Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуін өткізді

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуін өткізіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттап жүргізіліп жатқан реформалар саласында министрлік қоғам үшін барынша ашық екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің сөзінде Қаржы министрлігінің қызметі туралы, оның ағымдағы міндеттері мен болашақ бағыттары туралы айтты.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуін өткізді

«Қаржы жүйесінің еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму процестеріндегі рөлі маңызды екені баршаңызға мәлім. Салық жи­наудан бастап шығыстарды қаржы­лан­дыруға дейін оның атқаратын міндет­тері өте кең. Жұмыстардың аясына қазына­шы­лық, банкроттық, кедендік және салық­тық әкімшілендіру, қаржы мони­торингі, бухгалтерлік есеп пен аудит, мем­лекеттік сатып алу мен мүлікті бас­қару мәселелері және тағы басқалар кіреді. Бюд­жеттік ақпараттың көпшілікке қол­жетім­ділігін бағалау бюджеттің ашықтығы индек­сімен өлшенеді. Бюджеттің ашықтығын зерттеуге Қазақстан оң серпін көрсете оты­рып, 2008 жылдан бастап қатысады.

Мә­се­лен, 2016 жылы Қазақстан орташа әлем­дік көрсеткішті 42 балға көтере отырып, бюджеттің ашықтығы индексін 53 балға дейін көтерді. Азаматтарды бюджет процесіне тарту үшін министрлік бюджеттік құжаттардың азаматтық нұсқасын да жариялайды. Бюджеттік деректерді жариялау – бұл тек бірінші қадам екенін атап өту керек. Екінші – анағұрлым күрделі қадам азаматтарды бюджеттік мәселелерді талқылау процесіне тартуды білдіреді. Қоғаммен байланыс орнату үшін министрліктің сайтында бюджеттік шығыстардың басым бағыттарын қоса алғанда, оны жоспарлау және атқару мәселелері талқыланатын форумдар өткізу мүмкіндігі көзделген. 2018 жылдан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің 4 деңгейі енгізілгенін сіздер білесіздер. Біздің қазынашылық ақпараттық жүйелерінде функционалын кеңейту бойынша пысықтау жүргізілді. Бірінші кезеңде 1062 жергілікті өзін өзі басқару үшін өңірлердің жаңа алты мәнді коды берілді, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару бюджеттерінің қаражаттарын бақылау шоттары ашылды», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол бұл үшін 2017 жылы өзара іс-қимыл жасасатын ведомство­лар­мен бірлесіп, өңірлерде топтық форум­дар өткізілгенін, аудандық маңы­зы бар қала­лардың, ауылдардың, кенттер­дің, ауыл­дық округтердің әкімдері аппарат­тарының 5075 маманы оқытылғанын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Үкімет мем­лекет-жекеменшік әріптестіктігі дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізіп келеді. 2018 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін 12 шарты тіркелді, оның ішінде 610,7 млрд теңге сомаға республикалық жобалар бойынша 4 шарт, 161,1 млрд теңгеге жергілікті жобалар бойынша 208 шарт жасалды. Мемлекеттік қызмет көрсету мен әкімшілендіру цифр­лы форматқа ауыстырылады. Бизнес-процестерді жеңілдету және жылдам­дату үшін біз жыл сайын автоматтандырыл­ған рәсімдер үлесін ұлғайтып келеміз. Біз барлық уақытта фискалдық әкімшілен­діруді оңтайландыруды жүргіземіз, қашықтық­тан бақылауға калибрлеуді және баптауды өткіземіз. Тәуекелдерді басқару­дың жаңартылған жүйесі тексерулер санын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар камералдық бақылау бойынша хабарламаның дұрыстығын арттырады», деді Б.Сұлтанов.

Қаржы министрінің сөзінше, 2016 жылы 78 мың тексеру жүргізілсе, ал 2017 жылы 43 мың ғана тексеру жүргізілген. Бұл 45 пайызға аз. Биылғы жылы сондай-ақ тексерулер саны қысқартылмақ екен. Сонымен қатар тексерулер сапасы мен тиімділігі жақсарған. Өткен жылдардың актілері бойынша өндіріп алуды ескере отырып, салықтық және кедендік тексерулер бойынша өндіріп алу 2016 жылы – 65 млрд теңгені, 2017 жылы 99 млрд теңгені құрапты.

«2017 жылы камералдық бақылау бо­йынша хабарламалар саны 72 мыңға немесе үш есеге қысқарды, бұл ретте 30 пайызға немесе 31 млрд теңгеге олар бойынша өндіріп алу өсті (жалпы өндіріп алу 123 млрд теңгені құраған). 2017 жылы тауарлардың кедендік құнына бақылау нәтижелері бойынша 63 мың кедендік құнның түзетулері жүргізілді, бұл ретте қосымша кедендік төлемдер мен салықтар 35 млрд теңгеге өндіріп алынды. Жанама, бірақ осы фактор қосылған құн салығы бойынша түсімдерді 11 пайызға ұлғайтты. Экспорттаушыларға 612 млрд теңгені қайтаруға қарамастан, қосылған құн салығы бойынша жалпы түсімдер 1 665 млрд теңге болды», деді ол.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»