14 Желтоқсан, 2011

Жүздесу

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Шым­кент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ коллед­жінің мәжі­ліс залында бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, заңгер Әкім Ысқақпен «Көк тудың желбірегені» атты кездесу болып өтті. Бұл кешке қаладағы өзге де жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қайраткердің еліміз егемендік алған алғашқы жылдар­да­ғы «Халықтың көші-қоны ту­ра­лы» заң жобасының дайындалу барысы, мемлекеттік тіл мәсе­лесі, ел рәміздеріне қатысты және т.б әңгімелері студенттер қауымының шынайы қызығу­шы­лығын тудырды. Өздерін толғандырған сұрақтарына студенттер бұдан кейін де то­лым­ды жауап алды. Кеш бары­сында қаламгердің қарасөздері мен өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Жастар оның «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүр­мін», «Өмір, сені сүйемін!», «Махаббат хаттары» атты кі­тап­тарына талдау жасап, он­да­ғы шығармалардың мән-мағы­на­сын ашуға тырысты. Кездесуге қатысқан қаламгерлер Ерсін Қойбағаров, Захардин Қыс­таубаев, Жазира Күзенбаева, Алтынай қажы Таубайқызы және т.б. сөз орайында өз ой­ларын ортаға салды. Республикалық Қажымұқан атындағы қордың атқарушы директоры Құрманәлі Жылқы­ба­ев қазақтың балуаны Қ.Мұ­ңайтпасов жөнінде бірқатар зерттеу еңбектер жазған Әкім Ысқақты «Қажымұқан» меда­лі­мен марапаттаса, колледж жастары атынан сөз сөйлеген Балнұр Шырынбекова жастар комитетінің шешімімен Әкім Әбдіхайымұлына «Жастардың сүйікті жазушысы» деген атақ берілгендігі жөніндегі дип­ломды тарту етті. Кездесу автордың «Көк ту­дың желбірегені» деген әнімен қорытындыланды.

«Егемен-ақпарат».