Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Кездесу барысында министр ведомствоның бір жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

«Осы жылдың 16 мамырында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің халық алдындағы есеп беру жиыны өтті. Өткен жылы да дәл осындай форматтағы кездесу өткізген болатынбыз. Менің ойымша, мұндай шаралар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Есептік кездесу селекторлық тәртіп бойынша өткізілді. Яғни еліміздің барлық аймағымен байланыс орнаттық. Кездесуге жалпы есеп бо­йын­ша 1000-ға жуық адам қатысты.

Бұл іс-шараға қатысушылардың арасында орталық мемлекеттік орган­дардың, министрлікке қарасты қо­ғамдық кеңес пен БАҚ-тың, байланыс операторларының, IT-компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды. Есептік кездесу «Хабар24» телеарнасы мен bnews.kz ақпараттық агенттігі сайты арқылы онлайн режімде трансляцияланды. БАҚ арқылы жан-жақты таратылды. Сонымен қатар министрдің блогі мен call-орталық арқылы сұрақтарды қабылдау ұйымдастырылды. Осы­лайша жалпы саны 33 сұрақ келіп түсті. Залдан 11 адам сұрақ қойды. 22 сұрақ еліміздің өзге облыстарынан жолданды. Бұл сұрақтардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасына байланысты болды. Сондай-ақ ұялы байланыс операторларының жұмысына, БАҚ туралы заңға қатыс­ты және «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының жүзеге асуы­на байланысты сұрақтар қойылды», деді министр.

Сонымен қатар ол өткен жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ба­ғыт­тарының бірі – елдегі Интернет-ин­фрақұрылымын дамыту болып табылатынын тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта еліміздегі 13 миллионнан астам адам жоғары жыл­дамдықтағы интернетке қол жеткізді. Халық саны 10 мың адамнан тұратын елді мекендер 3G байланысымен, 50 мыңнан астам тұрғыны бар мекендер 4G стандартымен қамтылған. Өткен жылы еліміздің барлық аудан орталықтары төртінші буындағы интернет желісімен қамтылды. Министрліктің бұдан кейінгі міндеті кең жолақты интернетті ауылдық елді мекендерге жеткізу болып табылады, ол үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына сәйкес тиісті жұмыс жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2021 жылға дейін жоғары жылдамдықтағы интернетпен жалпы саны 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен қамтылатын болады», деді министр.

Бұдан бөлек Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев ұялы телефондардың пайдаланушылары өз құрылғыларын 2018 жылдың соңына дейін тіркеуі қажет екенін ескертіп өтті.

«Ұялы телефондарды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімшелеріне барудың қажеті жоқ. Абоненттер онлайн не­месе SMS арқылы тіркеле алады. Айта кететін тағы бір жайт, «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Электронды үкімет және электронды мемлекеттік қызметтер» курсы бойынша оқыту әдістемесі мен жос­пары жасалды, оның көмегімен халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру жоспарлануда. 2018 жыл­дың маусымынан тамыз айына дейін «ҰАТ» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Зерде» АҚ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, шамамен жарты миллион адамды цифрлы сауаттылыққа үйрету көзделген. Оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі. Бірінші, «Негізгі цифр­лы дағдылар» бойынша. Екінші, «Электронды үкімет және электронды мемлекеттік қыз­меттер» бойынша. Үшінші, «Ашық үкімет» бағытында. Соңғысы – «Элек­тронды коммерция» бойынша. Бұған интернетте өнімдер мен қызметтерді сатып алу, сату және тарату дағдыларын қамтитын электронды коммерция курстары жатады. Жалпы, 8 миллион адамның цифрлы сауаттылығын арттыру жос­парланып отыр», деді Дәурен Абаев.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»