Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы біліктілік комиссиясы судьялыққа кандидаттардан олардың білім деңгейін айқындау үшін біліктілік емтиханын қабылдады. Комиссияның отырысына байқаушылар ретінде «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері – Парламент Сенатының депутаты И. Әміров және «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Б.Әшітов қатысты.
Комиссияның регламентіне сәйкес біліктілік емтиханын тапсыру екі кезеңге бөлініп, заңнаманы білуге компьютерлік тестілеу және емтихан билеттері бойынша үміткердің білімін тексеруден тұрды. Заңнаманы білуге арналған тест 100 сұрақты құрады. Оған 90 минут уақыт бөлінді. Емтихан билетінде төрт сұрақ бар. Тестілеу кезінде 70 және одан да көп балл жинаған адам заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестіні тапсырды деп есептеледі. Ол екінші кезеңге жіберіледі. Емтихан билеттері бойынша үміткердің білімін тексеру кезінде комиссияның әрбір мүшесі әр сұрақ бойынша жеке-жеке бес балдық жүйемен баға қояды, содан кейін орташа арифметикалық бағасы шығарылады.
Біліктілік емтиханын тапсыру үшін аймақтардан 162 кандидат шақырылды, 90 кандидат қатысты. Компьютерлік тестіні тапсырудың бірінші кезеңінен 51 кандидат өтті. Олардың ішінен 20 кандидат екінші кезеңге өте алмады. 90 кандидаттың ішінен судья лауазымына біліктілік емтиханын 31 үміткер тапсырды. Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі алты жылға жарайды, ал емтихандарды тапсыра алмаған адам оларды қайта тапсыруға бір жылдан соң жіберіледі.
«Егемен-ақпарат».