Жыл аяғында облыста кадрлық жаңартулар болды. Теміртау металлургия комбинатындағы ерен еңбек ортасында шыңдалып, жауапты қызметтерде көзге түскен танымал азамат Серік Ахметовке аймақ басшысы міндеті жүктелуі жылы қабылданды. Бұрыннан да өңір тыныс-тіршілігіне, жағдайына жете қанық жаңа әкімнің өзгерістерді тереңдетудегі тың қадамы көпшіліктің көңіліне қонып жатқандығы жергілікті жұртшылық өкілдері алдында берген есебінде өте-мөте байқалды десек, асыра айтқандығымыз болмас.
Баяндамашы сөз орайында “Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп” деген халық даналығын орынды алға тартқандай атқарылған істер аз болмапты, тындырылмақтығы одан да зор екен. Экономикалық өрлеуде орны бөлек, үлесі бір төбе, соған байланысты Елбасының сенімін ақтауға, тапсырылған міндеттерді тыңғылықты орындауға, табыстар биігінен көрінуге әрдайым ұмтылыс үстіндегі өндірісті өңірдің былтырғы белгілі себептерге қарамастан, оны ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен қорытындылағанын атап өткен жөн. Серік Нығметұлының бұлай пайымдауын мына деректер айғақтайды. Алдымен айтқанда, дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономиканың нақты секторында жағдайды тұрақтандыруға қол жеткен. Бұл ретте бірінші кезекте “Арселор Миттал Теміртау” және “Қазақмыс” сияқты жүйе құраушы өндіріс алыптарының қалыпты жұмысы барша кәсіпорындарға дем беріп, өсім үдерісінің сақталуына үлкен әсерін тигізгенін атаған абзал. Соның нәтижесінде, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 817 млрд. теңгені құрады.
Тосын қиындыққа төтеп бере білгендіктің тағы бір оң нышаны индустрияландыру талабына сәйкес сұранысқа ие өнім түрлерін шығаратын жаңа өндірістердің ашылып, жұмыс істей бастауы болды деу керек. Ал бұлардың қатары аз емес. Жыл ішінде бірден 23 кәсіпорынның отау көтеруі көзін тапса, бұл дамуға мүмкіндік кеңдігін көрсетті. Талшықты-оптикалық кабель, түрлі мақсаттағы болат сым, құрғақ әдіспен шығарылатын цемент өтімді өнімдерге айналды. Сонымен бірге, ертеңге сенім серпілткен облыстың инвестициялық тартымдылығына нұқсан келген жоқ. Экономиканың барлық салаларындағы инвестиция 229 млрд. теңгені құрап, мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға асып түсті.
Сөз кезегінде баяндамашы баса тоқталғандай, Елбасы тапсырмасына орай отандық тауар өндірушілерді қолдау нәтижесінде шағын және орта бизнестің іскерлігі мен белсенділігі күшейіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік кеңейді.
Соңғы жылдарда аймақ жұртшылығы ризалығын өсіріп отырған жағымды бір құбылыс тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі болып табылады. Былтыр қалалар мен аудандарда 491 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, мұның өзі 4 мың 700 отбасы тұрмысқа қолайлы пәтерлерге қоныстанды деген сөз. Биыл бұл үрдіс жалғасатындығы, әсіресе, несиелік және мемлекеттік арендалық тұрғын үйді көптеп салуға бет бұрылатындығы осы жолмен баспаналы болуға ниеттенушілерге жақсы-ақ жаңалық болды.
Жалпы алғанда, өңірде құрылыстың қай саласында да елеулі серпін бар. Ботақара кентінде, Сәтбаев қаласында бой көтерген емханалар, қарағандылық, балқаштық ата-аналарды қуанышқа бөлеген балабақшалар, Қарқаралының Матақ ауылы оқушыларына есік ашқан мектеп осыған орайлас көп мысалдың бірері ғана. Ал енді облыстық қан құю, кардиохирургиялық орталықтардың, Жаңаарқаның Ақтау және Ескене ауылдарында мектептердің, Саранда психоневрологиялық интернат үйінің пайдалануға берілмектігі сол игілікті істер жалғасы.
Қазір жұрт сүйсінісіне айналған “Жол картасы” бағдарламасының шапағаты шарпымаған бірде-бір жер жоқ. Ол бойынша ондаған мәдениет, білім беру мекемелерінің, 52 медицина, 14 спорт, 610 тұрғын үй-коммуналдық саласы нысанының, 452 шақырым жолдың жөнделуінен, осы жұмыстарға 30 мыңға жуық адам қамтылуынан атқарылған шаралардың ауқымдылығы қандайлық екені аңғарылса керек.
Жұмысқа қамтылу демекші, жыл басында дағдарыс екпіні қатты соққан кәсіпорындар өндіріс көлемін төмендетіп, еңбек етушілерді қысқартып, жұрт арасында біраз абыржу туғызған-ды. Осындай қысылтаяң шақта халық мұң-мүддесін қорғай білудің іс-шаралары арқасында ауырлық оншалықты сезілмеді. 60 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтамасыз етілуі еңбекші қауымға қамқорлықтың жарқын айғағы.
Аймақ экономикасының басым бағыты өнеркәсіп саналғандықтан, бұрын ауыл шаруашылығы өгей баланың күйін кешіп келгені жасырын емес. Өтпелі кезең қиындығы да оған осал соқпады. Бүгінде сауығып, күш жинап, тірегі беріккен бұл сала дәйекті дамуымен дараланады. Онда өндірілген өнімнің жалпы көлемі былтыр 80 млрд. теңгеден асуы түбі терең береке көзін көрсетеді. Астық өндіруден бұрын-соңды кездесіп көрмеген рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, қамбаға алтын дән бұған дейінгі деңгейден 58 пайыз артық құйылды. Кезінде азайып кеткен түлік түрлері саны өсіп келеді.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жол ашылды. Жалпы құны 2 млрд. 485 миллион теңгені құраған тиімділігі жоғары техникалар сатып алынды. Оларды лизинг арқылы иемденуге де мүмкіндік кеңейді. Көкөніс өнімдерін өңдеу, сақтау және сатумен айналысатын кәсіпорындарға облыстық бюджеттен бөлінген 975 миллион теңгенің көп көмегі тиді. Баса атап өтерлік жәйт, өңір өзін азық-түліктің барлық түрімен жеткілікті қамтамасыз ете алатын жағдайға көтерілді. Өндіріс орындары шоғырланған орталықтар төңірегінде азық-түлік белдеуін құру облыс халқының 78,4 пайызын құрайтын қалалықтар үшін тәуір шара болып отыр.
Елбасының биылғы Жолдауында алға қойылған ірі міндеттерді іске асыруға байланысты қарағандылықтар қосар үлеске жан-жақты тоқталған облыс басшысы индустриялық-инновациялық дамуды үделетудің жоспарларын таныстырды. Аймақтың жаңа өнеркәсіп саясатының тәсілдері анықталып, өндірістік әлеуетін барынша пайдалануға бағытталған инвестициялық маңызды жобалардың нақтыланғаны айтылды.
– Жаңа қызметіме кіріскен үш айда өңірдің барлық қалалары мен аудандарын аралап, жағдаймен тікелей таныстым. Өзекті мәселелер бірлесе талқыланып, шешу мүмкіндіктері қарастырылды, – деп сөзін сабақтаған С.Ахметов “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы басшыларымен өткізілген кеңесте кәсіпорынның индустриялық-инновациялық бағдарламаны атқаруға белсенді атсалысуы, тауарларды сатып алуда қазақстандық үлесті ұлғайтуы, еңбек қауіпсіздігін жақсартуы, жұмысшы кадрларын даярлауды жандандыруы туралы мәселелер қойылғанын ортаға салды. Шахталарға техникалар көбіне сырттан сатып алынады. Ал көмір өндірушілердің оған мұқтажын жергілікті өндірістер де өтей алар еді. Сондықтан өзіміздің мәшине жасау зауыттары өнімдерін пайдалануға бет бұрылуы қажет. Бұл екінші жағынан тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.
Көмір қабаттарынан метан газын жинақтау және залалсыздандыру жобасын кәдеге асыратын уақыт та жеткендігіне назар аудартылды. Оның шахталардағы тосын апаттардың алдын-алуға, тау-кен жұмыстары қауіпсіздігін сақтауға ықпалы үлкен болмақ.
Шахтинск қаласының жыл сайын қыс айларында қиын жағдайға тап болуына әзірге толық тосқауыл жасала қоймағандығы да жасырын қалған жоқ. Мұндағы жылу электр орталығының қуаттылығы төмен. Оны ұстауға мемлекет үнемі дотация ұлғайта алмайды. Тығырықтан шығудың жолы жоқ емес, бар. Өндірісті жаңғыртудың кешенді жоспарын жасауға берілген тапсырма соған арналған.
