Білім • 14 Маусым, 2018

Досмұхамед Кішібеков: Оқулық және лекция

1028 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа оқулық» жобасының жас буын үшін пайдасы мол. Өйткені білімнің қайнар көзі – оқулықта һәм дәрісте. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Қай оқу орны болсын, маман дайындауда проб­леманы түсінікті, тартымды, аз сөзбен ашып беретін оқулық болуы қажет.

Досмұхамед Кішібеков: Оқулық және лекция

Бұл – білім беру негізі. Сондықтан басты мәселе – ғылыми дәрежеде жазылған, терең мағына беретін оқулық. Оқулық дәрежесіне мемлекеттік органдар жауап береді. Өмір қозғалыста, талап өсуде. Оқулық та жаңартылып, қайта басылып отырады. Оған тәжірибелі, білімді мамандар қатысады. Ал лекцияны кімдер оқиды? Әрине білімді, тәжірибелі мамандар. Екеуі сай қосылса алға қойған мақсат орындалады. Кез келген белгілі қоғам қайраткері өзіне лекция оқыған, семинар жүргізген профессорын ұмытпайды.

Жақсы оқулық, талантты лектор – жоғары оқу орнының көрсеткіші. Мәселе, университеттің атында, басшылығында ғана емес, кімдердің сабақ беруінде де. Өйткені беделді профессорлар сабақты да жүргізеді, ғылыммен де үздіксіз айналысады, оқулық та жазады. Жақсы профессордың лекциясы тыңдаушы жастардың реакциясы арқылы шыңдалады. Бұл – теория мен тәжірибе бірлігі. Яғни театрға келіп билет аларда тыңдаушының «Бүгін басты партияны кім орындайды?» деп сұрағанындай.

Бір кезде жоғары оқу орнына түскенде қай профессорлар дәріс оқиды деп сұраушы еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің лекциясын іздеп барып тыңдайтындар болғаны ақиқат. Жақсы артист, талантты диктор, бі­­лімді лектор – ұлт көрсеткіші. Әрине әрқайсысының қоғамдағы орны әртүрлі, бірақ еңбегі қымбат. Студенттер баяндауға емес, логикаға (уәжге) негізделген ғылыми лекцияны тыңдайды. Әр лекция – сын, мол дайындықты талап етеді. Білмеймін, өмірді интернет өзгертті ме, соңғы жылдары барлығы стандартты сияқты. Лекторлардың бәріне бірдей көзқарас қалыптасты. «Университетте лекцияны кім оқиды?» деген сұрауға «профессор» деп жауап берсе жеткілікті. Профессор атағы жоғары, бірақ білімі бірдей емес. Жақсы лекция оқитын әрі оқулық авторы болған білімді профессорды студенттер мақтан етеді, сыйлайды, бағалайды. Атағы ісіне сай еместер де кездеседі. Бұл ащы шындық. Кей лектор сабақ кезінде «студенттер, тынышталыңдар» десе, онда лекцияның мәні төмен болғаны. Бұл лектор мен студент арасында байланыс үзілді деген жағдай.

Өйткені лектордың сөзі бір бөлек, студенттер өзімен өзі бола бастаса аудитория да гуілдеп кетеді. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, лектор оқулықты қайталайды. Екіншісі, профессор лекцияға дайындалмай келеді. Берілген минутты толтыру үшін әр нәрсені қаужап, уақытты өлтіреді. Бұл да бар. Әрине студенттер мұндай лекцияға тек көріну үшін келеді. Өйткені қай профессор болсын, есеп жүргізеді. Емтихан кезінде лектор оған да мән береді. Ал студент лекторға «лекцияңыз ұнамайды» деп айта алмайды. Бұл шындық. Не істеу керек? Ұдайы бақылап отыру керек. Кеңес жылдарында министрлік жиі комиссия жіберіп, қадағалап отыратын. Мен де мұндай комиссия құрамында талай оқу орындарында болдым. Бүгінде бұл тексеру комиссиясы жоқ. Әр оқытушы, профессор өз беделін өзі сақтайды. Бірақ олай бола бермейді. Өйткені ғылыми еңбек жүргізу, оқулық жазу, лекция оқу – бәрін бірдей қолда ұстау оңай емес. Жалпы, оқу орнында беделді лекторлар бар ма? Әрине, бар! Оларды кім біледі, кім іріктейді? Әрине, студенттер. Әркімге баға беретін ректорат емес, студенттер. Профессорлар мен оқытушылар студенттерге қызмет етеді.

