Олай деуіміздің өзіндік сыры да жоқ емес. Суреттегі сұлудың сүйкімді бейнесі өз заманында талай бозбаланы іңкәр еткенін әкелеріміздің әңгімесінен ауық-ауық естігеніміз бар. Картина кеңес заманында оқыған аға буын өкілдеріне жақсы таныс болуға тиіс. Өйткені ол кезеңде бұл туынды жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Терезеден түскен сәулемен таң шапағына сүйсіне қараған бойжеткен бейнесі «Родная речь» мектеп оқулығына, «Огонек» журналына, одан қалса пошта қағаздарының мұқабасына да жаппай басылып жатты. Кеңес суретшілерінің шығармашылығы шарықтап тұрған шақта таңғы лепке тамсандырған нәзік туынды Яблонскаяның өнердегі бәсін барынша биіктете түсті.
Даңқты қылқалам шеберінің кенебінде осыдан 64 жыл бұрын кестеленген көркем шығарманы біздің елімізбен байланыстыратын бір қызық оқиға бар. Ол бұл еңбегін 1949-1955 жылдар аралығында Киевтегі өзі тұрған пәтерінде дүниеге әкеліпті. Суретте Татьяна Яблонскаяның тұңғыш қызы 13 жастағы Лена бейнеленген. Сол кездері балаң жігіттер үшін көз сүйсіндірген әсем бейнені басылым бетінен қиып алып қабырғаға жапсырып қою сәнге айналған. «Таңертең» картинасы алматылық Арсен Бейсембиновтің бөлмесінде де ілініп тұрыпты. Арман қызды бір көруге ынтызар болған Арсен, суреттегі тілсіз бейнеге ес-түссіз ғашық болған деседі.
Ер жетіп, Мәскеудегі Строганов училищесіне оқуға түскенде арманшыл жас өзін ынтықтырған қиялындағы аруды жолықтыратынын бәлкім сезген, мүмкін сезбеген де болар?! Алайда тосын сыйы көп тіршілік араға жылдар салып қазақ жігітін «Таңертең» картинасының бас кейіпкері Елена Сергеевнамен дәл сол оқу ошағында табыстырады.
Татьяна Яблонскаяның қызы да анасының жолын қуып жан рахатын буырқанған бояулардан іздепті. Алайда «шешесінің ықпалымен оқуға түскен» деген көптің даурықпа сөзін естігісі келмеген талапты жастың өзі туған елінен жырақ кетіп Мәскеудегі көркемсурет училищесіне қабылданған беті осы болса керек. Арсен бір топта оқитын Еленаға бала күнінде сурет арқылы ғашық болғанын айтқанында бойжеткен сенер-сенбесін білмепті. Жазғы демалыстардың бірінде украин қызын қазақ жерін аралатуға әкелген студент жас, ару қыздың асқақ арманын да ару Алматыға таңыпты. Жан-дүниесі жарасым тапқан екі жас студенттік жылдардың соңында отау құрған. Олардың тамырынан тараған ұлдары Заңғар Бейсембинов те сурет өнерінде өзіне тән өрнек салғанын көзі қарақты оқырман білуге тиіс. Иә, бұл шын мәнінде бір фильмге арқау боларлық таңғажайып оқиға.
Кейін білгеніміздей, картина жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгенімен, оған автордың көңілі аса тола қоймапты. Бұған талант иесінің 1963 жылы Анна Галушкинаға жазған хатындағы мына бір жолдар дәлел бола алады. Хатта суретші былай баяндайды: «Қасиетті галереяның қабырғасынан тағы да бір табылу мен үшін зор бақыт. Дегенмен өз ойымша жауһар галереядан «Үйлену» атты картинамның орын алғаны дұрыс болар еді. Бұл туындым «Таңертең» картинасына қарағанда жақсы қабылданады деп ойлаймын».
Алайда суретшінің шығармашылық жолын жалғаған кенже қызы Гаяне Атаян: «Анам «Таңертең» полотносы туралы бұл пікірді көңіл күйдің жетегімен айта салған. Өнер адамы болғаннан кейін көзқарас пен көңіл күй әр сәттің әсеріне байланысты құбылады емес пе, бәлкім сол кезде анама солай көрінген болар. Ол көңіл күйдің адамы еді. Мәселен, анам өзінің «Нан» деп аталатын шығармасын бір кездері бұл жай ғана елеусіз туынды десе, өмірінің соңғы жылдары қалай дегенде де бұл менің ең таңдаулы еңбегім деп тебіренгені әлі есімде» деп жазыпты.
Біз қалай десек те, шоқтығы биік шығарма уақыт бедерінде өз бағасын алды. Татьяна Яблонскаяның шығармашылығы туралы айтылғанда көз алдымызға ең алдымен оның «Таңертең» картинасы елестейді. Суретшінің өзі көп еңбектерімнің бірі деп қана бағалаған бұл туынды оның есімін тарихта қалдырды. Ашылған терезеден аңқылдай соққан таңғы жұпар сұлу қызды самал боп сүйсе, енді бірде бөлме үшін жарық сәулемен құлпыртып жаныңа шұғылалы шуақ сыйлайтынын қайтерсіз. Өнердің бізге беймәлім жұмбақ сыры осында жатқан шығар.
Елордадағы Ұлттық музейдегі «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» деп аталған көрменің ашылу рәсімінде бұл жайдан хабары бар өнер сүйер қауымды ерекше әсерге бөлеген тарихи сәттің куәсі болдық. Көшпелі көрмеден картинаның түпнұсқасын тамашалап, басты кейіпкері Елена Бейсембиновамен қауышудың сәті түсті. Жасы жетпістен асқан кейуана көпшілік алдында тебірене сөйледі.
– Бұл картинаны көрген сайын балалық шағыма қайта оралғандай күй кешемін. Ана құшағында, туған үйімде алаңсыз асыр салған бала көктемді көз алдыма әкеледі. Менің анам ғажап суретші еді. Оның баладай таза жан дүниесін осы еңбегінен көруге болады. Бұл терезе оның болмысының терезесі сияқты. Таң үміт пен қуаныштың жаршысы, жарық пен сәулеге, тазалық пен махаббатқа толы шуақты сәт. Кезінде мыңдаған оқушы оқулықтағы осы суретке қарап шығарма жазды. Мұның бәрі мен үшін үлкен бақыт. Бұл картина менің тағдырыма әсер етті. Мәскеу армандарыма жол ашты. Тағдырымның тәтті сыйымен табыстырды. Ал бар өмірім қазақ даласында өтті. Бұл менің екінші отаным, – дейді ол.
Көз тартар сұлулығын ұры жылдарға ұрлатса да кейуананың кейпінен, әрбір сөйлеген сөзінен биік парасаттың, тазалықтың лебі еседі. Айтқанынан сыр түйіп, керуен ойдың кемесіне мініп қайттық. Дегдар өнерге деген сүйіспеншілік таң шапағына шомылған таныс қызбен бізді алғаш рет осылай қауыштырды...
Таң шапағына шомылған таныс қыз...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