14 Желтоқсан, 2011

Суретшілер сыйлығы

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Назарларыңызға ұсынылып отырған кітап – Қазақстан суретшілерінің Тәу­елсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына тартуы. Мұнда ұсынылған картиналар – осы жылдары жазылған шығармалардың бір парасы ғана. Теңіздің дәмін там­­шы­дан да білуге болатынындай, азат елдің еркін өнерпаздарының еңбегін қалың көрермен өзі бағалай жатар». «Журнал «Made in Kazakhstan» ЖШС» осы күн­дер­де жа­рыққа шығарған «Ұлы дала мә­не­рі» атты альбомға жазылған алғы­сөзі­нің соңында Қазақстан Суретшілер ода­ғы басқар­ма­сының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков осылай дейді. Иә, бұл альбом – азат елдің еркін өнер­паздарының торқалы тойға тамаша тартуы. 200 беттік көлемді кітап-альбомда Қазақстан суретшілерінің жаңа заманда жаңаша жазылған туындылары топ­­тастырылған. Мұндағы шығармаларға, аннотацияда айтылғанындай, еркіндікті аңсаған ұлт тұлғаларының арман-аңса­ры, ынтымақ пен татулықты мұрат тұт­қан бұқара халық бейнесі, өмірдің өзегі – махаббат пен сүйіспеншілік арқау бол­­ған. Альбомдағы картиналардың дең­гейі Қазақстан бейнелеу өнерінің тәуелсіздік жылдарында кемелдік ке­зе­ңіне аяқ бас­қа­нын анық дәлелдейді. Кі­таптағы: «Қа­зақ­стан суретшілері бүгінгі таңда өз еңбектерін емін-еркін дүниенің қай түк­пірі болса да апарып көрсетіп жүр. Сөй­тіп, Қазақ елінің алуан түрлі таби­ғатын, оның адамдары мен әдет-ғұрпын таныс­ты­рып жатыр. Осы орайда, шетел асқан суретшілердің шығар­машылығы Еуропамен терезесі тең бе деген сұраққа мысал келтірейік. Ерболат Төлепбай 2004 жы­лы Париж қала­сында ХХ ғасыр­дың ең әйгілі суретшісі Сальвадор Дали шығар­маларымен бірге, өз еңбектерінің көрме­сін өткізді. Бұл көрме біз үшін өнердегі қайталанбас сәттердің бірі бо­л­д­ы» деген жолдар осы ойдың айқын айғағы. «Егемен-ақпарат».