Біз кейде ғалымдарды Нобель сыйлығын алған деп мақтап жатамыз. Бұл дұрыс. Мұндай жоғары атаққа ғылымға енгізген жаңалығы мен қоғамға келтірген табыстары үшін ілеуде біреу жетеді. Бірақ көзге көрінбейтіндер де бар. Олар еңбек жазады, тыңғылықты сабақ жүргізеді, бір орыннан бір орынға жүгірмейді, ақша, құрмет қумайды. Барына риза. Көптің бірі болып қызмет атқарады, жанды материал – жастарды қоғамға маман етіп дайындайды. Оларды кім көріп, бағалап жатыр? Олар білікті маман, патриот, қоғам қайраткерін дайындайды. Тәуелсіздік алғалы талай адамдар Президент сыйлығын алды.

Олардың ішінде бірде-бір қатардағы оқытушы, тәжірибелі оқулық авторы, тартымды дауысы бар диктордың жоқ болғаны өкінішті. Халық «әу дегеннің бәрі әнші емес» дейді. Қоғамдық талапты көтеріп отыру керек. Жайбарақат болуға, лекциялар оқылып, университеттер жұмыс істеп жатыр деп қанағаттануға болмайды. Ұдайы талпыныс болмаса тоқтау басталады. Сондай-ақ оқулықтарды кімдер жазып жүр? Оған да мән беретін оқытушылар қауымы. Өйткені оқулық мемлекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің оңаша кәсібі емес.

Бүгінде елдің бәрі жаппай сауатты. Есепсіз кітап жазатындар қаулап барады. Бұл дұрыс-ақ дейік. Бірақ олар не жазып жүр? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Іліп алар өзіндік ойы, қосар үлесі жоқ, текке шығындалған, қампиған кітаптар кімге керек? Екіншіден, адам өзін қалай тізгіндеп, тәрбиелейді? Бұл ішкі күрес. Әйтпесе «алтынды көріп, періште жолдан тая­ды» немесе кешегі кеңес дәуірінде байлық тізгіні қолында болса да айлықпен тұрған, қазіргі заманда тез байып жатқандар арасында адалдар мен құлқынның құлы болғандарды ашып көрсету керек. Бұл ауруды емдейтін дәрігерлер сияқты – қоғам психологиясын жазушылар ашып жазса, міне бұл тәрбие кілті. Бір ғажабы – жаны таза адамның тәні де таза. Баю керек. Бірақ мәселе қандай жолмен баюда. Бұған АҚШ сияқты елдерде мән береді, жөнсіз байып көр, не болар екен?.. Осының бәрі – тәрбие мен білім, ал саралайтын – халық!

Ең тиімді оқулықты да тәжірибелі оқытушы жазады. Ол қайткенде қойылған проблема ашылып, оқу­шылар санасына енетінін біледі. Бұл санаттағы оқытушы ғылымды да дамытады. Профессордың терең білімі, мол тәжірибесімен қатар дауы­сы да тыңдауға жағымды болуы шарт. Д.И. Менделеев Петербург университетінде органикалық емес химиядан дәріс оқып жүргенінде «Жалпы химия» пәнінен оқулық жоқ екенін біліп «Химия негіздері» кітабын жазуға кіріседі. Бірақ хи­миялық элементтерге келгенде жұмыс тоқтап қалады. Себебі ол кезде 70-ке жуық химиялық элементтер белгілі болатын. Ал оны студенттерге түсінікті етіп жазу керек болды. Сапырылысқан элементтерді жүйелеу үшін нені негізге алу керек? Автор ізденіске түсті, қиналды. Соңғы шешім Менделеевтің түсіне кірді. Яғни элементтерді атомдық салмағымен реттеу керек екен. Содан ең жеңіл Берилий, Гелий сияқты элементтерден  бастап реттейді. Сонда белгілі элементтер кестеде өз орнын табады. Жоғының орны бос қалдырылады. Бұл кейін жаңа табылған элементпен толтырылады. Сөйтіп Менделеев өзінің химиялық элементтер периодикалық (қайталау) жүйесін жасап, әлемдік жаңалық ашады. Бұған себеп болған оқиға – студенттерге сабақ беріп, оқулық жазғаны. Студенттермен ойыңды бөлісу – зертхананың ең тиімдісі. Бұл екі жаққа да тиімді. Студенттерді ғылымға тартады. Ал профессор өз ойын сынға салады.

