Іс-шараға Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев, аталған федерацияның вице-президенті Сайранбек Әбілқайыров, бас бапкері Азамат Тәкенов қатысты.
«2018 жылғы 15-17 маусым күндері «Дәулет» спорт кешенінде, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай киокушинкай-кан каратэден балалар, жасөспірімдер, кіші жастағы қыздар, ерлер және әйелдер арасында Ашық Азия чемпионаты өтеді. Бұл чемпионатта кумитэ және ката түрі бойынша 12 жастан жоғары спортшылар 37 салмақта сынға түседі. Құрлықтық бәсекеге 12 мемлекеттен 250-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі таңда чемпионатқа қатысуға Иран, Ирак, Үндістан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Жапония, Моңғолия, Түрікменстан мемлекеттерінен өтінімдер түсті», деді Омархан Өксікбаев.
Жылдың байрақты бәсекесінде ел намысын ерлер арасындағы әлем чемпио-
ны Әлішер Карменов, 2015 жылдың Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Никита Гарас, әйелдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлемгүл Сабырхан, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мадина Сауытова сынды еліміздің үздік жас татами шеберлері қорғайтын болады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»