуын сезініп өсуі тиіс бүлдіршіннің камера алдында бет-аузын бояп, шешесінің немесе әпкесінің киімін киіп әлдебір образды кейіптеуі, тұрмыстық тақырыптарға түрен салуы кіршіксіз бала әлеміне жараспайтын қылық. Бұл қаншама солқылдаған шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан өзі құралпы балдырғандарға да бұрыс тәрбие береді, қисық мінез қалыптайды.

Десе де, интернет иірімдерінен азды-көпті байқағанымыздай, вайнды түсіру белгілі бір деңгейде шығармашылық ізденісті қажет етеді. Яғни бұл үрдісті шіли теріске шығарудың да қажеті жоқ. Себебі әр жанрда ұлттық өнім болуы керек. Бұл ұлттық иммунитетті түзеді. Мәселен, қазақстандық балалар вайны болмаса, олар шетелдік вайндарды тамашалай бастайды. Бұл өз кезегінде болмыс-бітімі бөлек елдердің тәрбиесін де сіңіреді. Сондықтан мектеп вайнын дамытуға, әсіресе ана тіліміздегі жарасымды балалар вайнын түсіруге барлық оқушылар сарайы мен балаларды дамыту орталықтары жұдырықтай жұмылдырылса, көп ұзамай жақсы үрдіске айналып жүре беретініне күмәніміз жоқ. Себебі қазір гаджетті құшақтаған балалар дүниеге келіп жатыр... 

Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»