Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Киелі жерлерге баратындар көбейді

883 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының жүзеге асырылуы турасында брифинг өтті.

Киелі жерлерге баратындар көбейді

Жиында Мәдениет және спорт ви­це-министрі Ақтоты Райымқұлова атал­ған бағдарлама бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстармен таныстырды. «Еліміздің барлық өңірлеріне киелі жерлер бойынша этномәдени экспедициялар ұйым­дастырылып, «Қазақстанның жал­пыұлттық қасиетті нысандары», «Елі­міздің өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары және «Қасиетті Қазақстан» энциклопедициясының 1-ші томы жарық көрді. Бұған қо­са, тұңғыш рет Қазақстанның ки­елі жерлерінің жалпыхалықтық ті­зі­міне енген кейбір нысандардың (Қожа Ахмет Ясауи және Қарахан кесе­не­лері) 3D моделі жасалып, Қазақ­стан­да­ғы киелі жерлер туралы 4 ғылыми-көпшілік деректі фильм («Киелі Қазақ­стан», «Қожа Ахмет Ясауи, Айша Бибі мавзолейлері», «Алтын адам», «Номадтар елі») түсірілді», деді вице-министр. Өткен жылы елі­міз­дегі тарихи маңызы бар, Ясауи, Арыстанбаб кесенелері, Бе­кет ата, Сисем ата қорымдарының ны­сан­дары, Көне Тараз, Көне Түркіс­тан, Отырар, Сауран, Сарайшық қалашықтары, Абай Құнанбайұлы мемориалдық кешені тәрізді танымал киелі орындарға реставрациялық жұмыстар жүргізілген. Бұл бағытта алдағы уақытта да біршама жұмыстар атқару жоспарланып отыр. 

«KazakhTourism» ұлттық ком­па­ния­с­ының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев елдегі туризмнің үлесі өткен жылы 20 пайызға артқанын, оған ЭКСПО-2017 көрмесінің тікелей ықпалы болғанын айтады. Биылғы жылы да көрсеткіш осы шамада болмақ. Астана қаласының 20 жылдығы мерейтойына туристерді тар­ту мақсатында көптеген іс-ша­ра­­лар ұйымдастырылады. Сон­дай-ақ Р.Күзембаев қазақстан­дық­тарға жазғы демалыста Орта­лық Қазақстанда − Бурабайға, Қар­қаралыға, Баянауыл, Ұлытауға, шы­ғыста − Алтайға, Зайсан, Марқакөл, Рахманов бұлақтарына, Алматыда − Шарын, Көлсай, Қайыңды, Алтын­емелг­е, Аралдағы кемелер орнына, Каспийге, Үстіртке, Балқаш пен Алакөлге баруға кеңес береді. Оның айтуынша, туристік әлеуеті бар орындар бой­­ынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Батыс Еуропа − Ба­тыс Қытай» дәлізі бойындағы 93 қыз­мет көрсету орталығының құ­ры­­лысына жер телімдері бөлінген. Қыз­­мет көрсету стандарттары әзір­ле­ніп, келесі жылы Ұлытау мен Там­ға­лытаста визит-орталықтар ашылады деп жоспарлануда.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»