Республикалық балалар байқауына 300-ге жуық суретші жеткіншек қатысты. Олардың 50-і ғана үздік атанып, 8 бала жүлделі орындармен марапатталды. Бас жүлдені Д.Ставничая мен В.Каварентка иеленсе, жүлделі бірінші орынды О.Беспалова мен А.Паноморенко, екінші орынды Д.Сейвухина мен Б.Бейсембекова иеленді. Ал үшінші орын М.Қайратова мен А.Снелхановаға бұйырды.
«Біздің компаниямыз Қазақстанға ширек ғасыр бұрын келді және тәуелсіз мемлекетке қолдау көрсеткен, сенім білдірген бірінші ірі батыстық инвестор болды. Біздің ірі әлеуметтік жобаларымыздың бірі жас ұрпақты экологиялық құндылықтарға өнер арқылы баулу болып табылады. Біз бүгін тамашалап отырған суреттерде балалардың қоршаған ортаның сұлулығын, Қазақстан халқының мәдениетін бейнелеуге құштарлығын анық көріп отырмыз», деді «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмұханова.
Байқауға қатысушылар бейнелеу құралдарымен қоршаған әлемді, яғни туған табиғаттың сұлулығын, сүйікті қаласын, жетістіктерін, Қазақстанның барлық қазақстандықтар үшін ортақ үй екенін көрсетуге тырысқан.
Байқау аясында бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер, мүсін және қыш бойынша шеберлік кластар, елорданың әсем де салтанатты орындарымен танысу және Ұлттық музейге, «Мәңгілік ел» салтанатты аркасына экскурсиялар ұйымдастырылды.
Миражан МАХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті