Ғасырлар бойы қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар қолынан туған өнердің бірі – ою-өрнек. Өйткені дала мәдениетінің асқақ шыңы осындай табиғи бейнелерді тасқа салумен бастау алған. Сол жауһарды ұлықтап жүрген Шөптібай Байділдин ғұмырының жартысын ою-өрнек саласына арнаған. Қазір оның қолынан шыққан туындыларды Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киім тігіп жүр екен.
Аталған көрмеде қолөнер шеберінің 400-ден астам сызбасы қойылған. Оның ішінде тұрмыстық бұйымдарға, үй жиһаздарына және киімдерді безендіруге арналған түрлері бар. Оюшы жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына ұқсас бейнелерді әсемдеп қағаз бетіне түсірген.
«Рухани жаңғыруға» байланысты қазақтың тарихын насихаттайтын уақыт келді. Әрбір өнер иесі өзінің саласы арқылы ұлттық болмысымызды көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Былтыр осы музейде менің Кейкі батыр туралы кітабымның тұсаукесері өткен еді, ал биыл тағы да осы сарайда ою көрмем ашылып отыр. Мен осыған бек қуаныштымын!», деді көрме авторы.
Ою-өрнек – көшпелі қазақ жұртының мәдени дамуының шежіресі әрі адам жанына ләззат сыйлайтын эстетикалық мәні зор өнер. Бүгінгі таңда қазақтың 230-дай ою түрі бар екен. Ал сол сызбаларға зер салып қараған әрбір адам оның мазмұнын, құрылымын, тепе-теңдік мәнін байқай алады.
Шөптібай Байділдин өз ісінің маманы ретінде әрбір оюды бір-біріне ұқсатпай, қараған адамға ой салатын пішінде бейнелеген. Өнер иесі ою-өрнек салу арқылы ғана емес, оқырманға шығармалары арқылы да ой тастайды. Оның «Қазақтың ою-өрнектері», «Ою ой, өрнек сал», «Санаулы ғұмырымдағы ойларым», «Кейкі батыр» атты кітаптары бар. «Кейкі батыр» кітабының желісімен батыр туралы деректі фильм де түсірілген.
Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