Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Алтын өндіретін кен орнындағы бір күн (фото)

2638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

13 маусым күні Ақмола облысының Бурабай ауданы, Райгородок кен орнында орналасқан «RG Gold» ЖШС компаниясының үшінші уақтау-агломерациялық кешенінің (УСК №3) ашылуына орай баспасөз туры өтті. Назарларыңызға осы компанияның бір күндік жұмысын ұсынамыз.

Алтын өндіретін кен орнындағы бір күн (фото)

Суретті түсірген Бағдат ӘШІМ

Бүгінде «RG Gold» ЖШС компаниясы осы өңірде алтын өндірумен қарқынды түрде айналысып келеді. Компанияның бас директоры Серік Сыздықов осы тур барысында БАҚ өкілдерінен құралған бір топ журналистермен кездесіп,  аталмыш кешенмен, жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік берді. Солтүстік, Оңтүстік Райгородок және Новоднепровск кен орындарындағы жер қойнауын пайдалану құқығына ие қазақстандық алтын өндіруші компанияның аумағы 67,7 км2 құрайды. Бүгінде компания 650 ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Астананың солтүстігінен 200 шақырым жерде осыдан 1000 жыл бұрын мұхит пен жанартау болған. Соның арқасында осы аймақта бай алтын кен орны пайда болды. Бұл орын 1936 жылдан бастап ашылған болатын. Бірақ техниканың жетіспеуінен, алтын өндірудің күрделілігінен өндіріс толығымен алға жүрген жоқ. Ал, қазіргі өндірістің жағдайымен журналистер жақынырақ танысып шықты.

Кез келген қазба жұмыстары қазба орнын дайындаумен басталады: ең алдымен жердің өндіріске жарайтын, беткі топырақ қабатын, содан соң кен рудасын жауып тұрған бос топырақтарды алып тастайды. Осы қазбалардан кейін керекті руда қабаты қазбаланатын болады. Бұл қабатты қазып алуға арнайы техниканың күші жетпейді. Сондықтан, сұйық жарылғыш заттар қолданылады. Бұл процестер геологтардың қатаң бақылауымен жүзеге асырылады.     

Бір айта кететін жайт: қазба жұмыстарын бастамай жатып, геологтар арнайы жынысөзек қоймасында сақталатын жынысөзек дерекқорын жасайды. Жынысөзек гидротранспорт арқылы бұрғылау әдісімен алынады.

«Бұл арқылы қорда қанша қалғандығын, қандай тереңдіктен алынғандығын біле аламыз. Осыған орай түрлі техникалар да шығарылады. Мұндай Қазақстанда көп емес. Нақты айтқанда бұл – материялдық дереққор», деді кәсіпорынның бас геологы Виктор Баранов.

Руданың құрамындағы алтын тозаң секілді, өте жұқа болып келеді. Бұл бағалы металл 1 тонна руданың 1 граммын ғана құрайды. 22 килограмдық алтын құймасын алу үшін, 26 мың тонна руда өндіру қажет. Енді осы руданы өндіруге көшейік.

Ең алдымен қазылған руданы ауыр көліктерге артады да, қабылдау бункеріне алып келеді.

Содан соң руда уақтау аппаратына түседі.

Руда уақталғаннан соң тазалану қажет. Ол үшін руданы аглобарабанның ішінде цементпен, циянид су ерітіндісімен араластыру арқылы тазалап шығарады. Онда жанындағы шлангтарда алтынды цементтен тазартатын натрий ционидтері мен судан тұратын ерітінділер ағыны бар. Алтын иондары осыдан кейін өздігінен ерітіндіде жиналады.

Нәтижесінде алынған масса төмен қарай кетеді, ерітінді суды ағызып, түтікке қарай жиналады.

Өндірістің осы кезеңінде шаң-тозаң түсіп кетпес үшін кәсіпорын қызметкерлері арнайы форма мен маска киеді. Ерітінді адцорбциялық циклға, яғни гидрометаллургиялық комплекске түседі. Осы мақсатта компания көпіршікті қақпақтарды орнатқан. Осы процестерден кейін алтын бөлшектері белсендірілген көмірдің барлық бөлшектеріне біркелкі таратылады.

Көпіршікті қалпақшалардан кейін, алтынның көмірден тазарып, сұйық фазаға өтетін кезде десорбцияға келеді. Осыдан кейін, электролиз процесі арқылы металл «алтын бөлме» деп аталатын катод мақтасына қойылады. Сол бөлмеде материал балқытуға жіберіледі. Бұдан кейін ғана әлемдегі қымбат және ауыр металдардың жарқыраған құймасы пайда болады.

Бұл суретте 22 килограмм таза алтын, бірақ құйманың жалпы көлемі 24 килограмм. Бұл түпкілікті өнімдегі 90% қымбат металды құрайды.

«Бұл құйма бағалы металдың 90 пайызын құрайтынын ескере отырып, оны 800 мың долларға жуықтай аламыз. Болашақта құймалар алтыннан қоспаларды алу үшін технологиялық процестер кешенінен өтеді. Сонда банктерде сақталатын құйманың формаларын жасай алатын боламыз. Қазақстанда ондай зауыт тек үшеу ғана. Оның тазалығы да жоғары 99 пайызды құрайтын болады», деді компанияның бас директоры Серік Сыздықов.

Компания директоры алтын құймалардың бұл кәсіпорында сақталмайтындығын, әр құйма балқытылып шыққан кейін күзетшілер мен инкасаторлар алып кететіндігін айтты. «Сипатталған жұмыс қауіпсіздік стандарттарын сақтамай орындалуы мүмкін емес. Барлық жерде қарулы күзетшілер бар, кез-келген қоймаларға, жұмыс орнына рұқсат болмаса кіре алмайды. Барлық қауіпсіздік, тәртіп қатаң түрде сақталады», деп Серік Сыздықов сөзін жалғады.

Компанияның 2017-2018 жылдардағы өндірісті кеңейтуге бағытталған инвестиция көлемі 6,7 млн АҚШ долларын құрап отыр.

2020 жылы тотықтырылған руда қорларын игеру аяқталмақ. Осыған орай 2021 жылы компания бастапқы руданы қайта өңдеуге арналған жылдық қуаты 5-6 млн тонна руданы құрайтын алтын өндіру фабрикасын іске қосуды көздеп отыр.

 

Дайындаған Бағдат ӘШІМ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 1 курс студенті