Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту деп қарастырылғаны да белгілі.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басымдық берілген міндеттердің бірі де осы адами капиталға қатысты болып отыр.
Адами капитал деген не? Әдетте, капитал десе біздің ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасындағы түсінік келеді. Ал бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз – адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. Демек, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемдегі ғылыми мәні жоғары оқулықтардың өзге тілден қазақ тіліне аударылуы бәсекеге қабілетті маман дайындауда мол септігін тигізетіні сөзсіз.
Бұл жобаны іске асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылып, қазіргі таңда 18 оқулық қазақ тіліне аударылды. Сонымен қатар кітаптардың 42 елде 34 тілде 47 миллион данамен жарық көргені де ескерілді. Құнды оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып және тегін тарату – теңдесі жоқ тәжірибе екендігін ескеруіміз қажет.
Аударылған оқулықтардың ішінде психология ғылымы бойынша Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» атты оқулықтар психология саласын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар мен оқытушыларға және психология пәнін арнайы оқитын жоғары оқу орнының студенттері мен аталған ғылымға қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Аталған кітаптардың ғылыми маңызына тоқтала кетсек, біріншіден, Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология» оқулығы әлемдік деңгейдегі үздік психологиялық шығармалардың бірі. Екіншіден, «Әлеуметтік психология» жеке пән ретінде ЖОО-да оқытылса да, бірақ осыған дейін қазақ тілінде әлеуметтік психология бойынша кең ауқымда жан-жақты қамтылған оқулық жоқтың қасы еді. Үшіншіден, әлеуметтік психология екі ғылым саласының әлеуметтану мен психология ғылымдарының бірігуі негізінде пайда болған психология ғылымының бір саласы. Демек, әлеуметтік психология қазіргі қоғамның қарқынды дамуына, әртүрлі топтағы жеке тұлғаның рөлі мен орнын түсінуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік психология» оқулығының мазмұны ерекше және тараулары, бөлімдері авторлық өзіндік бір мәнерде орындалған. «Олай дейтін себебіміз, әлеуметтік ортада байқалатын, дамитын, өзгеретін психикалық құбылыстар алдымен мысалдар арқылы сипатталады. Осыдан кейін ол талданып, негізгі ұғымдарына анықтама беріледі; ғалым-зерттеушілердің ұстанымы таныстырылады; қорытынды жасалады; түрлі эксперимент келтіріліп, түсіндіріледі; дерек көздерге сілтеме жасалады; бейнелік сурет-кесте-сызбалар; тапсырма-сұрақтар; қорытынды да қамтылады».
Сонымен қатар бізге ұсынылған бұл ғылыми оқулықтың мазмұнындағы психологиялық кейбір терминдерді синонимдермен беріп, түрлі мағынасы болатыны да ескерілді. Мысалы, «сенім» мен «илану», «көндігу» мен «мойынсұну», «сендіру» өзара мағыналас болғанымен, бұл тұлға ерекшеліктерінің заңдылықтарына, механизмдеріне байланысты түрліше анықталады. Сондықтан әлеуметтік психология ғылымына жаңа терминдердің енуі деп түсініп, сөздік қордың молаюына септігін тигізеді деп толық айтуға болады.
Қазіргі таңда еліміздегі психология ғылымының бастауында тұрған профессор Қ.Б.Жарықбаевтың «күні бүгінге дейін түрлі деңгейде орта білім беретін мектептердегі шәкірттердің психология негіздерінен мағлұматы мардымсыз екені хақ. Өйткені, бұл ғылым саласы жеке пән ретінде оқытылмай келді. Осының салдарынан шәкірттеріміз ойлау, сөйлеу мәдениетіне шорқақ, мінез-құлық, ерік-жігер, сезім саласынан сауаттары төмен болғанын жасыруға болмайды» деген пікірін басшылыққа алсақ, тәржімаланған психология оқулықтары жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар, қалың оқырман қауымға да қызықты болары сөзсіз. Себебі бұл оқулықтар адамның сыртқы ортаға бағынуы, жағдайға мойынсұнуы, өзін-өзі ақтап алуы, көзсіз сенімге еруі, ұнатуы, ашуға бой алдыруы, үгіт-насихат жетегінде кетуі сияқты маңызды факторларды нақты мысалдар арқылы саралайды. Соның нәтижесінде әлеуметтік психологияның ғылыми сала ретінде ұстанымдарының жай-жапсарын атүсті, жалпылама, үстірт ұқпай, осы саладағы ғылыми деректерді ұғына білуге жағдай туғызады. Сол себепті университет пен орта оқу орындары студенттерінің жай ақылшысы, қолдан түспес кітабы болып қана қоймай, ретті жерінде қамқоршы тәлімгердің игі міндетін атқарар оқулық болады деген ойдамын.
Қарас ҚАЗИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты