Осы мәселеге байланысты Алматыда 3 жылға созылған «Көшіп-қонушылар арасындағы туберкулез бен көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулезді (КДК ТБ) және ТБ/АИТВ-ны трансшекаралық бақылау мен емдеуге арналған іс-шара» бағдарламасы қорытындыланды. Нәтижесінде «Project HOPE – The People-to-People Health Foundation, Inc.» (Project HOPE) халықаралық үкіметтік емес гуманитарлық ұйымының қолдауымен үш жылдың ішінде Қазақстанда 44 мыңнан астам еңбек мигранты туберкулезге тексерілгені жайлы мәлімет таратты. Олардың арасында 1600 адам өкпе ауруына шалдыққан және оның 400-ге жуығы шетелдіктер.
Жоғарыдағы жұқпалы аурулар өз елінен жырақта жұмыс істеп жүрген 10 адамда анықталатын болса, оның тек біреуі ғана отанына қайтарылады.
Ал енді бұл бағдарламаның қандай жәрдемі тиді десек, амбулаторлық фазаның емдеу кезеңінде ішкі және сырттан келген мигранттардың көпшілігі ай сайынғы мотивациялық қолдаумен қамтамасыз етілген.
Туберкулездің таралу мәселесі төңірегіндегі басқосуға жиналғандар, яғни Project HOPE ұйымдастырған іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, ІІМ көші-қон қызметі, Жаһандық қор, Халықаралық көші-қон ұйымы, USAID, STOP TB серіктестігінің және серіктес ҮЕҰ мен медициналық мекемелер өкілдері бірауыздан еңбек миграциясы мен туберкулезді бақылау бір мемлекеттің ғана мәселесі емес екендігін алға тартып отыр. Халықаралық миграциялық ұйымының бағалауынша, Қазақстанда миграциялық үдеріс барынша күшті екені байқалады. Жедел дамып отырған экономика мен өндірістің ресурс өндіру салаларының қарқын алуы Орталық Азия аймағының назарын өзіне аударып отыр. Сол сияқты БҰҰ ЭСКАТО мәліметтеріне сәйкес, ішкі жалпы өнімнің 0,57 пайызын немесе жылына ең кемі 1,1 миллиард долларды Қазақстан еңбек мигранттарының есебінен тауып отыр.
Алайда елімізде тұрып жатқан мигранттардың басым бөлігінің құқықтық статусы реттелмеген. Бұлар – есепте жоқ еңбек мигранттары, яғни қашып-тығылып табыс тауып жүрген, салық төлемейтін, әлеуметтік қорғау институттарынан, оның ішінде медициналық көмек пен тиісті орта білімнен қол үзіп қалғандар.
Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияның еңбек мигранттары көбіне оңтүстіктен солтүстікке ауады. Негізгі бағыт – Ресей Федерациясы мен Қазақстан. Оған қоса сарапшылар Орталық Азияда бүгінде 10 мыңнан астам босқындар мен пана іздеушілер өмір сүріп жатқанын айтып отыр. Бұл ауғандықтар, чешен ұлты, Қытайдың этностық ұйғырлары. Ал босқындарды қабылдау саны бойынша Қазақстан тағы да Орталық Азияда 1-орында.
Сондықтан да «Көшіп-қонушылар арасындағы туберкулезді және көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулезді (КДК ТБ) және ТБ/АИТВ-ны трансшекаралық бақылау мен емдеуге арналған іс-шара» бағдарламасы СПИД, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі жаһандық қорының қаражатына елімізде 2014-2017 жылдар аралығында жүзеге асырылды.
Project HOPE Еуропа және Еуразия елдері бойынша аймақтық аға директоры Мариам Сиано-
зованың айтуынша, бұл бағдарлама барынша маңызды өңірлік компоненттерді қамтыған. Мәселен, Кох таяқшасымен күресуде табысқа жету үшін аймақтағы барлық елдердің күш салуы қажет. Бұл күш біріктіру ғана емес, өкпе ауруын емдеу мен бақылаудың біріккен тетіктерінің үстіндегі нақты жұмыс болғаны жөн.
Жаһандық қор бағдарламасының менеджері, Қазақстандағы Project HOPE өкілі Бахтияр Бабамурадов осы бағдарламаның аясында «Project HOPE» ұйымы Қазақстандағы Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерімен және Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығымен жұмыс істеп, 3 жылда жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін айтады. Яғни, туберкулезге тексерілудің қолжетімділігінің арқасында мигранттардың арасында 1600 адамда өкпе ауруы анықталса, оның 400-і шетелдіктер, қалғаны ішкі еңбек мигранттары. Сондай-ақ бұл жерде одан да маңызды мәселе – жобаның барлық серіктестері арасында қалыптасқан конструктивті әріптестік. Ең бастысы бағдарлама барысында 60-тан астам емхана мен 10 туберкулезге қарсы диспансерде көшіп-қонушыларға қайырымды медициналық ұйымдар желісі құрылған.
Қалай атасақ та, еңбек мигранттары арасында туберкулезді бақылауда ұстау – кешенді мәселе. Мұны реттеуге мемлекеттер ғана емес, халықаралық қоғамдастық та барынша араласуы міндетті. Бағдарлама аясында еліміздің сегіз өңірінде мигранттар арасында туберкулезді бақылап отыруға үкіметтік емес ұйымдардың қатысу үлгісі жасалған. Мигранттар арасында туберкулезді бақылауға оқытылған ҮЕҰ желісі құрылған. 145 мыңдай мигрант аутрич-жұмыстар арқылы ақпараттандырылған. Бұл сан да жоғарыдағы дөңгелек үстелде жария етілді.
Осы басқосуда «Қамқорлық» (Алматы) күйзеліс орталығы, «Жария» халықаралық қоры мен Қызыл жарты ай қоғамы (Астана), «Үміт» (Қарағанды), Талдықорғандағы еңбекпен қамту орталығы (Алматы облысы), «Жолдас» СПИД-сервистік ұйымдары қауымдастығы (Шымкент, Ақтөбе, Ақтау), «АнтиВИЧ» (Тараз) сынды үкіметтік емес ұйымдары еңбек мигранттарымен жұмыс істеудің ерекшеліктерін егжей-тегжейлі баяндады.
«Бағдарламаның басты мақсаты – туберкулезді анықтау мен емдеуге қолжетімділікті шектейтін кедергілерді жою. Еңбекші көшіп-қонушылар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, туберкулезді трансшекаралық бақылау мен емдеу бойынша тиімді тетіктер құру», деді Б.Бабамурадов.
Бағдарламаны енгізу тәжірибесі негізінде «көшіп-қонушылар арасында туберкулезді бақылау бойынша нұсқаулық әзірленіп, бекітілді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