Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Үздік дәрігерге 1 000 000 теңге берілді

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бірінші байлық – денсаулық» деген ұлағатты сөздің аясына жан мен тән амандығы ғана емес, міндеттеріне адал маман – дәрігерлерге деген құрмет пен мадақ та кіретін болса керек. 

Үздік дәрігерге 1 000 000 теңге берілді

Өйткені «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастың дертіне шипа іздеп баратын жері осы қолы епсек жандардың алды екені анық. Ал дәрігердің міндеті тек емдеу ғана емес, түрлі кесапаттың алдын алу, індеттің жолын кесу сияқты жауапты жұмыстан тұрады.

Бұл тұрғыдан алғанда жеті­сулық ақ желеңді абзал жандардың жұмысына жоға­ры баға беруге болады. Кә­сіби біліктің күн санап артып, мемлекет тарапынан жасал­ған қолдаудың жыл са­нап жақсаруы аймақтағы ме­ди­цина саласының дамуын жаңа белеске көтеріп отыр. Мем­­лекет қолдауы дегеннен шығады, қазір облыстағы медицина мекемелерінің әлеуеті жақсарған.

Мысалға, өткен жылы ғана Алматы облысында 17 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа беріліп, олардың қатарында 7 дәрігерлік амбула­тория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көр­сетуді бастады. Биыл емханалар мен фельдшерлік пункттерді жаңадан салу мен күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Дәл осы мақсатта бюджеттен 11,7 млрд теңге қарастырылған. Мұнан бө­лек, өңірдегі медицина меке­ме­лерінің материалдық-тех­никалық базасын нығай­туға да айрықша көңіл бөлініп, жыл басынан бері 3,4 млрд теңгеге қосымша заманауи­ медициналық құрал-жаб­дық­тар сатып алынды. Ал денсау­лық сақтау саласының осы жылғы бюджеті 46,4 млрд тең­гені құрады.

Осы орайда еліміздің ме­ди­­цинасының көшін іл­гері сүйреп келе жатқан қа­ра­пайым дәрігерлердің ла­йық­ты бағасын білуіміз керек. Ши­па­лы қолымен, қам­қор ниетімен ел алғысына бө­­лен­ген дәрігерлер жетіп-ар­тыла­д­ы. Оларға деген құр­мет те шек­сіз. Мысалға, Алматы облы­сының әкімдігі меди­цина қызметкерлерінің кәсі­би мере­кесі қарсаңында аймақ­тағы еңбегі жанған дәрігерлерді марапаттап, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Осы үрдіс биыл да жалғасып, күні кеше «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік хирург» аталымдары бойынша қара үзіп шыққан жеңімпаздар марапатталды. Денсаулық сақтау мамандарын Медицина қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар үздік дәрігерлерге 1 миллион тең­ге ақшалай сыйлық тапсырды. Облыста денсаулық сақ­тау саласына ерекше назар аударылатынына тоқталған әкімнің орынбасары:

– Біз күнделікті күрделі де жауапты істі абыроймен ат­қарып жүрген меди­цина саласының барлық қызмет­керлеріне зор ризашылық біл­діреміз. Өз тарапымыздан медициналық қызмет көр­сету сапасын арттыруға, медицина мамандарының алаң­сыз жұмыс істеуіне қо­лайлы жағдай тудыруға бар мүмкіндікті жасаймыз. Ха­лық­тың денсаулығын ны­ғайту, саламатты өмір салтына үндеу – баршамыздың ортақ мақсатымыз,– деді құттықтау сөзінде.

Биыл Жетісудың үздік дәрігерлерін анықтау 11 номинация бойынша жүр­гізіліпті. Байқау нәти­­же­сінде Қара­сай­ аудан­дық орталық ауру­­ха­наның реанимация­ ­бөлімінің меңге­ру­шісі Да­миля Қылыш­паева – «Үздік дәрігер», Талғар ауданы Кең­­дала ­дәрі­герлік амбула­то­риясы­ның меңгерушісі Ма­дина Карамшук – «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған көп салалы ауруханасының хирург дәрігері Еркен Исаев – «Үздік хирург» және Қап­шағай қалалық ауруханасы директорының орынбаса­ры Айсұлу Оңғарова – «Ден­саулық сақтау сала­сының үз­дік менеджер-ұйым­дасты­рушысы» атанып, жүлде­герлер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ медицина­ мекемелері арасынан Жам­был ауданы Ынтымақ ауыл­дық дәрігерлік амбулаториясы – «Үздік ауылдық дәрігерлік амбулатория», Іле аудандық орталық ауруханасы – «Үздік аудандық орталық аурухана», Талдықорған қалалық балалар ауруханасы – «Үздік медициналық мекеме» номинациялары бойынша жеңімпаз болып, ақшалай сыйлықтарды иеленді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы