Тәуелсіздік тойы жан жадыратқан жақсылықтармен толығуда. Соның бірі – Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылында басталған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін стратегиялық маңызды нысан құрылысы. Газ бөліп-тарататын станса аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтуды алдағы жылдан бастайды.
«Азия Газ NG» ЖШС, «Газагроммаш» зауытының Қазақстандағы ресми өкілдігі және аудан әкімі мен ауыл тұрғындары газ бөліп-тарататын стансаның іргетасының құйылуына қатысып, ізгі ниеттерін білдірді.
«Азия Газ NG» серіктесі Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айтылған міндеттер мен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын басшылыққа алып, халықтың тұрмысын жеңілдететін өзекті жобаны жүзеге асыруға кірісті. Серіктестік бағдарлама аясында облыс елді мекендерін газбен қамтуды жоспарлап отыр.
«Шарын» газ бөліп-тарату стансасының құрылысы ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етумен қатар аудандағы кәсіпкерлік нысандарын да газдандырады. 2012 жылдың наурызына дейін мұнда 50 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Жалпы жобаны жүзеге асыру 8 жылға жоспарланса, құны 6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына 100 адам тартылған. Алдағы кезде жастарды кәсіби оқыту жоспарланғаны қуантады.
Жобаны жүзеге асырудың екі кезеңінде 594 метр болатын магистралды газ құбырының құрылысы, «Шарын» газ бөліп-тарату стансасын салу, Шонжы ауылын қоса алғанда, бірқатар елді мекендерге және «КазРосБройлер» құс фабрикасына ұзындығы 60 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры құрылысын жүргізу мен басқа да жұмыстар қарастырылған.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.