Мұны айтасыз, киелі сахнаға ашық-шашық шығатын кейбір әншілерімізді көргенде кірерге жер таппай қиналамыз. «31 канал» аталатын телеарна әртістердің жатқан-тұрғанынан бастап, не ішіп, не жейтініне дейін тәптіштеп, термелеп көрсетуден жалықпай келеді. Бұдан басқа да арналар қалыспайды. Кейде ойлаймын: өнер иелері өздерін жан-жақты насихаттау үшін оларға ақы төлейді ме екен деп. Әйтпесе, әншілердің отбасы, ошақ қасындағы өмірі кімге дәрі болыпты? Қандай баспана алғаны немесе салғаны, қандай көлікпен жүретіні, қандай киім киетіні, іссапарларға қандай көліктермен баратыны, қандай қонақүйлерге түсетіні, не ішетіні, кімдермен байланыс жасайтыны, қонаққа кімдерді шақыратыны, баласының бесік тойын қалай өткізгені, баласына кімнің ат қойып бергені, баласын сүндетке отырғызғаны, перзентханадағы келіншегі мен баласын қандай салтанатпен алып шыққаны, ыңғайсыздау болса да айтайық, естігенде бет түгілі безеу ұялады. Құдайым-ай, түгін қалдырмай көрсеткенде, «мынадай сый-құрметті патшалар мен хандар, әміршілер, корольдер, президенттер, канцлерлер де бастарынан өткермеген шығар» деп еріксіз ойланасыз. Оларды алақанға салып, бастарынан құс ұшырмай мәпелегеніміз соншалық, Төреғали Төрәлі дегені тізгіннен шығып кеткені былай тұрсын, өзінің концертіне келген дап-дардай адамға ауызына келгенін айтып, шатып-пұтты. Арада шамалы уақыт өтпей-ақ бұл батыр атасындай кісіден кешірім сұраған болып, киелі сахнаның төріне қайта шықты. Бүгінде жер-жерді аралап, концерттерін беріп жүр. Оған ешкім ештеңе демейді. Оған не істесе де бәрі жарасатын сияқты.
Осындайда кешегі Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Әміре, Балуан Шолақ, Кенен,тағы басқалары еріксіз еске түседі. Одан беріде Күләш, Роза, Ғарифолла, Рашит, Мүсілім, Жәнібек, қазір ортамызда жүрген Қайрат Байбосынов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, тағы басқалары ән әлемінде бұлбұлдай сайрап, қырандай қалықтағанымен, кейбір Ай батпай жатып жарқырайтын «жұлдыздардай» оғаш қылық танытқандарын естімеппіз.
Айтпағымыз бұл емес еді. Жалпы, қазақтың киелі сахнасын ұятсыздардан қалай қорғауға болады? Телеарналардағы масқаралыққа қашан тыйым жасалады? Бүгінде қазақ қоғамы алдындағы күрмеуі қиын сұрақтардың бірі осы сияқты. Салалық министрліктер басшыларының бұл орайда не ойлағандары бар?
Ұлы Даланың заңдары бойынша ұлағатты ұландарға, қылықты қыздарға салынған тыйымдар мен тоқтамдар бар. Соның ішінде «қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым» деген тәмсілдің мәні тереңде. Ал енді «біз қыздәуреннен өткенбіз, не істесек те жараса береді» деп ойлайтындар мықтап қателеседі. «Әйел бұзылса, әлем бұзылады» дегенді даналар текке айтпаған. Есер еркектерге де ескерту жасайтын кез жетті. Түбі мұның соңы жақсылыққа әкеліп соқтырмасы анық.
Сахна – киелі орын. Ал киелі атаулымен ойнауға болмайтынын есі дұрыс адам жақсы біледі. Жұрт алдына жартылай жалаңаш шығып, өзіңнің қадіріңді кетіріп қана қоймай, сахнаның құтын қашырасың. Өнер адамдары қанша дегенмен елдің көз алдында жүреді. Жастар, киелі өнерді сүйетіндер соларға еліктеп өседі. Өнер адамдарының барлығы журналдың бірінші бетіне жалаңаш суреті шыққанын мақтаныш көретін Ресейдегі «ТНТ» телеарнасының жүргізушісі Анфиса Чехова емес. Қазақтың менталитеті бөлек дәстүрі басқа. Ендеше тым еркінсіп, ойыма келгенін істейтін өнер иелеріне бір тоқтау болуы тиіс!
Қазақ – ең алдымен Ар мен Намысты бірінші кезекке қойған халық. Ендеше, өз Арымызды өзіміз аяққа таптамайық. Ар мен Намыс өлген күні Қазақ өледі. Олай болса, өнер адамдарының ашық-шашық қалай болса солай киініп жүруіне тыйым салатын бір заң керек-ақ!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі
ШЫМКЕНТ