Н.Е.Жуковский МГУ-ді бітірген соң Бауман техникалық жоғары училищесінде сабақ бере бастайды. Ол сабақ беріп жүріп, ауада ұшудың формуласын жасап, теориясын ашады. Себеп болған кездейсоқ жағдай. Бір күні көшеде келе жатқанда нөсер жауынның астында қалады. Аяғын суламас үшін тастан тасты аттап келе жатқанда бір құбылысты көреді. Көл боп ағып жатқан жауын тас алдына сәл бөгеліп, оның екі жағынан сарқырап ағады. Бірақ тастың артқы (тыл) жағында шөп-шалаң жиналғанын байқайды. Оны қатты ағын су неге іліп әкетпей жатыр, мұны не ұстап тұр деген ойға қалады. Кейін құс қалай ұшады деген тағы бір ой келеді. Құс ауада қалай қалықтайды деп ойлана келгенде ойы құс қанатына тіреледі. Қанатын қаққанда құс ұшады, ал қақпаса, топ етіп жерге құлайды. Сонда мәселе қимылдаған қанатта деп ой қорытады. Бәлкім қанат қозғалғанда көтеретін күш пайда болар деп қанаттың құрылысын зерттейді.

Ақырында ауадан да ауыр денені ауада ұстайтын күш қанат құрылысында дей келіп, ұшу теориясын ашады. Бұл бір. Бірақ ұшақ ауаға көтерілгенде тепе-теңдікті сақтай алмай құлай беретін. Мұны қалай тоқтатуға болады? Ұшақ моделін тексеру үшін тәжірибе жасап моделді аэродинамикалық труба арқылы байқайды. Сөйтсе әр дененің тұрақты болуы үшін оның орталық салмақ нүктесі болады екен. Соны тапса болғаны, ұшақ құламайтын болады. Ұшқыштар өмірі сақталады. Міне, бұл Н.Е.Жуковскийдің ұшу теория­сынан кейінгі екінші жаңалығы еді. Осының бәрін Н.Е.Жуковский Бауман техникалық жоғары учили­щесінде дәріс оқып жүріп ашты. Бұл да студенттер аудиториясының, про­фессор-оқытушыға тікелей әсері еді. Кейін Кеңес өкіметі Орталық авиа гидродинамикалық институтын ашып, авиацияны жойқын дамытты. Н.Е. Жуковскийді Петербург ғылым академиясы академик етіп шақырады. Бірақ Н.Е.Жуковский оқытушылық қызметті академияға айырбастағысы келмейді. Академик атағынан бас тартады. Себебі Петербургке көшуі керек еді.

Міне жастарға дәріс оқып, ой бөлісіп, жұмыс жүргізу қасиетін білген ғалымға нағыз бойындағы шығармашылық әлеуетінің көзін ашу жолы! Нағыз ғалымдар солардан шығады. Студенттер нағыз ғалымды рухтандырып, шабыт береді. Өздері де ұстаздан көрінбейтін қуат, жігер, білім алады. Дамыған елдерде ғылым­ды дамытатындар – университет профессорлары. Оларға ең тиімді рухани лаборатория – студенттер ауди­ториясы. Университет теоретик ғалымға таптырмайтын орын. Шығар­машылық мүмкіндігін шабыттандыратын ондаған, жүздеген жастардың қадалған көздері, бет бейнесі, ынтасы. Бұл заңдылық. Университет беделін көтеретін талантты профессорлар керек. Мұндай профессордың жолын кесу – оның қызметін көтеру (мәселен ректор, министр ету) немесе төмендету. Нағыз ғалым басқа жұмысқа бармайды. Ол студенттерсіз ойын дамыта алмайды. Жастарға керегі таптаурын ой емес, шығармашылық. Әр лекция – шығармашылық. Жақсы лекция оқулықты қайталамайды. Оны негізге алып жан-жақты толықтырып, тереңдетіп, логикаға құрылады. Ой салады, студенттер санасын қозғай­ды. Студенттердің алдында бедел жи­нау бүгінде оңай емес, өте ауыр жұ­мыс.

Келешекте лекция ғана емес, оқу­лықтар да логикалық тұрғыда жазылатын болады. Фактыны айта беру, кәдімгі ақпаратқа негізделген лекция заманы өтті. Енді бәрі логикаға негізделетін болады. Бұл алдымен­ оқулық көлемін шағындатады. Екін­ші­ден, жастардың сезімі мен ойын қозғап, қанаттандырады. Керегі – терең ойлау. Басты мәселе – оқулық бастырылып тұрады. Жеткілікті. Бірақ оны кімдер жазады, белгісіз. 25 жылдан аса уақытта оқулықтар жайы талқыланған емес. Бұл – күрделі мәселе. Оқулықты шыңдай беру керек. Бұл үшін оқулықты жазғы каникул кезінде талқылап отырған жөн. Өйткені оқулық – идеология, негізгі мемлекеттік құрал. Біреудің жеке меншігі емес.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

ҰҒА акамедигі, философия ғылымдарының докторы, профессор