Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

636 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы қаралды.

Адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

Заң жобасы білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықты іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға тегін негізде заң көмегін алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету және адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіру мақсатында әзірленді.

Заң жобасымен адвокаттар алқасының және заң консультанттары палатасы басқару органдарының құрылымы, оларды қалыптастыру тәртібі және олардың құзыреттері айқындалады. Бұл ретте адвокаттар алқасы президиуымының төрағасы мен мүшелері үшін төрт жылдан аспайтын, ал алқалық басқару органы мен заң консультанттарының атқарушы басқару органы үшін – олардың жарғысымен өкілеттік мерзімі белгіленеді.

Адвокаттар алқасына және заң консультанттары палаталарына оларға мүшелікке қабылдау шарттары, заң көмегін көрсету стандарттары және оларға мүшелікке қабылдау кезінде кіру жарналарын төлеуге тыйым салу белгіленеді.

Заң жобасымен:

- заң көмегін көрсету жөніндегі қызметті реттеу және өз мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау мақсатында құрылған, заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізілген, мүшелік шарттарында кемінде елу заң консультантын біріктіретін, міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым заң консультанттарының палатасы болып танылатыны;

- жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң консультанттары палатасының  мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін жеке тұлға заң консультанты болып табылатыны белгіленген.

Заң консультантының соттарда тұлғалардың мүдделерін білдіру түрінде заң көмегін көрсету үшін заң консультанттары палаталарының бірінің мүшесі болу міндеті де регламенттеледі.

Уәкілетті орган заң көмегін көрсету саласында заң консультанттары палаталарының Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасы қағидаларының және стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын орындауына бақылауды жүзеге асырады.

Заң жобасымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу үшін заң консультанттарының қызметін міндетті сақтандыру институты қолданысқа енгізіледі.

Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

Заң жобасымен заңдары мен заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Қылмыстық-процестік кодексiнде және «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» заңында адвокаттық ордерді қолдану алып тасталады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде адвокаттың сұрау салуы бойынша мәлiметтердi белгiленген мерзiмдерде ұсынудан бас тартқаны үшін жауаптылыққа тартылатын адамдардың тізбесіне заңды тұлғалар енгізілді.

Заң жобасымен «Нотариат туралы» заңына:

- нотариус лицензиясының қолданысын кәсiпкерлiк немесе ақы төленетін өзге қызметпен айналысқан, мерзімді әскери қызметті өткерген және нотариус өзінің өтініші негізінде өкілеттіктерін орындамаған кезеңде тоқтата тұруды;

- нотариустың төрелік талқылауда төреші болып сайлануға (тағайындалуға) құқығын;

- жеке практикамен айналысатын нотариустың тәртіптік жауаптылығын көздейтін толықтырулар енгізіледі.

Заң жобалары Палатаның қарауына ұсынылды.