Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Асхат Аймағамбетов: «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің 98,4%-ы білімдерін растады

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында 2017-2018 оқу жылының қорытындылары және ҰБТ-2018 басталуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. 

Асхат Аймағамбетов: «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің 98,4%-ы білімдерін растады

Шараға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов қатысты.

«Жалпы еліміздің барлық мектептерінде оқу жылы ойдағыдай аяқталды деп айта аламыз. Мемлекеттік емтихандар тапсырылып күні кеше ғана мектептің барлық түлектері өздерінің аттестаттарын қолдарына алды. 2017-2018 оқу жылында 147 023 түлек орта мектепті бітіріп, 29 мамыр - 9 маусым аралығында қорытынды аттестацияны тапсырды. Еліміздің 7 мыңнан астам оқу ошақтарында 2 млн 900 мың оқушы оқиды. Сонымен қатар осы жылы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 6 892 түлектің 6 780-і (98,4 пайызы) өз білімдерін растап, «Алтын белгі» төсбелгісін алды. Үздік аттестатқа үміткер 4966 үздік бітірушінің 4915-і (99 пайызы) өз білімдерін растады. Биылғы оқу жылында 1,2,7 сынып оқушылары жаңартылған білім жүйесінің оқулықтарымен білім алды. Оқушылардың білім сапасы жақсарды. Жалпы, оқу жылы жақсы көрсеткіштермен, сәтті аяқталды», деді Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол Электронды журнал енгізілгеннен кейін ел ішінде қызу талқылау орын алып, кейбір білім беру мекемелерінде электронды түрде де, қағаз түрінде де екі түрлі жұмыс жасап жатырмыз деген шағымдар түскенін жеткізіп, министрлік тарапынан мәселені шешу жұмыстары жасалып жатқанын атап өтті.

«Егер мектепте электронды журнал қолданса, онда қағаз күйінде қолданылмайды. Ал, кең жолақты интернет жоқ елді мекендер журналдың қағаз жүзіндегі нұсқасын қолдана береді. Айта кететін тағы бір жайт, биыл ҰБТ 15-рет өткізілгелі отыр. Осы жылдың ішінде еліміз де, мектептер де тестілеу жүйесін толық игерді. Осы жылғы тест талаптарында өзгеріс жоқ. Балалардың ойлау жүйесін дамыту үшін тест сұрақтарын 50 пайызын жаңарттық», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»