Ауыл шаруашылығы бір-бірімен өзара тығыз байланысты екі саладан – өсімдік шаруашылығынан және мал шаруашылығынан тұрады. Бұлардың қатарына дәнді дақылдар, төрт түлік, құс шаруашылығы сияқты көптеген қосалқы салалар енеді. Әр саланың өзіндік технологиясы, табиғатқа бейімділігі және басқа да ерекшеліктері бар. Осыған байланысты Үкімет республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығын дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Мәселен, биылғы жылға 275 миллиард теңге қарастырылған. Аз қаржы емес. Ендігі мәселе бөлінген қаржыны қалай тиімді игеріп жатырмыз және оның нәтижесі қаншалықты деген сұрақтың төңірегінде тұр. Олай дейтін себебім – жылдар бойы осынша қаражат бөлінгеніне қарамастан, агроөнеркәсіп өнімдерінің үлесі еліміздің ішкі жалпы өнімінде 5 пайыздан аспай отыр. Оның өзінде өндірілген өнімдердің 42 пайызын үкіметтен бір тиын алмайтын үй шаруашылықтары құрайды.
Ауыл шаруашылығының сапалы дайын өнімін өндірудегі басты ерекшеліктер – шикізат өндіру, оны өңдеу орындарына дер кезінде жеткізу, қалдықсыз өңдеу, өңделген өнімді стандарттарға сай қоймаларда сақтау және уақытында тұтынушыларға жеткізу мәселелері. Осы аталған мәселелер оңтайлы шешілмесе, бірінің жұмысын бірі тежеп, араға делдалдар килігеді. Сондықтан да олар бір-біріне тәуелді, бірі дамымай екіншісі дамымайды. Әр бағыт нарық экономикасына бейімделу арқылы өңіраралық сауда-саттық байланысын дамытуға ықпал жасайды және бәсекелестікке қабілетті азық-түлік өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік туғызады.
Осы арада «мұндай нарық жолына қойылған процесс бізде қалыптасқан ба?» деген сұрақ туындайтыны анық.
Мысалы, Атырау облысы шөлді-шөлейтті жерде орналасқан. Өңір жыл он екі ай бойы ішкі сұранысын ауылшаруашылық өнімдерімен толығымен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті экспортқа да шығаруға кіріскен, былтыр 2 300 тонна пияз экспортқа шығарылған. Заманауи талаптарға сай, 1100 басқа арналған сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Бір сиырдан жылына 6600 литр сүт сауылады, биотыңайтқыш шығарады, гидропон өсіріп, мал басын каротины мол көк балаусамен тамақтандырып, өздерінде шықпайтын жем-шөптің орнын толтырып, толыққанды рационмен қамтамасыз етіп отыр. Одан қалды құс фермасы, ешкі фермасы, жылыжайлар, көкөніс өндіретін шаруашылық өзінің сақтау қоймасымен бірге жұмыс істеп тұр. Тіпті лимон өсіруді қолға алған. Осы аталған шаруашылықтарға өз өнімдерін өздері өңдеп, делдалдарсыз тікелей Атырау қаласында орналасқан коммуналдық базарға шығарып, өндірілген өнімдерін саудалауға жағдай жасалған. Бұдан бөлек түйе, қой жүндерін өңдейтін зауыт іске қосылған. Жүндерді терең өңдеп, кілем, алаша шығаруда. Ауыларалық жолдарға тас жол төселу жалғасуда және ауылды мекендерге толығымен газ тартылған. Міне, нарықтың жолына қойылған шаруашылықтар деп осындай кешенді түрде іске асырылған жобаларды айтуға болады.
Аталған жобалар 2012-2016 жылдар аралығында іске қосылған, ал олардың басы-қасында болып жүзеге асырған, сол жылдары өңірді басқарған, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов, енді осы үрдісті қазіргі өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мырза жалғастыруда.
Осындай үрдіс Батыс Қазақстан облысында да байқалады. Әсіресе мал шаруашылығында. Осыдан 68 жыл бұрын осы өңірде будандастыру арқылы өзіміздің климатқа бейімдеп шығарылған қазақтың ақбас сиыр тұқымын дамыту қолға алынған. Жыл он екі ай жайылымда бағылатын, өнім беру қабілеті жоғары, жем-шөп талғамайтын, ыстық пен суыққа төзімді, қысқаша айтқанда, күтімге талғампаз импорттық тұқымдарға қарағанда, жергілікті табиғи-экологиялық жағдайға анағұрлым бейімделген мал. Ақбас сиырдың осы артықшылықтарын өңірде тиімді пайдаланып, өзіндік құны арзан, сапасы жоғары, табиғи таза ет өнімін өндіріп, болашақта Қазақстанның брендіне айналдыру жолында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша ірі қара мал етінің өндірісін дамытуға жол ашылған. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі осы отандық асыл тұқымды мал басын биыл субсидиядан тыс қалдырып отыр. Түсініксіз жағдай. Министрлік әлі де болса бұл жағдайға қатысты оң шешімін шығарады деп ойлаймын. Бұдан бөлек өңірде ірі қара малдың, ұсақ малдың терісін өңдеу толығымен жолға қойылып, аяқ-киім шығару қолға алынған. Аталған өңірлерде іске асырылып жатқан игі істерді Ауыл шаруашылығы министрлігі назарға алып, басқа өңірлерге бейімдеп, пилоттық жоба ретінде ұсынуға болады деп есептеймін.
Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша көптеген бағдарламалар, жоспарлар баршылық. Мәселен, ауыл шаруашылығына бюджеттік қолдау көрсетудің жалпы стратегиясы арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы бар. Кейін оның орнын 2017-2021 жылдарға бағытталған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы басты. Оған қоса «Ірі қара мал етінің экспорттық əлеуетін дамыту» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары да бар. Осы аталған жобалардың көпшілігі аяғына дейін жетпей жұмысын тоқтатқандары белгілі. Неге десеңіз, жыл сайын өзгертулер мен толықтырулар енгіземіз, содан кейін тағы да өзгертеміз, ақыр соңында орта жолда қалдырамыз.
Осындай тұрақсыздыққа байланысты қарапайым ауыл тұрғындарының және ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің арасында бағдарламалардың, жобалардың жұмыс істеуіне, тиімділігіне деген сенімсіздік пайда болады. Мысалы, 2011-2015 жылдарға арналған жоба, 60 мың тонна ірі қара мал етін экспортқа шығару ісі аяғына дейін жеткізілмеді. «Агробизнес-2020» бағдарламасын алып қарасақ та осындай жағдай орын алған. Қазіргі қаралып отырған жобада өсімдік шаруашылығындағы қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесін еркін сақтандыру нысанына көшіру ұсынылған. Тереңірек қарасақ, орысша айтқанда, «добровольно принудительное страхование» болайын деп отыр. Олай дейтінім, егер де сіз сақтандыруға қатыспасаңыз Үкіметтің жеңілдігінен айырылуыңыз мүмкін.
Бағдарламалар іс жүзінде, әрине керек. Дегенмен осындай келеңсіз жағдайларға неге біз жиі кездесеміз? Оның басты себептері, бағдарламаны немесе жобаны әзірлеу барысында біздер көбінесе асығыстық жасаймыз, көп жағдайда теорияға басымдық беріп, тәжірибені ескермейміз, аймақтардың ерекшеліктерімен байланыстырмаймыз, олардың нақты іске асыру жолдарын, схемаларын, механизмдерін анықтамаймыз, содан барып тығырыққа тірелеміз.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі тұжырымдаманың кейбір бағыттары теорияға бейімделіп жасалған және іс-тәжірибемен толыққанды байланыстырылмаған.
Осыған байланысты жоғарыда айтылғанның бәрін сараптай келе, келесі мәселелерге назар аударған абзал:
Біріншіден, елімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің 30 пайызы ғана өңделеді, қалғаны шикізат ретінде қолданылуда. Ал өңдеу орындары керісінше шикізатпен 60 пайызға ғана қамтамасыз етіліп отыр. Бұдан басқа кейбір өңірлерде осыдан он жыл бұрын жаңадан салынған өңдеу орындары әртүрлі себептермен жұмыс істемей тұр. Сондықтан да бардың өзін ұқсатып, мүмкіндігімізше өңдеу орындарын толығымен отандық шикізатпен қамтамасыз етуіміз керек.
Екіншіден, сыртқы нарыққа ет және ет өнімдерін шығармастан бұрын, ішкі нарықтағы сұранысты шешіп алуымыз керек, содан кейін өңіраралық байланыс орнатып, артық өндірілген өнімдерді бір-бірімен алмастыру керек. Сонымен қатар құс, жылқы, балық еттерін өндіруді дамытуды қолға алмай болмайды. Сол себепті ет өндірісін кешенді түрде қарастырған жөн.
Үшіншіден, «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы заңының нормаларын жүзеге асырып, елді мекендер айналасында халықты жайылыммен толыққанды қамтамасыз ету мәселелерін қолға алу керек.
Төртіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету керек. Бұл ретте қарау мерзімдерін барынша қысқартып, қағаз рәсімдерін алып тастау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялаудың барлық кезеңдері мен рәсімдерін толық автоматтандыруды қамтамасыз ету маңызды.
Бесіншіден, ауыл шаруашылығына «ақылды технологияларды» енгізу қажет. «Ақылды технологиялардың» агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретіні соңғы Жолдауда баса айтылған болатын. Сондықтан да заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, даму көшіне ілесе алмайтынымыз анық. Осы мәселені шешу үшін аграрлық ғылымды дамыту, жаңа технологияларды трансферттеу және оларды отандық жағдайға бейімдеу, аграрлық университеттердің рөлі мен сол оқу орындарын бітірген мамандар мәселесін бақылауға алу керек.
Қорыта айтқанда, Елбасының биылғы Жолдауында, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін түбегейлі арттырып, ол үшін аграрлық салада өнімді тек шикізат ретінде өндіріп қана қоймай, оны қалдықсыз өңдеп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өнім шығару қажеттігі айтылған еді. Ендеше ендігі міндет – Ауыл шаруашылығы министрлігі, қолданыстағы заңнамалық актілерді дер кезінде игеріп, бағдарламалар мен жобаларды қағаз жүзінде ғана қарастырмай, іс жүзінде іске асырып, ең бастысы ел игілігіне жаратып, олардың орындалу барысын күн тәртібінен түсірмей, аяғына дейін жеткізуді жіті қадағалауы қажет деп ойлаймын.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты