– Райхан, сіз Purdue университетінде шетелдік студенттерге инженерлік материалдар пәнінен сабақ береді екенсіз.
– Әңгімемізді бастамас бұрын осы мүмкіндікті пайдаланып, қаншама қазақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік берген елімізге, Мемлекет басшысына алғысымды білдіргім келеді. Өзіме келер болсам, қазір аталған университеттің азаматтық құрылыс факультетінде материалтану, оның ішінде бетонның жаңа түрлері бойынша дәріс оқимын. PhD доктор болсам да қызметкер ретінде жұмыс істеймін. Мұнда докторанттарға студент ретінде қарамайды, қызметкер ретінде қарайды.
– Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алғаныңызды білеміз. Сабақ беру барысында айырмашылықтарды аңғарған боларсыз.
– Мен қазір жұмыс істеп жүрген азаматтық құрылыс факультетінің құрамына көлік-логистика саласы да енеді. Бір байқағаным, мұнда үй салмас бұрын тұрғызылатын жердің топырағын зерттеуге ерекше мән беріледі. Топырақтың құрамы жан-жақты тексеріледі. Тағы бір аңғарғаным, бізде бір профессор асфальттан да, керамикадан да сабақ жүргізе беретін болса, бұл жақта олай емес. Оқытушылар бір салаға ғана маманданған. Керамикадан дәріс беретін профессор бетоннан сабақ бермейді.
Америкадағы университеттердің біздің елдегі жоғары оқу орындарынан айырмашылығы, бәлкім артықшылығы әртүрлі мекемелермен бірлесе жұмыс істейді. Мәселен, Purdue университеті жолға, құрылысқа қатысты ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Біздегі «Қазавтожол» секілді жолға жауапты мекемелер университетке тапсырыс береді. Мысалға, құрылыс барысындағы орын алған кемшіліктерді анықтау үшін университеттің көмегіне жүгінеді. Үшінші тарап ретінде. Мұның пайдасы не дерсіз? Біріншіден, үшінші тарап бейтарап қөзқарас ұстанады. Тамыр-таныстық, бармақ басты, көз қыстылық болмайды. Екіншіден, студенттерге ақы төлейді. Олар сабақ қана оқымайды, табыс табады.
– Шетелдік студенттерге дәріс беріп жүрсіз. Олардың сабаққа қатысуын, қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Америка – эмигранттар елі. Жан-жақтан келетін адам көп. Содан да болар, студенттер арасында бәсекелестік өте жоғары. Ірі компаниялар студенттерді 2-курстан бастап өндірістік тәжірибеге шақырады, жалдайды, ақшасын төлейді. Әрине оған кез келген студент қабылданбайды. Қойылар талап күшті. Сондықтан студенттер сабақтан қалмауға, жақсы оқуға тырысады. Онда «университетті әйтеуір бітірсем, диплом алсам болды» деген көзқарас жоқ. Студент өзі үшін оқиды. Біздегідей «Бір топта оқимыз, топтаспыз, доспыз» деген де ұғым жоқ. Бір-бірін бәсекелес ретінде көреді. Сабақта бір-бірінен көшірмейді. Көшіруге жол бермейді. Көшірген жағдайда бір-бірін көрсетіп отырады. Плагиат, интернеттен көшіріп алу дегеніңіз кешірілмейді ол жақта.
Америкада студенттер пәнді, мұғалімді өздері таңдай алады. Сонымен қатар семестр сайын оқытушыларды әр сабақ бойынша бағалайды. Бұл бағалаудың маңызы жоғары. Келесі семестрде ассистент боласың ба, болмайсың ба, оны студенттер шешеді. Сондықтан оқытушылардың студенттер алдындағы жауапкершілігі өте жоғары.
– Демек, оқытушыларға қойылар талап күшті.
– Иә, Америкада университетке жұмысқа тұру оңай шаруа емес. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Мәселен, сіз докторантура бітірдіңіз бе, әуелі университетке түйіндемеңізді ұсынасыз. Түйіндемеңізді жақсылап қарағаннан кейін әңгімелесуден өтесіз. Одан соң кампусқа келіп, бір күн лекция оқисыз. Оған студенттер де, профессорлар да қатысады. Содан кейін барып қана тиісті шешім шығарылады.
– Сіз 2017 жылы үздік оқытушы ретінде Эстус және Вашти Магун атындағы сыйлықпен, бетон жабындылары саласындағы ғылыми зерттеуіңіз үшін Америка бетон жолдары қауымдастығының грантын және материал саласындағы ғылыми зерттеуіңіз үшін Виллиям Долч атындағы грантты екі мәрте (2013, 2016 жылдар) иеленген екенсіз.
– Мұнда университеттің оқытушыларын ынталандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Жоғарыда аталған Эстус және Вашти Магун деген кісілер Purdue университетінің түлектері. Түлектері ғана емес, тұрақты демеушілері. Олар жыл сайын үздік көрсеткішке ие оқытушыларға сыйлық тағайындайды. Ал Виллиям Долч осы университетте профессор болып қызмет атқарған. Ол кісінің атындағы грант та жыл сайын тағайындалып отырады. Ол жақта университетте сабақ беретін әрбір профессордың жеке зертханасы бар. Оларға зертханасын жабдықтау үшін көтерме ақы беріледі.
– Оқытушылар жайында айтып қалдық қой. Олардың жұмыс жүктемесі қалай? Біздегідей қағазбастылық бар ма ол жақта?
– Оқытушылардың жұмыс жүктемесі өте төмен. Қағаз толтыру мүлде жоқ деуге болады. Мұнда бәрі онлайн. Жұмыстардың барлығы компьютер арқылы атқарылады. Қағаздан бас көтермей, шаршап-шалдығып жүрген профессорды көрмейсің. Олар уақытының көп бөлігін ғылыммен айналысуға, зертханасын, магистрант, докторанттардан тұратын ғылыми тобын басқаруға, өндіріспен байланыс орнатуға, зерттеу гранттарына өтінім дайындауға жұмсайды. Бір семестрде бір ғана пән жүргізеді. Лабораториялық жұмыстарын біз, ассистенттер, жүргіземіз. Әрбір кафедрада өзінің әдіскерлері болады. Қағаз жұмыстарымен негізінен солар шұғылданады.
– Докторантураны тәмамдағаннан кейін елге қайтуды жоспарлап жүрген боларсыз?
– Иә, Алла сәтін салса, бұған дейін өзім жұмыс істеген Астанадағы Назарбаев Университетке оқытушылыққа баратын шығармын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН