Үкімет • 21 Маусым, 2018

Польша делегациясы Астанаға ресми сапармен келді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 28 қаңтарда Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі брифингі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Польша Республикасы Президенті Анджей Дуда бірқатар келісімдерге қол жеткізген болатын. Сол келісімдерді дамыту мақсатында аталмыш елдің мемлекеттік органдарының басшылары мен іскер топтар өкілдерін қамтитын Польша делегациясы Астанаға ресми сапармен келді.


Польша делегациясы Астанаға ресми сапармен келді

Сапар аясында Экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның отырысы және Қазақстан-Польша бизнес форумы өтті. Сондай-ақ Польша делегациясы Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік тау-кен конгресіне де қатысуда.

Осы іс-шараның аясында Қазақстан Прези­дентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хат­шысы Нұрлан Ермекбаев Польшаның Ұлттық қауіп­сіздік бюросының директоры Павел Солохпен кездесу өткізіп, түрлі мәселелерді талқылады. Қос тарап жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті тұстарын, ағымдағы тәуекелдер, «шиеленісті нүктелерде» орын алып отырған жағдайлар бо­йынша пікір алмасты. Кездесу барысында Нұрлан Ермекбаев екі елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретіндегі белсенді ынтымақтастығын атап өтті. Сонымен бірге еліміздің аймақтық қауіпсіздік құрылымдарының қызметіне және БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуға қатысты көзқарасын түсіндірді.

Өз кезегінде Павел Солох Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді төрағалығын және Мемлекет басшысының жаһандық қауіпсіздік саласындағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалап, осылайша Қазақстанның бүкіл Орталық Азия аймағының мүддесін қорғап келе жатқандығын жеткізді.

Қазақстан мен Польша тарабы экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың бірлескен шараларын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ынтымақтастық аясын кеңейтуді, сондай-ақ Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы жағдайлар туралы егжей-тегжейлі талқылады.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»