Мұнан соң Серік Ахметов Елбасы тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы индустриялық-инновациялық дамуды өрістетудің бес жылдық жоспары бастау алғандығын айта келіп, химия, фармацевтика өндірісінде, агроөнеркәсіп кешенінде, металлургия, құрылыс индустриясы, энергетика салаларында бірнеше маңызды жобаларды іске асыру алда тұрғандығын мәлімдеді.
Баяндамашы, сонымен бірге, күн тәртібіндегі өткір мәселелердің қатарында балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтуды алға тартты. Қазіргі таңда бүлдіршіндердің қамтылуы 71 пайызға жетіп қалды. Алдағы уақытта ата-аналардың осыған байланысты тілегін қанағаттандыруға жағдай жақсара түседі. Биыл 900 орындық 4 балабақша салынбақ. Балдырғандардың бұрынғы тәрбие ошақтарының мақсатты қолданыстағы емес 23-і коммуналдық меншікке қайтарылады. Мұның өзі қосымша 1985 орынның ұсынылуына жол ашпақ. Сөйтіп, екі жыл ішінде өскіндердің барлығы, яғни 100 пайызы балабақшалармен қамтамасыз етіледі, деп сенім білдірді әкім.
Бір жылда облыста атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі тізіп шығуға мүмкін болмаса да осы айтылғандардан-ақ халық мүддесін, ел келешегін мұрат еткен игілікті істердің көп екендігі аңғарылатыны анық.
Облыс басшысы сөзі аяқталған соң әдеттегі жарыссөз орнына бұл жолы залда отырған жұртшылықпен әңгіме-кеңес құруға ниет етілді. Мұндай үрдіс жиналғандар тілеуінен шығып, жан-жақтан сұрақтар қоюшылар, ұсыныс-тілектерін білдірушілер микрофон алдына тізілді.
Сұрақ кезегі алдымен тиген Ақтоғай ауданының тұрғыны Мұрат Қасымов осы жақтан Балқашқа дейінгі жолдың ескіруіне байланысты оның жөнделуі қажеттігін жерлестері атынан жеткізіп тұрғандығын айтты. Мұның алдында ауданда болғанда жолдың жайымен тікелей танысқанын, сондықтан бұл мәселе назарда екенін ескертті әкім. Еңбек ардагері Виталий Моргиннің облыс орталығындағы көшелер мен аулалардың көгалдандырылуы кезіндегідей көлемде жүргізілмейтіндігі, бұл шараға бұрынғыдай барша қауым жаппай тартылуы керектігі ойы қолданды.
Владимир Огарков Астана-Қарағанды бағытындағы жолдың тарлығын, көліктер ағыны өсе түскенін айтып, оның кеңейтілетіндігі жөнінде естіліп қалып жүрген сөздің мәнісін сұрады. Шынында, мұндай жоба бар деген әкімнің 4 жолақты кең жолдың құрылысы келесі жылы басталатындығы көпшілікке қуанышты хабар болды.
Теміртаудағы “Отражение” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Людмила Куртавцеваның қала экологиясының тұрғындар көңілін қатты алаңдатып отырғаны туралы сұрағына “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына бұл мәселе бойынша талап қатаңдатылғаны, металлургиялық комбинатта газды тазартатын қондырғы орнатылатындығы, қоршаған ортаны қорғаудың басқа да шаралары қолданылатындығы жайлы нақты жауап берілді.
Сұрақтың қай тілде қойылуына қарай әкім жауабын сол тілде беріп, мән-жайға жете қанықтырды. Біраз мәселелер жиын үстінде шешімін тауып жатты.
– Елбасының біздің облысқа деген әрдайымғы биік сенімі мен үлкен үміті баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Алда Жеңістің 65 және Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерекелері келе жатыр. Қос елеулі оқиға құрметіне қарағандылықтар тартуы сүбелі болады ғой деп ойлаймын. Келесі жылы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы. Әр аудан соған арнап өз өңірлерінде жұртқа ортақ сый ұсынса, одан артық кәде болмас еді, – деп қорытындыланған жиын қол шапалақтаумен аяқталды.
Есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек қатысты.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.